Dala.Camp 2026: Қазақстан ет экспортының жаңа кезеңіне қадам басты

869
Жан Арыстанұлы Редактор
Фотосурет: Dala.Camp Forum 2026

Ақмола облысында ауыл шаруашылығы саласы үшін маңызды оқиға өтті. Rixos Burabay алаңында Dala.Camp Forum 2026 халықаралық мал өсірушілер форумы басталып, 11 елден келген 250 делегатты бір үстел басына жинады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, АҚШ, Бразилия, Нидерланды, Франция, БАӘ және Түркия өкілдері бас қосқан бұл форум - жай ғана салалық кездесу емес. Бұл - Қазақстанның етті мал шаруашылығы үшін жаңа кезеңнің басталғанын білдіретін алаң.

«Тарихи сәтте жиналдық»

Форумды ұйымдастырушы Turan Қазақстандық мал өсірушілер қауымдастығының Басқарма Төрағасы Жәнібек Кенжебаев ашты. Оның сөзі саланың бүгінгі ахуалын ғана емес, болашақ бағытын да айқындады.

«Бүгін біз үшін өте маңызды күн, тіпті біздің саламыз үшін өте тарихи күні жиналып отырмыз деп айтуға болады. Бүгінгі күн бұл - Қазақстанның мал шаруашылығы біртіндеп ұзақ мерзімді нәтижеге бағдарланған, неғұрлым жүйелі және жетілген жаңа деңгейге көтерілетін сәт», - деп атап өтті Ж.Кенжебаев.

Оның айтуынша, етті мал шаруашылығы енді дәстүрлі кәсіп қана емес. Бұл - елдің азық-түлік қауіпсіздігіне, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына және экспорттық әлеуетіне тікелей әсер ететін стратегиялық сала.

Мемлекет назарында - агроөнеркәсіп

Саладағы өзгерістер мемлекеттік деңгейдегі реформалармен қатар жүріп жатыр.

«Бүгінде мемлекеттік деңгейде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға баса назар аударылуда. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолдау жүйесінде тәртіп орнату, кооперацияны күшейту, ауыл шаруашылығындағы ашықтық пен тиімділікті арттыру қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Біз бұл бағытты толығымен қолдаймыз. Себебі жүйелілік болмаса, ойын ережелері анық болмаса және күш біріктірілмесе, сала өзінің әлеуетін толық көлемде аша алмайды».

Бұл сөздер форумның негізгі идеясын айқындайды - шашыраңқы қадам емес, бірыңғай даму логикасы. Басқарушылық тәртіп, нақты экономика, ашық ережелер және фермадан экспортқа дейінгі тізбектің үйлесімді жұмысы.

Ертең іске асатын шешімдер

Dala.Camp форумы декларация емес, нақты іс алаңы ретінде құрылды. Мұнда фермердің қаржылық моделінен бастап, экспорттық талаптарға сәйкестікке дейінгі өзекті мәселелер талқыланады.

Қатысушылар:

  • шаруашылықтың қаржылық моделін құру,
  • өзіндік құнды басқару,
  • инвестиция тарту,
  • технология арқылы тиімділікті арттыру,
  • халықаралық ветеринариялық стандарттарды сақтау сияқты практикалық бағыттарға назар аударады.

Қазақстанның сапалы, премиум сиыр етін өңірлік және әлемдік нарыққа шығару стратегиясы да негізгі тақырыптардың бірі.

Жәнібек Кенжебаев форум қағидасын нақты атап өтті:

«Бүгін бұл залда күн сайын саланың игілігі үшін жұмыс істейтін адамдар жиналды: фермерлер, өңдеушілер, бордақылау алаңдары, инвесторлар, экспорттаушылар, қаржы институттары, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері. Қатысушылар бір-бірін естіп, бір бағытта жұмыс істейтін, бір-біріне сене алатын жерде күшті нарық пайда болатынына сенімдімін. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деп бекер айтылмаған. Бірлік пен өзара түсіністік бар жерде тұрақты даму да бар».

Қазақстан жаһандық ет нарығында

Форум бағдарламасында екі ірі панельдік сессия өтеді.

Біріншісі - «Қазақстан жаһандық ет нарығында өз орнын қалай алуына болады». Мұнда экспортты мемлекеттік қолдау, жаңа нарықтар, ДЖДҰ халықаралық ветеринариялық стандарттары, Парсы шығанағы елдерінің талаптары және банктердің рөлі талқыланады.

Екінші сессия - «Мал шаруашылығындағы қосылған құн тізбегі». Генетика, биоқауіпсіздік, тік интеграция, кооперация, ғылым мен білім - саланың болашағын айқындайтын факторлар осы жерде сөз болады.

Форум аясында Livestock Pitch жобалары таныстырылып, бірінші күн соңында ресми келісімдер мен меморандумдарға қол қойылады. Екінші күні малшыларға арналған бизнес-тренинг өтеді.

Turan Standard Pool - нарықты біріктіру қадамы

Форумда Turan Standard Pool пилоттық жобасы таныстырылды. Бұл - тірі мал нарығын шоғырландыруға арналған жаңа платформа.

Жоба:

  • бірыңғай өндіріс стандарттарын,
  • ашық баға жүйесін,
  • өңдеушілерге кепілдендірілген жеткізу пулдарын қалыптастыруды көздейді.

Фермер үшін бұл - нарыққа тұрақты қол жеткізу және стандарттарды сақтаған жағдайда 10-15% дейін баға үстемесі. Өңдеушілер үшін - кепілдендірілген сапалы шикізат және баға құбылмалылығының төмендеуі.

Turan - жаңа экожүйе

2025 жылдың тамызында құрылған Turan қауымдастығы бүгінде 200-ден астам қатысушыны біріктіреді. Жалпы қуаттылығы:

  • 115 мың басқа арналған бордақылау,
  • 30 мың басқа арналған репродукторлар,
  • жылына 72 мың тоннаға дейін ет өңдеу.

Қауымдастық құрамына Zengi Group, Zengi Farms, Арқалықтағы «20+1» инвестициялық моделі, Ondala бренді, Dala.Camp Education, Dala.Camp Conference, Dala.Camp Media және цифрлық ERP жүйесі кіреді.

Негізгі ставка - экспорт.

Dala.Camp Forum 2026 - бұл тек форум емес. Бұл - Қазақстан етті мал шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру туралы ашық мәлімдеме.

Егер айтылған бастамалар нақты іске асса, Қазақстан жаһандық ет нарығында өз орнын бекітіп қана қоймай, премиум сапалы өнім жеткізуші ел ретінде танылуы әбден мүмкін.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -