14–15 ақпанға жоспарланған Dala.Camp Forum 2026 халықаралық мал өсірушілер форумы аясында Livestock Pitch атты арнайы питчинг-сессия өтеді. Бұл — мал шаруашылығы мен оған іргелес салалардағы жобаларға арналған, практикаға бағытталған диалог алаңы, деп хабарлайды DKNews.kz.
Livestock Pitch стартаптар, жұмыс істеп тұрған компаниялар, инвесторлар мен стратегиялық серіктестер арасындағы тікелей және мазмұнды әңгімеге арналған формат ретінде ұсынылып отыр.
Конкурс емес, нақты әңгіме
Ұйымдастырушылар Livestock Pitch-тің байқау емес екенін ерекше атап өтеді. Мұнда жүлделі орындар да, инвестиция салуға міндеттейтін шарттар да жоқ. Басты мақсат — жобаларға өз шешімдерін, экономикасын және даму жоспарын шынайы қызығушылық танытатын тараптарға түсінікті түрде ұсынуға мүмкіндік беру.
Форумның ұйымдастыру комитетінің басшысы, Қазақстандық Turan мал өсірушілер қауымдастығының Басқарма төрағасы Жәнібек Кенжебаевтың айтуынша, бұл формат саладағы нақты сұраныстан туған.

«Мал шаруашылығында идеялар мен бастамалар көп, бірақ оларды қолдану мүмкіндігі, нақты сандар мен даму сценарийлері тұрғысынан талқылайтын алаң әрдайым бола бермейді. Livestock Pitch дәл осындай кеңістікті қалыптастырады және идеядан немесе дайын бизнестен нақты келісімдерге дейінгі жолды қысқартады».
Не туралы айтылады
Питчинг барысында қатысушылар:
- қандай мәселені шешіп отырғанын,
- нарыққа не үшін қажет екенін,
- шаруашылықтарға, қайта өңдеу немесе экспорт бағытына қандай әсер беретінін ашық әрі нақты түсіндіреді.

Инвесторлар мен серіктестер үшін Livestock Pitch — таңдалған жобаларды бір жерде көріп, тәсілдерді салыстырып, болашақ ынтымақтастық бағыттарын анықтаудың тиімді жолы.
Кімдер қатыса алады
Livestock Pitch-ке:
- MVP, пилот немесе ерте даму сатысындағы стартаптар,
- операциялық қызметі, кірісі мен активтері бар жұмыс істеп тұрған компаниялар қатыса алады.
Жобалар форумның ұйымдастыру комитеті жанындағы сараптамалық топ арқылы ашық критерийлер мен бекітілген регламент негізінде іріктеледі. Нәтижесінде 10 жобаға дейінгі short-list жасалып, олар форумның іскерлік бағдарламасында ұсынылады.
Жәнібек Кенжебаев форматтың басты ерекшелігіне тоқталды:
«Livestock Pitch-ті біз саланы дамыту туралы әңгімені жалпы сөз деңгейінде қалдырмау үшін өткіземіз. Нақты жүзеге асырылатын жобалар мен шешімдер арқылы мал шаруашылығына шынайы әсер еткіміз келеді».
Қашан және қалай қатысуға болады
Livestock Pitch-ке өтінімдер 15–26 қаңтар аралығында қабылданады. Ал жобалардың финалдық питчингі 15 ақпанда, Dala.Camp Forum 2026-ның іскерлік бағдарламасы аясында өтеді.
Dala.Camp Forum 2026 туралы
Dala.Camp Forum 2026 — Қазақстандағы етті мал шаруашылығының болашағына арналған кәсіби диалог алаңы. Форум:
- фермерлер мен шаруашылық иелерін,
- репродукторлар мен қайта өңдеушілерді,
- инвесторлар мен экспорттаушыларды,
- сала сарапшылары мен халықаралық ұйым өкілдерін біріктіреді.

Форумның ұраны — «Қазақстанның ет индустриясындағы ірі қара: болашақтың жол картасы».
Қатысушыларды панельдік пікірталастар, нарық көшбасшыларының нақты кейстері, шаруашылықтардың шынайы мәселелерін талдау және кең көлемді нетворкинг күтіп тұр.
Толық ақпарат forum.dalacamp.kz ресми сайтында қолжетімді.