Астанада Қазақстан Республикасының жеке құрама атқыштар батальонының тәжік-ауған шекарасынан шығарылғанына 25 жыл толуына арналған еске алу іс-шарасы өтті. Ерлік саябағында ұйымдастырылған рәсімге ардагерлер, әскери қызметшілер және қоғам өкілдері қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жиналғандар батальон құрамында қызмет атқару кезінде қаза тапқан сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұл күн қазақстандық әскери тарихтағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде бағаланып отыр.

Қазақстандық жауынгерлерге құрмет көрсетілді
Рәсім барысында тәжік-ауған шекарасында қызмет атқарған қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Іс-шарада Шекара қызметі директорының орынбасары генерал-майор Төлеужан Жүнісов және Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов сөз сөйледі.
"Бұл күн – батальон жауынгерлерінің ерлігі мен Отанға адалдығының, әскери борышқа беріктігінің символы. Осы ретте батальон ардагерлерін Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы атынан тарихи датамен құттықтаймын", – деді генерал-майор Қайрат Үмбетов.
Патриоттық концерт ұйымдастырылды
Еске алу іс-шарасы Ұлттық әскери-патриоттық орталықта концерттік бағдарламамен жалғасты.


Концертте:
-
Қорғаныс министрлігінің ансамблі
-
Ұлттық ұлан ансамблі
-
Шекара қызметінің ән-би ансамблі
патриоттық бағыттағы шығармаларды орындады.
Батальонның тарихи миссиясы
25 жыл бұрын қазақстандық әскери қызметшілер Тәжік-Ауған шекарасындағы жауынгерлік міндетін аяқтап, елге оралды.
Қазақстан Республикасының жеке құрама атқыштар батальоны 1993–2001 жылдар аралығында Пяндж өзені бойында мемлекеттік шекараны күзетті.
Қызмет барысында қазіргі Ұлттық ұланның, бұрынғы Ішкі әскердің 17 жауынгері ерлікпен қаза тапты. Батальонның жауынгерлік жолы Отанға адал қызмет етудің айқын үлгісі болып қалды.