Маңғыстау облысында денсаулық сақтау саласындағы ауқымды заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Өңір прокуратурасы жүргізген тексеру нәтижесінде медициналық ұйымдардың қызметінде жүйелі әрі көп жылдан бері жалғасып келген проблемалар бары белгілі болды. Ең сорақысы – жүздеген миллион теңге бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалып, жымқырылғаны.
Прокуратура мәліметінше, тексеру барысында бір медициналық ұйымның өзінде 600 миллион теңгеден астам бюджет қаржысы заңсыз иемденілген. Қаражатты жымқырудың «классикалық» схемасы қолданылған: алушылардың банктік деректемелері әдейі ауыстырылып, ақша аффилирленген, яғни өзара байланысты тұлғалардың шоттарына аударылған.
Қағаз жүзіндегі қызмет, шындықта жоқ ем
Тексеру тек қаржылық махинациялармен шектелмеген. Құқық қорғау органдары көрсетілмеген медициналық қызметтер үшін ақы төлеу, жеткізілмеген дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарға ақша аудару сияқты фактілерді де анықтаған. Яғни есеп-қисапта бәрі «мінсіз», ал іс жүзінде науқас ем алмаған, дәрі қоймаға түспеген.
Сонымен қатар бірқатар денсаулық сақтау субъектілерінің біліктілік талаптарына сай келмейтіні белгілі болды. Бұл – тек қаржы мәселесі емес, тікелей адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдай.
Тергеу басталды
Аталған фактілер бойынша Маңғыстау облысының прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Істі арнайы прокурорлар жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда заңсыз схемаларға қатысы бар тұлғалар, қаржының нақты қалай және қайда кеткені анықталуда.
Бұл нені білдіреді?
Сарапшылардың айтуынша, мұндай істер денсаулық сақтау жүйесіндегі бақылаудың әлсіздігін және бюджет қаражатының ашық жұмсалмай отырғанын тағы бір мәрте көрсетіп отыр. Миллиондаған қаржының «қағаз жүзіндегі емге» кетуі – ең алдымен қарапайым тұрғындарға жасалған қиянат.
Тергеу нәтижесі алдағы уақытта белгілі болады. Ал қоғам бұл істің соңына дейін жеткізіліп, кінәлілердің жауапкершілікке тартылуын күтуде.