Халықаралық әйелдер күні қарсаңында елорда тұрғындары күтпеген, бірақ жүрекке жылы әсер қалдырған ерекше музыкалық тосынсыйға куә болды.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Ән-би ансамблі құрамындағы Ерлер хоры қала көшелерінде мерекелік акция өткізіп, қоғамдық көліктер мен «Нұрлы жол» вокзалын нағыз концерт алаңына айналдырды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Автобустағы концерт
Бұл күні жолаушылар үшін кәдімгі сапар ерекше естелікке айналды. Қоғамдық көліктердің бірінде кенеттен жанды дауыс естіліп, Ұлттық ұланның Ерлер хоры танымал әндерді орындауға кірісті. Әдетте үнсіз өтетін жол бұл жолы шағын концертке ұласты.
Әртістер «Сұлу қыздар» және «Дарите женщинам цветы» әндерін орындап, автобустағы мерекелік атмосфераны бірден сездірді. Жолаушылар әнге қосылып, қол соғып, телефонға түсіріп жатты. Ал нәзік жандыларға гүлдер табысталып, келе жатқан мерекелерімен құттықтаулар айтылды.
Кейбір жолаушылар үшін бұл күтпеген концерт күннің ең әсерлі сәтіне айналды. Өйткені таңертеңгі немесе кешкі жолда мұндай тосынсыйды ешкім күтпеген еді.
Музыкалық мереке вокзалда жалғасты
Мерекелік бағдарлама мұнымен аяқталған жоқ. Ұлттық ұлан әртістері акцияны елорданың басты көлік нысандарының бірі – «Нұрлы жол» вокзал кешенінде жалғастырды.
Вокзалға келген жолаушылар мен қала қонақтары да ерекше көңіл-күйге бөленді. Ерлер хоры ән шырқап, әйелдерге гүл шоқтарын ұсынып, мерекелік құттықтауларын жеткізді. Ән мен жылы сөздер вокзал ішін мерекелік атмосфераға бөлеп, адамдардың жүзінде күлкі пайда болды.
Әскери әртістердің шығармашылық қыры
Айта кету керек, Ұлттық ұланның Ерлер хоры тек мерекелік акциялармен ғана танымал емес. Бұған дейін қазақстандық әскери әртістер Ресейдегі танымал «Ну-ка, все вместе!» вокалдық шоуына қатысып, әлемге әйгілі Linkin Park тобының Numb хитін домбыра сүйемелдеуімен орындап, көпшіліктің назарын аударған еді.
Рок композициясының мұндай ерекше интерпретациясы көрермендер мен сарапшылар тарапынан жоғары бағаланып, қазақстандық әскери музыканттардың кәсіби деңгейі мен шығармашылық батылдығын көрсетті.
Музыка арқылы рух көтеру
Ұлттық ұлан құрамындағы Үлгілі-көрсетімді оркестр, Ән мен би ансамблі және Ерлер хоры тұрақты түрде әскери қызметшілерге де, кең аудиторияға да концерттік бағдарламалар ұсынып келеді.
Олардың басты мақсаты – жауынгерлік рухты көтеру, ұлттық мәдениетті насихаттау және құқықтық тәртіп әскерінің оң имиджін қалыптастыру.
Ал бұл жолғы акция елорда тұрғындары үшін қарапайым күнді мерекеге айналдырған ерекше музыкалық сәттердің бірі болды.




