Экономика қысым мен белгісіздік жағдайында дамымайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында осыны ашық айтты. Кәсіпкерлерге тек талап емес, айқын ереже, сенім және мемлекеттің шынайы қолдауы қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бүгінде бұл ұстаным сөз жүзінде емес, нақты істе көрініс таба бастады. Алматы қаласында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік органдармен бірлесіп, бизнесті қорғаудың жаңа тәжірибесін қалыптастырып келеді. Бұл - есеп үшін жасалатын формализм емес, кәсіпкерлер күнделікті сезетін нақты өзгерістер.
Қылмыстық қысым азайды, сенім артты
Соңғы жылдары іскерлік ахуалға тікелей әсер еткен бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Жекелеген экономикалық құқықбұзушылықтар қылмыстық санаттан шығарылды. Салық берешегі ерікті түрде өтелген жағдайда қылмыстық іс тіркеу шектелді. Ұйымдасқан қылмыстық топтар туралы нормаларды кәдімгі шаруашылық қызметке қолдану тәжірибесі алынып тасталды.
Маңызды өзгерістің бірі - бұлтартпау шараларына қатысты. Кепіл басым шара ретінде бекітіліп, кәсіпкерлерге бизнесін тоқтатпай, жұмысын жалғастыруға мүмкіндік берілді.
Нәтиже көп күттірмеді. Кәсіпкерлік саласындағы қылмыстық істер саны шамамен 58 пайызға қысқарды. Баламалы бұлтартпау шаралары кеңінен қолданыла бастады, ал соттардың қамауға алу туралы өтініштерді қанағаттандыру үлесі 63,5 пайызды құрады.
Бизнес үшін бұл - болжамдылық пен сенім. Экономика үшін - сақталған кәсіпорындар, жұмыс орындары мен инвестициялар.
Статистика емес, тағдырлар
Өңірлік деңгейде де өзгерістер нақты сандармен өлшенеді. 2025 жылы Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесі 14 отырыс өткізді. Алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 12 болған. Қаралған мәселелер саны 22-ден 33-ке дейін өсті. Соның 21-і бойынша нақты шешім қабылданды. Жалпы тиімділік 40 пайызға артты.
Осы кезеңде 17 129 кәсіпкердің құқықтары қорғалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,27 пайызға көп. Қорғалған мүліктік мүдделердің жалпы сомасы шамамен 5 млрд теңгеге жетіп, 10 пайыздан астам өсім көрсетті.
109 заңсыз нұсқама мен 264 заңсыз профилактикалық бақылау нәтижелері жойылды. Бұл тек қағаз жүзіндегі жеңіс емес. Бұл - сақталған бизнес, тоқтатылмаған келісімшарттар, күйремеген кәсіпорындар. 80 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жеті есе көп.
Соттағы қолдау және нақты кейстер
Кәсіпкерлер үшін ең ауыр кезеңдердің бірі - сот процестері. Осы бағытта да Палата белсенді жұмыс атқаруда. Оның өкілдері сот отырыстарына қатысып, жалпы сомасы 48 млн теңгеге кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғады.
Сонымен қатар, бірқатар әкімшілік істер, оның ішінде сот тәртібімен де, тоқтатылды. Бұл кәсіпкерлер үшін ең маңызды сигналдардың бірі - олар жүйемен бетпе-бет қалмайды.
Диалог бар жерде қысым азаяды
Бүгінде Алматыдағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бизнес пен мемлекет арасындағы ашық диалог алаңы болып отыр. Мұнда кәсіпкерлер өз құқықтарын қорғау, кеңес алу, күрделі құқықтық және әкімшілік мәселелер бойынша сүйемелдеу ала алады.
Әрбір өтініш жеке қаралады. Салалық сарапшылар мен мемлекеттік органдардың қатысуымен нақты шешім ізделеді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, кәсіпкер жалғыз қалмайды - оны тыңдайды, сүйемелдейді және заңды жолмен көмектеседі.
Алда - шынайы оқиғалар
Бизнесті қорғау жұмысы мұнымен тоқтамайды. Жақын уақытта «Атамекен» палатасы жұртшылықты нақты кейстермен таныстыра бастайды. Бұл - есеп үшін емес, диалог, құқық және жауапкершілік нақты нәтиже берген шынайы оқиғалар.
Осындай қадамдар арқылы бизнестің жаңа ортасы қалыптасуда. Қорқынышсыз, айқын ережелермен және ертеңгі күнге деген сеніммен.