Есілде бюджет қаржысына салынған құрылыста заңбұзушылықтар әшкереленді: аяқталмаған үй мен жалған қабылдау актілері

1221
Фотосурет: DKNews.kz

Ақмола облысының Есіл қаласында салынып жатқан 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы төңірегінде дау шықты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Тексеру нәтижесінде мемлекет қаржысы жұмсалғанымен, құрылыс жұмыстары толық орындалмағаны белгілі болды.

Есіл ауданының прокуратурасы жүргізген тексеріс барысында өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Қадағалау органының мәліметінше, мердігер компания орындалмаған жұмыстар үшін актілерге заңсыз қол қойып, бюджеттен қаржы алған.

Әңгіме бейнебақылау жүйесін орнату, ішкі әрлеу жұмыстары, сантехникалық құралдарды қою сияқты маңызды жұмыстар туралы болып отыр. Алайда бұл жұмыстардың басым бөлігі іс жүзінде орындалмаған. Соған қарамастан, құжат жүзінде «атқарылған» деп көрсетіліп, мемлекеттен 8,7 миллион теңгеден астам қаражат төленген.

Яғни, ақша бөлінді — нәтиже жоқ.

Бұдан бөлек, мердігер ұйым келісімшарт талаптарын да сақтамаған. Тұрғын үй белгіленген мерзімде пайдалануға берілмеген. Бұл – пәтер күткен тұрғындар үшін тағы бір соққы.

Прокуратура тарапынан тиісті шаралар қабылданды. Мердігер компания мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз қатысушысы деп танылды. Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен заңсыз төленген бюджет қаражаты толық көлемде кері өндірілді.

Жауапкершіліктен шенеуніктер де тыс қалған жоқ. Аудандық әкімдік бөлімдерінің бірінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Есілдегі бұл жағдай – бюджет есебінен салынатын тұрғын үйлерге бақылаудың әлсіздігін тағы бір мәрте көрсетті. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар нысандарда әрбір теңгенің тағдыры маңызды. Прокуратура мұндай фактілерді анықтау жұмыстары жалғасатынын атап өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -