Ұлттық ұлан Академиясында «Жылдың үздік курсанты» байқауы қорытындыланды. Ел қорғаны болу – екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін абыройлы міндет. Ал сол жауапты жолда білім мен біліктілікті, тәртіп пен табандылықты қатар алып жүру – нағыз әскери маманға тән қасиет. Ұлттық ұлан Академиясында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Жылдың үздік курсанты» байқау-конкурсы дәл осындай жан-жақты, талапты әрі көшбасшылық қабілеті жоғары курсанттарды анықтауға бағытталған.
Биылғы байқаудың екінші кезеңі 2026 жылдың 6–18 сәуірі аралығында өткізіліп, оған оқу ордасының үздік курсанттары қатысты. Конкурс барысында қатысушылардың теориялық білімі мен әскери дайындығы ғана емес, қоғамдық белсенділігі, ғылыми ізденісі, спорттағы жетістігі және көшбасшылық қабілеті жан-жақты сараланды.
Бүгінде Ұлттық ұлан Академиясы – әскери білім мен тәртіптің, патриотизм мен рухани тәрбиенің алтын ұясына айналған білім ордасы. Мұнда болашақ офицерлер тек әскери мамандықты игеріп қана қоймай, елге адал қызмет етудің мәнін түсінеді. Сондықтан «Жылдың үздік курсанты» секілді байқаулар жастардың бойындағы жауапкершілік пен Отанға деген сүйіспеншілікті арттыра түседі.
Халқымызда «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген тағылымды сөз бар. Байқауға қатысқан курсанттар да білім мен біліктің, тәртіп пен табандылықтың арқасында өз мүмкіндіктерін жоғары деңгейде көрсете білді. Қатысушылар түрлі кезеңдерде әскери пәндер бойынша білімдерін дәлелдеп, саптық даярлық, дене шынықтыру және әскери қызметкерге тән кәсіби қасиеттер бойынша сынға түсті. Сонымен қатар олардың қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуы мен ғылыми-зерттеу бағытындағы еңбектері де ескерілді.
Конкурстық комиссияның қорытынды шешіміне сәйкес байқау барысында жоғары нәтижелер көрсетіп, жан-жақты қабілетімен ерекшеленген үздік курсанттар анықталды. Қатысушылардың әскери даярлығы, оқу үлгерімі, ғылыми және қоғамдық белсенділігі, спорттағы жетістіктері мен көшбасшылық қасиеттері жан-жақты сараланып, әділ бағаланды.
Байқау қорытындысы бойынша 4 курс курсанты, қатардағы жауынгер Ернұр Турдашев үздік нәтиже көрсетіп, «Жылдың үздік курсанты» атағын жеңіп алды. Ол байқау кезеңдерінде терең білімімен, жоғары әскери дайындығымен, табандылығы және белсенділігімен дараланды. Екінші орын 3 курс курсанты қатардағы жауынгер Қазахбай Ақжолбек Қайсарұлына бұйырса, үшінші орынды 2 курс курсанты кіші сержант Расул Ерғали иеленді.
Байқаудың бас жүлдегері Ернұр Ерболұлы жоғары кәсіби шеберлігі, үлгілі тәртібі және қызметке деген жауапкершілігі үшін «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының Құрмет грамотасымен салтанатты түрде марапатталды. Бұл марапат – курсанттың табанды еңбегі мен жүйелі ізденісінің нәтижесі ғана емес, сонымен қатар болашақ офицерге артылған үлкен сенімнің белгісі.
Өз сөзінде жеңімпаз бұл жетістіктің үлкен еңбек пен табандылықтың нәтижесі екенін атап өтті.
– Бұл байқау мен үшін үлкен тәжірибе әрі өз мүмкіндігімді сынауға берілген мүмкіндік болды. Жеңіске жету оңай болған жоқ. Әр кезең үлкен дайындықты, тәртіп пен жауапкершілікті талап етті. Мен үшін бұл марапат – тек жеке жетістік емес, маған сенім артқан командирлерім мен ұстаздарымның еңбегінің жемісі. Алдағы уақытта да Отанға адал қызмет етіп, Ұлттық ұлан академиясының абыройын жоғары ұстауға бар күшімді саламын, – деді қатардағы жауынгер Ернұр Ерболұлы.
Әскери ортада үздік атану – тек жоғары көрсеткішке қол жеткізу ғана емес, ол үлкен жауапкершілік жүгін арқалау деген сөз. Себебі үздік курсант – өзгелерге үлгі, тәртіптің тірегі, білім мен біліктің айқын көрінісі. Осындай байқаулар арқылы жастар өздерінің кәсіби деңгейін шыңдап қана қоймай, бойларындағы рухани және адами құндылықтарды да дамыта түседі.
Академияда ұйымдастырылатын мұндай тағылымды іс-шаралар жас офицерлердің елге қызмет етуге деген ынтасын арттырып, олардың бойында патриоттық рухты қалыптастыруға зор ықпал етеді. Себебі Отан қорғау – қасиетті парыз, ал сол жолда үздікболуға ұмтылу – әрбір әскери қызметшінің басты мұраты.
Бүгінгі үздік курсанттар – ертең ел тыныштығын күзететін, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ететін білікті офицерлер. Сондықтан олардың жетістігі – тек жеке жеңіс емес, Ұлттық ұлан академиясының да мерейі.
Лейтенант Маржан Талапкер