Мемлекет басшысының мал басын көбейту, өнімділікті арттыру, қайта өңдеуді дамыту және мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін кеңейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірледі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Осы жоспар аясында саладағы жобаларды қолдауға арналған жаңа жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылды.
Жылдық мөлшерлеме – 6 пайыз
Бағдарлама бойынша мал шаруашылығы жобаларына жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие ұсынылады.
Қаржыландыру шарттары мал шаруашылығы саласының ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген.
Негізгі талаптар: жеңілдетілген мөлшерлеме – жылдық 6%, саланың ерекшеліктерін ескеретін икемді несиелеу мерзімдері, қаржыландыруды «Аграрлық несие корпорациясы» филиалдары, кредиттік серіктестіктер және екінші деңгейлі банктер арқылы алу мүмкіндігі.
Қаржы мал сатып алуға және бордақылауға бағытталады
Несиелік қаражат ауыл шаруашылығы жануарларының басын сатып алуға, сондай-ақ бордақылау алаңдарын дамытуға жұмсалады.
Бұл шаралар фермерлердің өндірістік мүмкіндігін кеңейтіп, саладағы өнім көлемін арттыруға ықпал етеді.
Бағдарлама саланың дамуына серпін береді
Министрлік жаңа қаржыландыру тетігі фермерлерді қолдауға және Қазақстандағы мал шаруашылығының дамуын жеделдетуге мүмкіндік береді деп күтуде.
Бағдарлама арқылы мал басын көбейту, өнімділікті арттыру, қайта өңдеу көлемін ұлғайту және экспорттық әлеуетті күшейту жоспарланып отыр.