Астанада 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай тұрғындар арасында шахмат турнирі өтті. Зияткерлік дода елорданың Нұра ауданындағы «Жағалау-3» тұрғын үй кешенінің аумағында ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ауладағы шахмат: жаңа формат
Мерекеге орай өткен турнирге 30-ға жуық қатысушы тіркеліп, блиц форматында бақ сынады. Қатысушылар әртүрлі жас санатынан жиналып, жарысқа ерекше қызығушылық танытты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар тұрғындарды біріктіріп, көршілер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді.

«Елорданың Нұра ауданының тұрғындары өте белсенді. Әр ұйымдастырған іс-шараға ерекше ықыласпен қатысады. Биыл спорттық жоспар аясында шахмат турнирін ересек, жастар және балалар арасында өткізуді ұйғардық. Алдағы айда асық ату мен бесасық сайысынан да жеңімпазды анықтаймыз. Басты мақсатымыз – тұрғындар арасында достық қарым-қатынасты нығайтып, бос уақытты тиімді ұйымдастыру», – деді жарыс ұйымдастырушысы Гүлнәр Базарханова.

7 турлық тартысты дода
Турнир 7 турдан тұрды. Жеңімпаздар әр жас санаты бойынша анықталып, арнайы сыйлықтармен марапатталды:
- құлаққап
- доп
- медаль
- грамоталар
Қатысушылардың айтуынша, аула форматындағы жарыс ерекше атмосферасымен есте қалған.

«Шахматта бұрыннан ойнап келемін. Миды сергіту үшін таптырмас құрал. Шынымды айтсам, ауладағы жарысқа бірінші қатысып жатырмын. Ерекше формат. Мықтылар да жеткілікті», – деп турнир қатысушысы Қайрат Алинбаев өз әсерін бөлісті.
Спорттық шаралар жалғасады
Нұра ауданында тұрғындарға арналған спорттық іс-шаралар жыл бойы ұйымдастырылады. Алдағы уақытта ұлттық ойындарға да басымдық берілмек:
- асық ату
- бесасық
Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай бастамалар салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен өзара сыйластықты арттыруға бағытталған.