Көз тексерісі: талап пен нәтиже

649
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Көз – адам жанының айнасы. Сол айнаның ең нәзік әрі шешуші бөлігі – торқабық. Дәл осы көздің ішкі қабатында адам көретін әрбір бейне, әрбір қозғалыс жарыққа айналып, миға жол тартады. Ал бұл күрделі процестің қалай жұмыс істейтінін және оның адам денсаулығындағы маңызын офтальмолог мамандар жақсы біледі. Осы тұста ішкі әскердің дәрігерлік комиссиясының офтальмолог маманы, Ұлттық ұланның әскери-дәрігерлік комиссиясының сырттай бөлімше бастығы – майор Жұлдыз Қарсыбекова тақырып аясында ой бөліседі.

Жұлдыз Қарсыбекова Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының тумасы. Отбасында бес ағайынды. Марқұм әкесі мал дәрігері болған. Анасы ұзақ жыл есепші болып қызмет еткен. Майор Жұлдыз Тұңғышбайқызының медицина саласын таңдауына әкесінің ықпалы тиген. Әскери қызметші 2001 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина академиясын педиатрия мамандығы бойынша бітірген. 2001-2002 жыл аралығында офтальмология мамандығы бойынша тәжірибелік даярлық кезеңінен өткен.

− 2002 жылы Қостанай облысы Әулиекөл ауданында дәрігер-офтальмолог болып қызмет еттім. Екі жылдан кейін тұрмысқа шықтым. Қайтадан ауылыма оралып, Жаңаарқа аудандық ауруханасында офтальмолог болып қызмет атқардым. Жолдасым полиция қызметкері. 2006 жылы жұбайымды жұмыс бабы бойынша Астана қаласына ауыстырды. Мен де Ішкі істер министрлігінің емханасына ауыстым. Ол жерде дәрігер-офтальмолог болып 8 жылдай қызмет еттім. 2014 жылы Ұлттық ұланның әскери-дәрігерлік комиссиясына қызметке келдім. Содан бері міне, 12 жыл өтті. Ал Ішкі істер министрлігінде қызмет етіп жүргеніме биыл 20 жыл болды, – дейді әскери қызметші.

Ұлттық ұланның әскери-дәрігерлік комиссиясы ішкі әскердегі жауынгерлердің, әскери қызметшілердің денсаулығын қадағалайтын, жұмысқа қабілеттілігін анықтайтын орталық.

− Әскери-дәрігерлік комиссияда ең негізгі деген медициналық қызметкерлер тексеріс жүргізеді. Мәселен, терапевт, офтальмолог, ЛОР-дәрігер, хирург, дерматолог, стоматолог, невропатолог, психиатр және психологтар зерттеу-зерделеу жұмыстарын атқарады. Біз Ішкі істер министрлігі бекіткен №717 және №722-ші бұйрықтарды негізге ала отырып жұмыс істейміз. Сырттан келетін қағаздарды қараймыз. Заңнама бойынша олардың дұрыстығын тексереміз. Комиссияға келетін әскери қызметшілер мен оқуға тапсыратын үміткерлердің денсаулығын қадағалап, сараптамадан өткіземіз. Олардың жұмысқа жарамдылығын анықтаймыз. Экспертиза қорытындысы бойынша қандай да бір ауру түрі анықталса, оның әскери қызметке дейін немесе кейін пайда болғанын зерттейміз. Сосын комиссия мүшелері өзара ақылдасып, шешім қабылдайды. Бірінші реттік тексеріске келетін әскери қызметшілерді кадр бөлімінің мамандары тағайындайды. Мәселен, Ұлттық ұландағы арнайы жасақтар мен ұшқыштардың денсаулығы басқа әскери қызметшілерден өзгеше болады. Оларды қадағалау барысында қатаңдатылған медициналық диагностика жүргізіледі. Егер талапқа сай болмаса денсаулығына байланысты шектеулі деп береді, - дейді майор.

Әскери-дәрігерлік комиссияда офтальмология бойынша талаптар қатаң. Көздің құрылысын тексеру белгілі-бір кезеңдер бойынша жүргізіледі. Зерттеу барысында үміткерлер мен әскери қызметшілер аппараттарға орналастырылып, көздің құрылымын терең зерттеуге мүмкіндік беретін томографиялық және өзге де заманауи әдістерді қолданады.

− Жастар арасында көздің көру қабілеті көбіне нашар болып келеді. Басым көпшілігі көзілдірік немесе линза тағады. Міне, солар әскери қызметке немесе Отан алдындағы борышын өтеу барысында дәрігерлік комиссияда офтальмологтан құлаймыз деп жатады. Алайда №722 бұйрық бойынша енді қызметке тұрып жатқандар үшін, әрине, тәртіп талаптары жоғары. Ал жұмысқа тұратындар үшін көздің көріп-көрмеу қабілеті «-6»-ға дейін жарамды. Одан кейін көздің ішкі құрылысындағы тор қабықтағы (сетчаткадағы) өзгерістерге мән береміз. Егер ота жасалған болса оны міндетті түрде ескеріп, экспертизадан кейін ғана шешім қабылдаймыз. Өзгерістер болмаса әскери қызметке рұқсат беріледі. Сонымен қатар біз «ДамуМед» медициналық қосымшасын қолданамыз. Аталған бағдарлама арқылы үміткерлердің медициналық деректеріне қол жеткіземіз, - дейді әскери-дәрігер.

Маман кей жағдайда әскери-дәрігерлік тексеріске келетін әскери қызметшілер мен оқуға тапсыратын үміткерлер арасында келеңсіз оқиғалар болатынын атап өтті.

− Кейде адамдар көзді тексеретін кестенің реттілігін жаттап келеді. Ал енді бірі көздеріне линза тағып алады. Сол арқылы тексерістен тез өтеміз деп ойлайды. Алайда біз тыңғылықты тексеріс жүргіземіз. Тіпті, линза тағылған көзді ажырата аламыз, - дейді ол.

Жоғарыда айтылған диагностикалық шаралар әскери қызметке жарамдылықты анықтауда маңызды рөл атқарады. Әсіресе көздің көру қабілеті мен оның функционалдық жағдайы мұқият бағаланады. Бұл талаптар болашақ әскери қызметкерлердің қызмет барысында нақты әрі жылдам әрекет етуіне тікелей әсер етеді. Жастар үшін спортпен шұғылдану және салауатты өмір салтын ұстану – тек таңдау емес, болашаққа салынған берік негіз. Ал денсаулықты күту мен темірдей тәртіпке бағыну – нағыз отансүйгіштіктің көрінісі. Себебі төзім, шыдам және тәртіп тоғысқан жерде ғана шынайы жетістікке жол ашылады. Ел тыныштығын күзететін сарбаздың күші – оның саулығында.

Ұлдана НУРАДИН, ҚазҰУ 4 курс студенті

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -