Ақмарал Имашева: «ерлер үстемдік еткен» facility management саласында адал бизнес құрған әйел

1342

Әлемде, Қазақстан да соның ішінде, facility management - дәстүрлі түрде ерлер басымдық танытатын сала. Тендерлер, ірі келісімшарттар, банктер мен бизнес-орталықтардан бастап мұнай өндіру зауыттарына дейінгі күрделі нысандар - мұнда ойын ережелері көбіне ерлерше жазылады: жылдам келісімдер, кейде сұр схемалар мен «откаттар». Ақмарал Имашева өз жолын таңдады.

30 жасында, жалдамалы жұмыстағы 10 жылдық тәжірибеден кейін, екі баланың анасы бола тұра және «шыны төбеге» тірелгенін сезіп, ол тұрақты жұмысын тастап, пәтерлерді тазалау бойынша жеке тапсырыстардан бизнесін бастайды. 2007 жылы Алматыда жаңа тұрғын үй кешендерінің құрылысы қарқын алып, «жөндеуден кейінгі тазалық» қызметі сұранысқа ие болды. Дегенмен тапсырыстар тұрақсыз әрі маусымдық еді. Бір жылдан кейін стратегияны өзгерту қажеттігі түсінікті болды - корпоративтік секторға шығу.

Бүгінде Top Service Group - бүкіл Қазақстан бойынша жұмыс істейтін, 19 жылдық тәжірибесі бар, кәсіби командасы мен айқын мақсаттары қалыптасқан тұрақты компания. Ұзақ жылдар өнім қалыптастыруға, процестерді жолға қоюға және бизнесті ауқымдауға арналды. Ал 2024 жылы Ақмарал EY «Жыл кәсіпкері» байқауында «Әлеуметтік маңызы бар кәсіпкерлік» номинациясының жеңімпазы атанды. Қазылар алқасы оның бизнес жүргізудегі тәсілін ерекше атап өтті: нарықтағы мықты бедел, бірнеше мың қызметкерді басқару, еңбекқорлық пен табандылық және сонымен қатар әйел басшы ретінде рөлдік модель болуы.

«Мен шағын ауылдан шықтым, анам мұғалім, әкем дәрігер. Мектепте жақсы оқыдым, үй шаруасына көмектестім. Жоғары сыныптарда мамандық таңдауға келгенде ұзақ ойландым. Бірақ Алматыда оқығым келетінін нақты білдім. Ол кезде экономистер мен заңгерлер сұраныста болды. Университеттің ақылы бөліміне түсіп, оқуымды төлеу үшін жұмыс істеуге мәжбүр болдым. 90-жылдары көпшілік осылай күн көрді, ата-аналардың жалақысы кешіктіріліп, бартермен берілетін. Ата-анама еңбекқорлық пен қиындыққа мойымауды үйреткені үшін алғыс айтамын. Олар қолдарынан келгеннің бәрін берді».

Алғашқы ірі клиент - Aport моллы болды.

«Олардың тендеріне қалай барғанымды, презентация жасап, неге мені таңдау керек екенін айтып сөйлегенімді әлі ұмытпаймын. Үлкен сәттілікпен олар мені және компаниямды қолдады. Осылайша корпоративтік әлемдегі жолым басталды. Біз олармен бірге өстік, ол кезде елдегі алғашқы ірі молл еді. Кейін Альянс Банк келді. Одан әрі - көбірек. Жауапкершілікпен жұмыс істегеніміз клиенттерге ұнады, біз де ауқымымызды кеңейттік. Бірақ тек ниет жеткіліксіз, менеджмент, қаржы, маркетинг және команда құру бойынша білім қажет болды. 2010 жылы кәсіпкерлерге арналған МВА бағдарламасына түстім. Компаниямның 5 жылдық даму стратегиясын қорғап, жоспарлардың 99 пайызы орындалды. Бұл - алғашқы үлкен жеңіс».

Бүгінде компания ел бойынша банктерді, сауда үйлерін, бизнес-орталықтарды, сондай-ақ өнеркәсіп нысандарын қызметпен қамтиды.

«Өнеркәсіптік нысандарды ерекше атап өтеміз - бұл жоғары талаптар, стандарттарды сақтау, қауіпсіздік техникасының күшейтілген режимі. Біз клиенттеріміздің негізгі өндірісіне санитарлық қауіпсіздік тұрғысынан жағдай жасай отырып, олардың табысының бір бөлігі болғанымызды ұнатамыз».

Компания қызметтерінің ауқымы кең: кәсіби клининг, арнайы киімді жуу және жөндеу, сантехникалық және электротехникалық қызметтер, персоналды тасымалдау, ресепшен және әкімшілік қызметтері, сондай-ақ инженерлік желілерді техникалық қызмет көрсету.

Компания сыбайлас жемқорлық бар тендерлермен принципті түрде жұмыс істемейді.

«Мұндай ұсыныстар бірнеше рет болды. Бірақ мен әрқашан бас тартамын. Мәселе тәуекелде емес. Меніңше, әйелдер мақсатқа жету жолында басқаларды басып өтуді қаламайды, олар тәртіпті келеді. Мен өз ісімді жасап, одан ләззат аламын. Ең жақсы жарнама - қанағаттанған клиенттер, ауыздан ауызға тарайтын бедел жақсы жұмыс істейді. Біз сапаға, жауапкершілікке және сенімге мән береміз. Клиенттер үшін тұрақты, таза беделі бар серіктес маңызды. Тапсырыс берушілеріміздің 50 пайыздан астамы - көпжылдық серіктестер, біз бұл сенімді жоғары бағалаймыз».

Ақмарал табыстың негізгі факторы - адамдар екенін айтады.

«Біздің компанияда клинерлерден бастап аула сыпырушыларға, сантехниктер мен электриктерге, менеджерлерге дейін адамдар бірінші орында. Қызметкерлердің 5, 10 жыл және одан да көп жұмыс істейтініне мақтанамыз. Міндетіміз - тек бизнес процестерді дұрыс ұйымдастыру емес, сонымен қатар жұмыс беруші ретінде міндеттерді уақытында орындау: жалақыны кешіктірмеу, әлеуметтік пакет ұсыну, оқыту, эмоционалдық тұрақтылық қалыптастыру, қаржылық сауаттылықты дамыту және өзін-өзі бағалауды көтеру. Олар үшін тұрақтылық - артықшылық емес, қажеттілік. Елімізде жұмысшы мамандықтарына құрмет болғанын қалаймыз және оны өзімізден бастаймыз».

Команданың басым бөлігі - әйелдер, оның ішінде көпбалалы аналар мен зейнеткерлер де бар.

«Өкінішке қарай, клинер мамандығы әлі де беделді әрі жоғары жалақы төленетін сала емес. Сондықтан оның маңызын арттыру және физикалық ауыр еңбекті жеңілдету жолдарын үнемі іздейміз. Қазір роботтандыру туралы көп айтылады, болашақта роботтар бізді алмастыруы мүмкін. Бұл қызық, бірақ әзірге нақты айту қиын».

Ақмарал - белсенді кәсіпкер. 2016 жылдан бастап ЕҚДБ-ның «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасына қатысып келеді.

«Білім алып, толысқан кезде оны бөліскің келеді, мен де соны қуана жасаймын».

Келесі жылы компанияға 20 жыл толады - бұл жаңа мақсаттар мен икемділікті талап ететін маңызды белес.

Facility management саласында Ақмарал Имашева - әйел негізін қалаушылардың санаулысының бірі.

«Ерлермен бәсекелесу оңай емес, олардың ойын ережелері қатаң. Бірақ әйелдер де ірі бизнесті табысты жүргізе алады. Біздің миымыз да, жауапкершілігіміз де бірдей, тіпті жоғары болуы мүмкін».

«Біздің миссиямыз қарапайым: сенімді серіктес болу, қызметті жан-тәнмен және жоғары жауапкершілікпен ұсыну. Қазақстандық бизнес пен инвесторлар халықаралық стандарттарға сай facility management қызметін алуы тиіс - тазалық, қауіпсіздік және тәртіп мәселесінде ымырасыз».

Күрделі салада берілмей, табандылық таныту арқылы Ақмарал тұрақты, ашық әрі кәсіби бизнес құруға болатынын дәлелдеп келеді. Көпжылдық келісімшарттар, сенімді команда және нарықтағы сенім - соның айқын дәлелі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -