Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасында HoReCa салалық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиын барысында сала өкілдері есепті кезеңдегі жұмыс нәтижелерін қорытындылап, HoReCa сегментіндегі өзекті мәселелерді талқылады әрі алдағы жылға арналған басым бағыттарды айқындады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесу форматынан-ақ саланың күнделікті мәселелерін талқылаудан жүйелі даму моделіне көшуге деген ұмтылыс байқалды.
Кеңес қалай жұмыс істеді
Атқарылған жұмыс туралы есеппен HoReCa салалық кеңесінің төрағасы Дмитрий Инютин сөз сөйледі. Оның айтуынша, кеңес құрамында бүгінде 45 кәсіпкер бар, оның 17-сі тұрақты мүшелер санатына кіреді. Есепті кезең ішінде кеңес жұмысына бизнес қауымдастығынан тағы бес жаңа өкіл қосылған.
Жыл бойы салалық кеңес сегіз отырыс өткізген. Оның алтауы жұмыс форматындағы кездесулер болса, екеуі салалық басқармалар басшылары мен қала әкімінің орынбасарларының қатысуымен өткен.

Кеңес аясында барлығы 17 мәселе қаралып, олардың үшеуі бойынша нақты шешімдер қабылданды. Тағы он бір мәселе бойынша мемлекеттік органдар тарапынан ресми түсіндірмелер берілген.
Мемлекеттік қолдау және қауіпсіздік талаптары
Отырыс барысында мемлекеттік қолдау шараларына ерекше назар аударылды. Кәсіпкерлерге «Даму» қорының, «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының және бейінді басқармалардың қолданыстағы бағдарламалары таныстырылды.
Сонымен қатар HoReCa саласы үшін маңызды практикалық мәселелер де қозғалды. Атап айтқанда, желдету жүйелерін реттеу, өрт және санитарлық қауіпсіздік талаптары, тағамнан улану мен жедел ішек инфекцияларының алдын алу тақырыптары талқыланды. Бұл мәселелер қызмет көрсету сапасына да, тұтынушылардың сеніміне де тікелей әсер етеді.
Төраға қайта сайланды
Қолданыстағы төрағаның өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты салалық кеңесте ашық дауыс беру өтті. Дауыс беру нәтижесінде Дмитрий Инютин Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының HoReCa салалық кеңесінің төрағасы болып бір жыл мерзімге көпшілік дауыспен қайта сайланды.
Кеңес мүшелері оның төрағалық кезеңінде диалогтың күшейіп, сала мәселелерінің мемлекеттік органдар деңгейінде жүйелі түрде көтеріле бастағанын атап өтті.
.jpeg)
2026 жылға бағыт - сапа мен бедел
Отырыста HoReCa салалық кеңесінің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары да қаралды. Құжат Астананың туристік және инвестициялық тартымдылығын арттыруға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және салалық стандарттарды қалыптастыруға бағытталған.
Басым бағыттардың қатарында:
- Астананы халықаралық гастрономиялық рейтингтерде ілгерілету;
- HoReCa Astana салалық сыйлығын тағайындау;
- жеке деректерді қорғау жөніндегі заңнама талаптарын сақтай отырып, саладағы желілік қызметкерлердің репутациялық тізілімін құру.
Жоспарды іске асыру үшін арнайы жұмыс топтарын қалыптастыру және қабылданған шешімдердің орындалу барысына тұрақты бақылау орнату көзделіп отыр.
Қала имиджі HoReCa-дан басталады
Сала өкілдерінің пікірінше, HoReCa сегментінің дамуы Астананың туристік әрі іскерлік орталық ретіндегі беделіне тікелей әсер етеді. Қызмет көрсету сапасы, кадрлардың дайындығы мен ортақ стандарттардың болуы - елордаға келетін қонақтардың алғашқы әсерін қалыптастыратын негізгі факторлар.
HoReCa салалық кеңесінде алдағы кезеңнің басты мақсаты - ұсыныстар мен талқылаулардан нақты нәтижеге көшу екені атап өтілді.