ҚР Оқу-ағарту министрлігі барлық мектепке дейінгі, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында медиация жүйесін іске қосуда. Бұл бастама балалар, студенттер, педагогтар мен ата-аналар арасындағы түсініспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік береді және буллингтің алдын алуға бағытталған, деп хабарлайды DKNews.kz.
Балабақшаларда медиация
Балабақшаларда медиация тәрбиешілер мен ата-аналарға бүлдіршіндер арасындағы келіспеушіліктерді реттеуге көмектеседі. Сондай-ақ, балалардың бойына кішкентай кезінен тіл табысу, бөлісе білу, ортақ мәмілеге келу және жанжалдардан бейбіт жолмен шығу дағдыларын қалыптастырады.
Колледждерде медиация
Колледждерде бұл жүйе студенттер арасындағы араздықты шешуге, қорлық көрсету жағдайларын азайтуға және білім алушылар арасындағы қақтығыстарды реттеуге септігін тигізеді.
Әдістемелік негіз
Жұмыс барысы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген әдістемелік ұсынымдар мен ережелерге сүйенеді. Онда дауларды шешу мен агрессияның алдын алудың нақты жолдары көрсетілген.
Медиация тобының құрамына кімдер кіреді?
Медиация тобына директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, педагог-психологтар, әлеуметтік мамандар, ата-аналар, қоғамдық ұйым өкілдері, сондай-ақ жас ерекшелігіне қарай білім алушылардың өздері де кіреді.
Бұл құрылым арқылы қақтығыстар тез және әділ шешіліп, жағымды психологиялық ахуал қалыптасады.
Алдыңғы тәжірибе
Мұндай тәжірибе бұған дейін «100 медиативтік мектеп» жобасы аясында енгізілген болатын. Ол дау-дамайлардың алдын алуда және оқушылар арасындағы жағымды психологиялық ахуалды қалыптастыруда өз тиімділігін дәлелдеді.