Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы еліміздің оңтүстігіндегі жұмысын қорытындылады. «БІРТҰТАС ЕЛ – БІРТҰТАС ЖЕР» акциясы аясындағы соңғы іс-шара Түркістан облысының Кентау қаласында өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ақпараттық десанттың жұмысы жергілікті әскери басқару органдарымен тығыз байланыста ұйымдастырылды. Акцияға орта мектептер мен колледждердің оқушылары, сондай-ақ «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының тәрбиеленушілері қатысты.

Қала басшылығымен кездесу
Кентауға келген Астанадан барған офицерлер қала әкімі Жандос Тасовпен кездесті. Кездесу барысында әкім қалада жастар ұйымдары, патриоттық клубтар мен үйірмелердің жұмысы жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтті.
Жандос Қалмырзаұлы өскелең ұрпақты тәрбиелеуде жаңа технологияларды игеру мен отансүйгіштік сезімді қалыптастырудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, әскери-патриоттық үйірмелерде алынған білім мен тәрбие кез келген салада жастарға үлкен пайдасын тигізеді.

Мектеп оқушыларымен ашық әңгіме
Одан кейін Әлия Молдағұлова атындағы №19 және Әл-Фараби атындағы №14 орта мектептерінде 9–11 сынып оқушыларымен кездесулер өтті. Ақпараттық топ өкілдері әскери оқу орындарына түсу тәртібі, әскери қызметті өткеру шарттары және әскери қызметшілерге берілетін әлеуметтік жеңілдіктер туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Оқушылар қонақтардың мазмұнды әңгімесін қызығушылықпен тыңдап, өздерін толғандырған сұрақтарын ашық қойды. Кездесу еркін әрі сенімді диалог форматында өтті.

Жастар әлеуеті – ел болашағы
Кездесу барысында «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев жастардың әлеуетіне ерекше тоқталды.
Әр азаматтың қол жеткізген жетістіктерінен бүкіл елдің жетістіктері қалыптасады, — деді ол.
Оның айтуынша, жастардың күш-қуаты мен шығармашылық мүмкіндігі мол, бастысы — сол әлеуетті дұрыс бағыттай білу.
Жылжымалы музей және тарихи мұра
Іс-шаралар «Баласағұн» қалалық мәдениет үйінде ұйымдастырылған жылжымалы музейлік көрмемен жалғасты. Көрмеге Алматы қаласындағы Әскери даңқ музейінің қорынан әкелінген, Қазақстандағы әскери бөлімдердің құрылғанына 85 жыл толуына арналған құнды жәдігерлер қойылды.
Көрмеде даңқты қолбасшы, «Халық қаһарманы» Бауыржан Момышұлының жеке марапаттары мен тұрмыстық заттары, Кеңес Одағының Батыры, 316-атқыштар дивизиясының командирі генерал-майор Иван Панфиловтың жеке бұйымдары, сондай-ақ мерген Төлеуғали Әбдібековке тиесілі марапаттар мен құжаттар көпшілік назарына ұсынылды. Бұл жәдігерлер көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

Патриоттық рухтағы концерт
Шара Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған мерекелік концертпен аяқталды. Отан туралы әндер, музыкалық композициялар мен би қойылымдары жас көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.