Жаңа салық режимдері: 1 наурызға дейін не істеу маңызды

935
Фотосурет: Максим Золотухин/DKNews.kz

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда арнайы салық режимдерін қолданудың жаңа қағидалары күшіне енді. Салық төлеушілерге таңдауды кейінге қалдырмау маңызды — тиісті режимді 2026 жылғы 1 наурызға дейін анықтау қажет, әйтпесе жалпыға бірдей салық салу тәртібіне автоматты түрде ауыстырылуы мүмкін, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл туралы Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде еске салды.

Арнайы салық режимдерінің үш түрі

2026 жылдың басынан бастап елде арнайы салық режимдерінің үш түрі қолданылады:

  • өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимі
  • оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимі
  • шаруа (фермер) қожалықтарына арналған арнайы салық режимі

Әрқайсысының қолдану шарттары мен көшу тәртібі әртүрлі.

Оңайлатылған декларация: хабарлама беру маңызды

Оңайлатылған декларация режимін қолдануды жоспарлаған салық төлеушілер 2026 жылғы 1 наурызға дейін қолданылатын салық режимі туралы хабарлама тапсыруы тиіс.

Егер бұл талап уақытында орындалмаса, салық төлеуші 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей салық салу тәртібіне автоматты түрде ауыстырылады.

Хабарламаны келесі тәсілдермен беруге болады:

  • Салық төлеушінің кабинетi арқылы (ИС ИСНА: «Құжаттарды беру» → «Қолданылатын салық режимі туралы хабарлама»)
  • e-Salyq Business мобильді қосымшасы арқылы («Сервистер» → «ЖК салық режимін ауыстыру»)
  • орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына қағаз түрінде
  • екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы

2025 жылы қате жібергендер үшін маңызды жайт

2025 жылдың соңында «өту» себебімен хабарламаны қате тапсырған салық төлеушілерге жағдайды түзету мүмкіндігі берілген.

2026 жылғы 12 қаңтардан бастап жүйеде «өту» себебімен хабарламаны қайта тапсыру мүмкіндігі қолжетімді. Мұндай жағдайда жаңа хабарламаны қайтадан ұсыну қажет.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар: ЖК ретінде автоматты түрде есептен шығару

2026 жылғы 1 наурыздан бастап салық органдары 2025 жылы келесі режимдерді қолданған салық төлеушілерді жеке кәсіпкер ретінде автоматты түрде есептен шығарады:

  • патент негізіндегі арнайы салық режимі
  • арнайы мобильді қосымшаны пайдалана отырып қолданылатын арнайы салық режимі

Есептен шығару күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып есептеледі. Сонымен бірге, өз еркімен есептен шығу туралы өтініш беру құқығы сақталады.

Егер салық төлеуші алдын ала хабарлама тапсырып, басқа салық режимін таңдаса, автоматты есептен шығару жүргізілмейді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимін қолданудың басталу күні e-Salyq Business мобильді қосымшасында алғашқы чектің қалыптастырылған күні болып саналады.

Шаруа қожалықтары: өтінішсіз ауысу

Шаруа (фермер) қожалықтары үшін арнайы салық режиміне автоматты түрде көшу көзделген.

Бұл көшу салық органдары арқылы 2026 жылғы 1 наурызға дейін жүзеге асырылады және ҚФҚ тарапынан хабарлама беруді талап етпейді.

Салық органдарының ұсынымы

Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті соңғы сәтке қалдырмай, өзіне ең қолайлы салық режимін алдын ала таңдауға кеңес береді. Қате таңдау немесе мерзімді өткізіп алу қосымша салық жүктемесіне және міндеттемелерді кері күшпен қайта есептеуге әкелуі мүмкін.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -