Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігі соңғы жылдары экономиканың маңызды бөлігіне айналды. Бірақ бизнесті жүргізу тек идея мен табандылыққа ғана емес, заңнаманы уақытында түсініп, өзгерістерге бейімделе білуге де байланысты. 2026 жыл осы тұрғыда кәсіпкер әйелдер үшін бірқатар жаңа талаптар мен мүмкіндіктер әкеліп отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Батыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында өткен Әйелдер кәсіпкерлігінің салааралық кеңесінің алғашқы отырысы осы өзгерістерді ашық талқылауға арналған алаңға айналды.

Әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау неге маңызды
Кездесуді БҚО Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынова жүргізді. Ал құттықтау сөзді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» директоры Мақсат Құланбаев сөйледі.
Ол өңірде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуда Іскер әйелдер кеңесінің рөлін ерекше атап өтіп, заңнамалық өзгерістерді түсіндіру бағытындағы бастамаларды қолдайтынын айтты. Оның сөзінше, бизнес үшін ең қауіптісі - ақпараттың жетіспеуі. Ал дер кезінде берілген түсіндірме кәсіпкерлерді айыппұлдан да, қателіктен де сақтайды.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және 4 пайыздық салық
Жаңа Салық кодексіндегі негізгі өзгерістерді БҚО Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс басқармасының басшысы Оксана Нигметуллина баяндады.
Ең көп сұрақ тудырған тақырып - өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Бұл санаттағы азаматтар үшін жеке табыс салығы 4 пайыз мөлшерінде белгіленген. Алайда жылдық табыс 300 АЕК-тен аспауы тиіс.
Маңызды жайт - алғашқы чекті берген сәттен бастап адам автоматты түрде өзін-өзі жұмыспен қамтыған мәртебесін алады.
Сонымен қатар, негізгі қызмет түрі бойынша оңайлатылған декларация негізіндегі салық режимі қолданылатыны айтылды. Бұл режим бұрынғы бөлшек салық пен оңайлатылған режимді біріктірді.
Спикер ОКЭД бойынша көшу, есеп жүргізу, оңайлатылған режим аясындағы есептеулер секілді практикалық мәселелерге де тоқталды.

«Халық бухгалтері» - тегін кеңес алудың жолы
Бухгалтерия жүргізбейтін, бірақ кәсіби кеңеске мұқтаж кәсіпкерлер үшін де пайдалы ақпарат айтылды. Қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының базасында дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері «Халық бухгалтері» акциясы өткізіледі.
Бұл акция аясында Қазақстан бухгалтерлер қауымдастығының мамандары кәсіпкерлерге тегін кеңес береді.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлар және 15 пайыздық шектеу
Сауда қызметін реттеу туралы заңдағы өзгерістерді БҚО Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Киматова таныстырды.
Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі 19 атаудан 31 атауға дейін кеңейтілген. Осы тізімге кіретін барлық тауарларға сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы тиіс.
Бұл талапты бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Қайталанған жағдайда айыппұл көлемі 10 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін өседі.
.jpg)
Қазақстандық тауарларға сөре беру міндеті
2026 жылдан бастап сауда саласындағы ең маңызды жаңалықтардың бірі - отандық тауар өндірушілерге сөре беру талабы.
Мемлекеттік қолдау алған сауда субъектілері сөрелерінің кемінде 50 пайызын қазақстандық тауарларға бөлуге міндетті. Ал мемлекеттік қолдаусыз жұмыс істейтін сауда желілері үшін бұл көрсеткіш 30 пайызды құрайды.
Бұл талап азық-түлікке де, азық-түлік емес тауарларға да қатысты. Сауда нысандары жергілікті өндірушіге сөре беруден бас тарта алмайды. Бас тартқан жағдайда 100 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.
Заң бар, ал тәжірибе қандай
Алайда бұл норма бизнесвумендер арасында көп сұрақ туғызды. Кейбір қатысушылар сауда желілерінің сөре беруден бас тартатынын немесе тауарды көзге түспейтін, қолайсыз орындарға қоятынын айтты.
Кәсіпкер әйелдердің бірі өз тәжірибесімен бөлісіп, өнімін сата алмағандықтан кәсіпорнын жабуға, қызметкерлерін қысқартуға мәжбүр болғанын жеткізді. Оның айтуынша, тауар ұзақ уақыт қоймада жатып, кейін жарамсыз күйде қайтарылған.
Эльмира Киматова мұндай жағдайда шағымға міндетті түрде сауда нысаны иесінің жазбаша бас тартуы тіркелуі керек екенін түсіндірді. Дәлел ретінде хат алмасу скриншоттары мен дауыс хабарламалары да қабылданады.
.jpg)
Цифрлық ваучерлер және «үй маңындағы дүкендер»
Жиында тағы бір маңызды жаңалық айтылды. Үш өңірде сынақтан өткен цифрлық өндірістік ваучерлер жобасы биыл қарашадан бастап бүкіл ел бойынша енгізіледі.
Бұл жоба аясында кәсіпкерлер жергілікті атқарушы орган арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу үшін займ алып, оларды төмен бағамен сата алады. Әрбір АӘК алушы отбасы мүшесіне 1 АЕК көлемінде қаражат қарастырылады.
Жобаға «үй маңындағы дүкендер» де қатыса алады. Ол үшін сауда нысаны цифрлық ваучерлер платформасына қосылуы тиіс.
Диалог жалғасады
Жиын соңында Эльмира Киматова Іскер әйелдер кеңесіне түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырғаны үшін алғыс айтып, «Атамекен» палатасының ашық диалог алаңын ұсынудағы рөлін атап өтті.
Сонымен қатар, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілі бизнесті қолдаудың қолданыстағы шаралары туралы ақпарат берді.
Бұл кездесу бір нәрсені анық көрсетті: 2026 жылы бизнесвумендер үшін бастысы - заңды білу ғана емес, оны қалай қорғау керегін де түсіну. Ал мұндай ашық диалогтар әйелдер кәсіпкерлігінің тұрақты дамуына нақты серпін береді.