1133
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Әскери қызмет — тек ер азаматтардың ғана емес, рухы мықты, жүрегі батыл нәзік жандардың да таңдауы. Бүгінде Ұлттық ұлан қатарында ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер аз емес.

Солардың бірі – әскери психолог ретінде сарбаздардың моральдық-психологиялық ахуалын нығайтуға үлес қосып жүрген әскери психолог маман, лейтенант Аружан Бақытжанқызы. Оның қызметі .тек кеңес беру ғана емес, жауынгерлердің жан дүниесін түсініп, қиын сәттерде демеу болу, сенім ұялату. Әскери ортадағы тәртіп пен тұрақтылықтың сақталуында мұндай мамандардың рөлі ерекше.

Кейіпкеріміз Аружан Бақытжанқызы Түркістан облысы, Төлеби ауданына қарасты Ленгер қаласында дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар болып өскен ол болашақ мамандығын саналы түрде таңдаған. Ол Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті қабырғасында «Педагогика және психология» мамандығы бойынша білім алып, кәсіби тұрғыда қалыптасады. Студенттік жылдары-ақ оның бойында әскери қызметке деген қызығушылық ояна бастайды. Әсіресе, үшінші курс оқып жүргенде Шымкент қаласында орналасқан Ұлттық ұланның  әскери бөлімінде өндірістік тәжірибеден өтіп, сарбаздармен тікелей жұмыс жасау кезінде әскери қызметке деген қызығушылығы артып, өзін осы бағытта көргісі келіп, әскери қызметші болуды мақсат еткен.

Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін Аружан еңбек жолын Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінде психологиялық қызмет бастығының орынбасары лауазымынан бастайды. Бұл кезең жас маман үшін тәжірибе жинақтап, кәсіби тұрғыда шыңдалудың алғашқы баспалдағы болды. Уақыт өте келе жас маманға Ұлттық ұлан қатарынан ұсыныс түсіп, 2023 жылдың көктемінде құқықтық тәртіп әскерінің Атырау қаласында орналасқан 5546 әскери бөліміне қызметін ауыстырады.

Бүгінде ол – әскери ортада өзіндік орны қалыптасқан, тәжірибесі толысқан білікті маман.

– Мен өзім әскери салаға келген сәттен бастап, әскери психология ұғымына терең бойлай бастадым. Алғашында әскери терминдерді меңгеріп, осы саланың қыр-сырын игеруге ерекше мән бердім. Әрине, кез келген адам үшін жұмыс орнындағы ең маңызды орта – ұжым. Өз әріптестерімнің қолдауының арқасында әскери қызметке тез бейімделіп кеттім десем болады. Қызмет барысында жас сарбаздармен ғана емес, сержанттармен және офицерлермен де тығыз жұмыс жүргіземіз. Дегенмен, менің негізгі бағытым – әскерге жаңадан келген жас сарбаздарға психологиялық қолдау көрсету, – дейді жас маман.

Оның айтуынша, әскери қызметшілердің психологиялық-моральдық жағдайы – жалпы жауынгерлік қызметке ерекше әсер етеді. Сондықтан да әрбір сарбаздың ішкі жағдайын бақылау, олардың көңіл-күйін, мінез-құлқын, ортаға бейімделу деңгейін анықтау – күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігі. Әсіресе, әскерге енді ғана келген жастар үшін алғашқы кезең қиын кезеңдердің бірі.

– Әскерге келген әрбір сарбаз ең алдымен психологиялық тексеруден өтеді. Біз олардың мінез ерекшеліктерін, ойлау қабілетін, әскери өмірге деген көзқарасын жан-жақты зерттейміз. Одан кейін бір айлық бейімделу кезеңінде олардың жаңа ортаға сіңісіп кетуіне жағдай жасаймыз. Алғашқы психологиялық көмектен кейін түрлі тренингтер, психологиялық ойындар ұйымдастырып, сарбаздардың көңіл-күйін көтеруге, олардың өз-өзіне деген сенімін арттыруға күш саламыз, – дейді кейіпкеріміз Аружан.

Сонымен қатар ол тек сарбаздармен ғана емес, әскери қызметтің барлық санаттағы өкілдерімен жүйелі жұмыс жүргізеді. Әртүрлі тақырыптық кездесулер, психологиялық сағаттар ұйымдастырып, әскери ұжымдағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға ықпал етеді. Оның пікірінше, бүгінгі уақытта әскерге келетін жастардың басым бөлігі Отан алдындағы борышын өтеуге үлкен жауапкершілікпен қарайды.

– Қазіргі сарбаздардың психологиялық жағдайы жақсы деп айтуға толық негіз бар. Олардың Отанға деген сүйіспеншілігі, қызметке деген ынтасы жоғары. Жалпы алғанда, әскерге келетін жастардың шамамен 90 пайызы өз еркімен, үлкен ықыласпен келеді. Ал қалған бөлігі – ерекше назарды қажет ететін топ. Біз олармен жеке жұмыс жасап, психологиялық тұрғыда қолдау көрсетеміз, – дейді ол.

Аружан өз қызметінде ұлттық рухты көтеретін, тәрбиеге негізделген әдістерді қолдануға да ерекше мән береді. Әсіресе, қазақтың даңқты қолбасшысы Бауыржан Момышұлы еңбектерін қызметте көп қолданады екен.

– Мен үшін Бауыржан атамыздың орны бөлек. Оның шығармаларын оқи отырып, әскери тәртіптің, рухтың, жауапкершіліктің не екенін терең түсінесің. Сол себепті мен өз жұмысымда оның әдістерін қолдануға тырысамын. Тіпті, оны өзімнің әскери саладағы рухани жетекшім деп есептеймін, – дейді кейіпкеріміз.

Қазақ халқы «қыз – нәзік жан» дейді. Алайда әскери салада қызмет етіп жүрген аруларымыз бұл ұғымның тек сыртқы сипат екенін дәлелдеп келеді. Лейтенант Аружан да – сондай қайсар жандардың бірі. Болмысы нәзік болғанымен, қызмет барысында батылдық пен табандылықтың үлгісін көрсетіп жүр.

Әскери қызметтің қиындығына қарамастан, Аружан өз ісіне деген адалдығының арқасында жас сарбаздарға ғана емес, көп жас офицерлерге де үлгі болып отыр. Ол – өз қызметін шын мәнінде жүрекпен атқарып жүрген маман. Әрбір әскери қызметшінің жан дүниесіне үңіліп, оларға қолдау көрсету арқылы ұжымдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді.

Айта кету керек, кейіпкеріміз алғашқы әскери атағын дәл осы қызмет орнында алған. Жақында ғана оның еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасы Бас әскери прокуроры генерал-майор Дастан Секеновтің қолынан әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық тұрақтылығын нығайтуға қосқан үлесі үшін арнайы грамотамен марапатталды. Бұл – оның табанды еңбегінің, кәсіби біліктілігінің нақты көрінісі.

Қорыта айтқанда, лейтенант Аружан Бақытжанқызы – әскери психолог мамандығының маңызын ісімен дәлелдеп жүрген жас әрі білікті офицер. Оның еңбегі – тек бір бөлімнің ғана емес, тұтас әскери құрылымның тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қызмет. Осындай мамандар барда сарбаздардың рухы биік, ал әскердің іргесі берік болары сөзсіз.

Майор Ертуған Әубәкір

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -