Айбынды бөлім – асқақ рух

814
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланы

Шымкент қаласында 6698 әскери бөлімінің құрылған күніне орай тағылымы мол, мазмұны терең салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Бұл – ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айрықша орны бар әскери бөлімнің жүріп өткен жолын саралап, ерлік пен қызметке тағзым ететін маңызды күн, деп хабарлайды DKNews.kz.

6698 әскери бөлімінің тарихы 2013 жылғы 28 наурыздан бастау алады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 27 наурыздағы №285 қаулысына сәйкес Шымкент қаласында жаңа әскери бөлім құру туралы шешім қабылданды. Осылайша, іргесі қаланған бөлім 1960 жылдан бері жұмыс істеп келген 6506 әскери бөлімінің атқыштар батальонының базасында жасақталды. Бұл – жаңа бөлімнің тәжірибе мен дәстүрге сүйене отырып құрылғанының айқын дәлелі.

Бөлім тарихындағы ең елеулі сәттердің бірі – 2013 жылғы 14 қыркүйек. Бұл күні Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы, полковник Б. Ашкаров 6698 әскери бөлімнің алғашқы командирі подполковник Б. Джакипбековке Жауынгерлік Туды табыстады. Жауынгерлік Ту – бөлімнің абыройы мен айбынының, ел алдындағы жауапкершілігінің нышаны ретінде ерекше құрметке ие.

6698 әскери бөліміне жүктелген негізгі міндеттер – Түркістан облысына қарасты қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету және сотталған азаматтарды айдауылдау. Бұл – үлкен жауапкершілік пен қырағылықты талап ететін қызмет. Әскери бөлімнің жеке құрамы өздеріне артылған сенімді абыроймен атқарып келеді.

Ел басына күн туған сындарлы сәттерде де бөлім жауынгерлері табандылық танытты.

Жыл сайын 1000-нан астам жауынгерлік қызмет атқаратын бөлім өз кәсібилігін үнемі шыңдап келеді. Өзінің тарихы қатталған өткен жылдарда әскери бөлім айдауылдау қызметіндегі әскери бөлімдер арасында өткен жауынгерлік сайыстың бастамашысы болып, нәтижесінде жүлделі І орынды жеңіп алды. Бұл – ұжымның бірлігі мен дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсететін зор жетістік.

Мерекелік іс-шараның негізгі мақсаты – әскери бөлімнің бай тарихын насихаттау, жеке құрамның ерлігіне құрмет көрсету және жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу болды. Бөлім командирі подполковник Бауыржан Нуралиев мереке басында сөз алып, бөлімнің іргетасы қаланған күннен бастап аянбай еңбек етіп, оның қарқынды даму жолына өз үлестерін қосқан барлық ардагерге шексіз алғыс айтып, әскери қызметшілерді мерейлі мерекемен құттықтады. Салтанатты кеш барысында бөлімнің жетістіктері мен маңызды кезеңдері кеңінен таныстырылып, қызметте ерекше көзге түскен үздік әскери қызметшілер марапатталды.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының грамотасымен марапатталған автоброндытанк қызметінің бастығы майор Жандос Ахметов үшін бұл марапат – тек жеке жетістік емес, бүкіл ұжымның еңбегіне берілген жоғары баға.

«Бүгінгі мереке – біздің әскери бөлім үшін аса маңызды күн. Бұл – тек құрылған күнді атап өту ғана емес, тарихымызды текшелеп, жетістіктерімізді бағамдайтын, болашаққа нық қадам жасайтын сәт. Осындай құрметке ие болу – мен үшін үлкен абырой әрі жауапкершілік. Бұл марапат – менің ғана емес, менімен бірге қызмет етіп жүрген барша әріптестерімнің еңбегінің жемісі деп білемін», – дейді майор Ахметов Жандос.

Кештің көркін қыздырған концерттік бағдарлама көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Патриоттық әндер шырқалып, Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптейтін шығармалар орындалды. Бұл сәттер жиналған қауымның жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатты.

Іс-шараға әскери бөлім ардагерлері, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ Шымкент қаласы бойынша құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Бұл – ұрпақтар сабақтастығы мен ел қорғаған азаматтарға деген құрметтің жарқын көрінісі болды.

Осындай тағылымды шаралар ел бірлігін нығайтып, Отан алдындағы адал қызметтің мәнін тереңірек ұғындыруға жол ашады. 6698 әскери бөлімінің жауынгерлері алдағы уақытта да ел тыныштығын күзетуде аянбай еңбек етіп, абырой биігінен көріне беретіні сөзсіз.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -