913
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінде «Ұлттық ұлан – патриотизм мен батылдық мектебі» акциясы аясында жастарға арналған «Ашық есік күні» іс-шарасы ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру, әскери мамандықтың маңызын түсіндіру және Ұлттық ұланның қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қызметімен таныстыру болды.

Ашық есік күніне Алматы қаласы Алатау ауданындағы М. Хамраев атындағы №150, №156, №181, №205 жалпы білім беретін мектептердің, №201 мектеп-гимназиясы мен №210 мектеп-лицейінің оқушылары, сондай-ақ Алматы облысы Талғар ауданы Тұздыбастау ауылында орналасқан Әл-Фараби атындағы №31 жалпы білім беретін мектептің оқушылары және «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері қатысты.

Іс-шара барысында оқушыларға әскери бөлімнің тыныс-тіршілігі жан-жақты таныстырылды. Қонақтарға қару-жарақ пен әскери техникалардың көрмесі, сарбаздардың қарумен және қарусыз саптық дайындық элементтері көрсетілді. Сонымен қатар қатысушылар сарбаздар казармасын аралап, әскери қызметшілердің күнделікті тұрмысымен танысты.

Әскери қызметтің заманауи бағыттарына да ерекше назар аударылды. Оқушыларға цифрлық трансформацияның әскери саладағы рөлі түсіндіріліп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде қолданылатын планшет құрылғыларының мүмкіндіктері көрсетілді. Сондай-ақ радиостанциялар арқылы жедел байланыс орнату тәртібі таныстырылып, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс құралдарын кию бойынша тәжірибелік сайыс ұйымдастырылды.

Іс-шара аясында әскери бөлімнің мәдени-демалыс орталығында кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізілді. Қатысушыларға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясы туралы деректі фильм көрсетіліп, келісімшарт бойынша әскери қызметке орналасу және Отан алдындағы әскери борышты өтеудің маңызы түсіндірілді.

Ал №156 мектептің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі, запастағы полковник Елдос Шалабаев мұндай шаралардың тәрбиелік маңызы жоғары екенін атап өтті.

– Ұлттық ұлан әскери бөлімі өткізіп отырған бұл шара – жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудегі маңызды жұмыстардың бірі. Оқушылар әскери қызметтің қыр-сырын көріп, сарбаздардың жауапкершілігін сезіне алады. Осындай игі іс ұйымдастырған әскери бөлім басшылығына алғысымды білдіремін, – деді запастағы полковник.

Ашық есік күні жасөспірімдердің бойындағы Отанға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етті. Ұлттық ұлан өкілдерінің айтуынша, мұндай іс-шаралар жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.

Подполковник Бақыт Әліпбаев

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -