Солтүстік Қазақстан облысында Ұлы Отан соғысының соңғы ардагері – Федор Васильевич Щеглов дүние салды. Бұл туралы облыс әкімі Ғауз Нұрмұхамбетов хабарлады.
Әкімнің айтуынша, оған 99 жасқа толуына небәрі бірнеше күн қалған, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Бүгін Ұлы Отан соғысының ардагері – Федор Васильевич Щеглов өмірден өтті. Ол – біздің облыстағы соңғы ардагер еді», – деп жазды ол.
«Өмірі – табандылық пен Отанға адалдықтың үлгісі»
Ғауз Нұрмұхамбетов марқұмның өмір жолын батылдық пен биік адамгершіліктің символына балады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Федор Васильевич соғысқа небәрі 17 жасында аттанған. 371-атқыштар дивизиясының құрамында соғыстың соңына дейін шайқасып, ерлік пен төзімділік танытты.
Соғыстан кейін ол құрылыс саласында еңбек етіп, елге бейбіт еңбегімен қызметін жалғастырды.
«Әр кездескен сайын жылы жүзбен қарсы алатын»
Әкім ардагерді жыл сайын барып, арнайы құттықтап тұрғанын айтты.
«Ол әрдайым жылы жүзбен қарсы алатын. Соғыс жылдары, майдандас достары жайлы әсерлі естеліктерімен бөлісетін. Оның әңгімелері өмірлік даналыққа, рухани күшке және Отанға деген шынайы сүйіспеншілікке толы еді», – деді ол.
Нұрмұхамбетовтың сөзінше, Федор Васильевич облыс халқы үшін әрдайым ерлік пен қайсарлықтың символы болып қала береді.
«Оны ұмытпаймыз. Бұл естелікті балаларымыз бен немерелерімізге жеткіземіз. Марқұмның туған-туыстарына көңіл айтам. Федор Васильевичтің жаны жәннатта болсын», – деп түйіндеді облыс әкімі.