Қазақстандағы апаттық жағдайдағы тұрғын үй мәселесі өршіп тұр: өткен жылдың қорытындысы бойынша проблемалы үйлердің саны мен аумағы артып, азаматтардың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасына қатысты тәуекелдер ұлғайды. Осы теріс үрдістің белең алуы аясында қолданыстағы реновация бағдарламаларының тиімділігі мен тұрғындарды қауіпті үйлерден көшіру қарқынына қатысты мәселелер күн тәртібінен түспей тұр.
Мәселен, 2025 жылы елімізде апаттық жағдайдағы тұрғын үйлердің саны 7%-ға артып, 2,6 мың бірлікке жетті. Бұл ретте өсім қалалық жерлерде де (плюс 2,4%), ауылдық жерлерде де (плюс 11,5%) байқалды. Апаттық жағдайдағы тұрғын үйлердің жалпы ауданы 3,2%-ға ұлғайып, 834 мың шаршы метрді құрады.
Өткен жылы апаттық жағдайдағы үйлерде 50 мыңнан астам адам тұрды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 5,7%-ға (немесе 2,7 мың адамға) көп.
Өңірлер тұрғысынан алғанда жағдай әлі де әркелкі. 2025 жылы апаттық жағдайдағы тұрғын үйлердің саны бойынша Атырау облысы көш соңында қалды. Өңірде 705 апаттық тұрғын үй тіркелген, онда 13 мыңнан астам адам тұрады — бұл қауіпті жағдайда өмір сүруге мәжбүр тұрғындардың саны бойынша да ең жоғары көрсеткіш. Оның үстіне бір жыл ішінде өңірдегі мұндай үйлердің саны тағы 49 бірлікке артып, ел бойынша ең нашар динамиканың бірі ретінде тіркелді.
Көш соңында екінші сатыда Ақмола облысы тұр: аймақта апаттық жағдайдағы үйлердің саны 270 объектіге жетті (бір жылда 5 бірлікке артты).
Апаттық жағдайдағы үйлер ең көп шоғырланған үшінші өңір — Батыс Қазақстан облысы: мұнда 262 үй апаттық жағдайда. Айта кететіні, өңірде бұл көрсеткіш бойынша ең жоғары өсім байқалады: бір жыл ішінде апаттық жағдайдағы үйлердің саны 55 бірлікке артқан.
Апаттық жағдайдағы үйлер саны ең көп аймақтардың қатарына сондай-ақ Астана (191 бірлік) және Абай облысы (172 бірлік) енді.
Проблемалық үйлердің ең аз мөлшері Жамбыл (4 бірлік), Қостанай (8 бірлік) және Алматы (16 бірлік) облыстарында тіркелген. Дегенмен, бұл жерде «тіркелген» сөзіне назар аудару қажет: тұрғын үй қорының нақты жағдайы статистикалық деректерден өзгеше болуы мүмкін.
Енді оң үрдістерге тоқталайық. 2025 жылы еліміздің төрт өңірінде апаттық жағдайдағы тұрғын үйлер санының азайғаны байқалды. Олардың қатарында Алматы (30 бірлікке азайған) және Қарағанды (12 бірлікке азайған) облыстары, сондай-ақ Астана қаласы (10 бірлікке азайған) мен Солтүстік Қазақстан облысы (7 бірлікке азайған) бар.
Қалыптасқан үрдіске толығырақ тоқталайық. Апаттық жағдайдағы тұрғын үйлер санының өсу динамикасын қарастыратын болсақ, мұнда екіұдай көрініс қалыптасқан. Бір жағынан, мұндай объектілердің көбеюі тұрғын үй қорының жағдайының нашарлауын көрсетсе, екінші жағынан — көрсеткіштің өсуі тексеру жұмыстарының жандануымен және уәкілетті органдардың тарапынан үйлерді ресми түрде апатты деп танумен тікелей байланысты. Елімізде іс жүзінде мүшкіл халде болса да, ресми түрде «апатты» мәртебесі берілмеген тозығы жеткен үйлердің үлесі әлі де жоғары. Мұндай үйлердің тұрғындары мәселені шешудің нақты тетіктерінсіз қауіпті жағдайда өмір сүруге мәжбүр. Сонымен қатар, объектіге ресми түрде апатты мәртебесінің берілуі реновация және көшіру бағдарламаларын іске қосады, бұл азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту мүмкіндігін арттырады. Осылайша, көрсеткіштің өсуі тек тұрғын үй қорының жағдайының нашарлауын ғана емес, сонымен қатар жүргізілген тексерулер мен үйлерді апатты деп тану жұмыстарының нәтижесін де көрсетеді.
Алматыдағы ахуал ерекше назар аударуға тұрарлық. ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне сай қалада апаттық жағдайдағы тұрғын үйлер «жоқ» — мұндай мәліметтер 2020 жылдан бері тіркеліп келеді. Бұл ретте көрсетілген мерзімге дейін мегаполисте 1,7 мыңнан астам апаттық жағдайдағы үйлер болған, содан кейін бұл көрсеткіш іс жүзінде «нөлге» түсірілді. Тиісінше, елдің ең ірі қаласы туралы ресми деректердің болмауы жалпыұлттық көріністі айтарлықтай бұрмалайды және мәселенің шынайы ауқымын толық бағалауға мүмкіндік бермейді.
Жалпы алғанда, Қазақстандағы апаттық жағдайдағы тұрғын үй мәселесі әлі шиеленісіп тұр. Ресми түрде апатты деп танылған тұрғын үй санының артуы тұрғын үй қорының тозғанын көрсетсе, өңірлер арасындағы алшақтық пен есепке алудағы олқылықтар (мысалы, Алматы қаласындағыдай) мәселенің толық көрінісін зерделеуге кедергі келтіреді. Бүгінгі таңдағы басты міндет — апаттық жағдайдағы үйлерді жай ғана тіркеп қою емес, оларды бұзып, жаңа тұрғын үй қорын салуды, азаматтарды қауіпсіз жерге көшіруді қамтамасыз ету. Тек кешенді шаралар ғана халық үшін туындайтын тәуекелдерді азайтып, тұрғын үй жағдайын шынайы жақсартуға мүмкіндік береді.
