Алматыда қоғамдық орындарда электрошокер көрсетіп, оны қолдану арқылы адамдарды үркіткен 34 жастағы қала тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ер адам құрылғыны адамдарға тікелей қолданбаған. Алайда оны түрлі заттарға пайдаланып, айналасындағыларға қауіп төнгендей әсер қалдырған және қорқыныш тудырған. Оның әрекеттері тіркеліп, қоғамдық тәртіпті бұзу ретінде бағаланды.
Полиция өкілдері мұндай мінез-құлықтың адамдар көп жиналатын орындарда дүрбелең туғызып, жағдайды тұрақсыздандыруы мүмкін екенін атап өтті. Тіпті адаммен тікелей байланыс болмаса да, арнайы құралдарды көрсету мен қолдану көпшілік тарапынан нақты қауіп ретінде қабылдануы ықтимал.
Аталған дерек бойынша ер адам ұсақ бұзақылық және арнайы құралдарды заңсыз қолдану фактілері бойынша жауапқа тартылды. Мамандандырылған аудандық әкімшілік соттың шешімімен ол кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Алматы қалалық полиция департаментінде азаматтарға қауіп төндіретін немесе қорқыныш сезімін тудыратын кез келген әрекетке қағидатты құқықтық баға берілетінін еске салды.
Электрошокерді адамға тікелей қолданбаған күннің өзінде, оны қоғамдық орындарда көрсету мен пайдалану айналадағылардың үрейін ұшырып, дүрбелеңге себеп болуы мүмкін. Мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзу ретінде қаралады және жауапкершілікке әкеледі. Біз азаматтарды мінез-құлық нормаларын сақтауға және адамдардың қауіпсіздігі — басты басымдық екенін ұмытпауға шақырамыз, — деді Алматы қалалық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Күлбаев.
Полицияда қалада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасатынын, ал осындай оқиғалар құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмайтынын атап өтті.