Отанды қорғау – халқымыздың санасына терең сіңген қасиетті ұғымдардың бірі. Қазақ даласының әр сүйем жері батырлардың ерлігімен, ата-бабалардың жанқиярлығымен сақталып қалды. Ел тәуелсіздігі жолындағы күрес ұлт жадында мәңгі сақталып, кейінгі ұрпаққа аманат болып жетті. Бүгінде сол аманаттың салмағын арқалап жүргендердің қатарында Ұлттық ұлан сарбаздары да бар. Олар бейбіт күннің күзетінде тұрып, ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды міндет атқарады.
Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінің Агроқалашық кентінде орналасқан 4-жеке атқыштар батальоны, сондай жауапты құрылымдардың бірі. Батальонның басты міндеті түзету мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сотталған азаматтарды күзету, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтардың алдын алу. Агроқалашық – сырт көзге тыныш әрі қарапайым көрінетін аймақ. Алайда дәл осы тыныштықтың артында тәулік бойы тоқтаусыз атқарылып жатқан жауапты қызмет жатыр. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан, ұландықтар бекітілген міндеттерін жоғары жауапкершілікпен орындайды. Қарауыл қызметі әскери саланың ең күрделі бағыттарының бірі саналады. Себебі мұнда әрбір әрекет қырағылықты, тәртіпті және психологиялық төзімділікті талап етеді. Мекеме аумағындағы бақылау бекеттері стратегиялық маңызына қарай орналастырылған. Олар өзара байланысып, бүкіл аумақты толық бақылауға мүмкіндік береді. Әр бекетте қызмет ететін сарбаздар орталықпен үздіксіз байланыста болып, күмәнді жағдайларды дереу хабарлап отырады. Бұл – қызметтің негізгі қағидаларының бірі.
4-жеке атқыштар батальонының құрылғанына биыл 68 жыл толып отыр. Батальон 1957 жылы құрылған. Бүгінде мұнда 127 сарбаз әскери қызмет атқарады. Батальон құрамындағы 7 бақылау бекеті тәулік бойы күзет қызметін атқарып, мекеме аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Қарауыл ауысымы әрбір бір сағат сайын алмастырылып отырады. Ал бір тәуліктің ішінде 9 ауысым жүзеге асырылады.
Әскери бөлімдегі қызметтің әр минуты нақты жоспарланған. Сарбаздардың күн тәртібі таңғы сағат 06:00-де басталады. Ұйқыдан тұрғаннан кейін таңғы дене жаттығулары өткізіліп, әскери қызметшілер сапқа тұрады. Төсек орындарын реттеу, бөлмелерді жинастыру, таңертеңгі тексеріс тәртіптің басты талаптарының бірі. Бұдан кейін сарбаздар таңғы ас ішіп, ақпараттандыру және сабақтарға дайындық жұмыстарына кіріседі. Күнделікті жоспар бойынша сарбаздар бірнеше әскери сабақтардан өтеді. Онда жауынгерлік дайындық, қарумен жұмыс істеу, қауіпсіздік талаптары, құқықтық және психологиялық дайындықтар қамтылады. Әскери қызмет тек физикалық төзімділікті ғана емес, жоғары моральдық жауапкершілікті де талап етеді.
Қарауыл қызметі әскери саланың ең жауапты бағыттарының бірі саналады. Себебі мұнда әрбір әрекет қырағылық пен төзімділікті талап етеді. Түзету мекемесінің аумағына кірген сәттен бастап әскери тәртіп бірден байқалады. Биік қоршаулар, бірнеше қатар сым темірлер, бейнебақылау камералары мен жарықтандыру жүйелері қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі тетіктері.
Батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Мадияр Кунтуов батальондағы атқарылып жатқан жұмыстар мен жеке құрамның қызметі туралы айтып өтті. Ол өз сөзінде сарбаздардың қызметі мен олардың демалысын ұйымдастыру мәселелеріне ерекше тоқталды.
- Біздің батальон жауапты қызмет атқарады, сарбаздарымыз өз міндеттерін жақсы деңгейде орындап жүр. Қызметтің күрделілігіне қарамастан, олар тәртіпті сақтап, тапсырылған жұмысты адал әрі абыроймен атқарып келеді. Қызметтен бөлек олардың демалысына да ерекше көңіл бөлеміз. Сол үшін түрлі сейілдемелер ұйымдастырып, кинотеатрға апарып, қаладағы концерттер мен мәдени іс-шараларға шығарып тұрамыз. Сарбаздарымыз қолайлы ортада қызмет атқаруы үшін бар күшімізді саламыз. Олар өздеріне жүктелген міндетті ешкімнің ескертуінсіз, өз жауапкершілігімен адал атқарып жүр. Сарбаздар – біздің барымыз әрі бөлімнің басты тірегі.
Қарауылға түсетін сарбаздар қызмет алдында арнайы нұсқаулықтан өтеді. Әр әскери қызметші қаруды қабылдау тәртібін, бекеттегі әрекет ету алгоритмін және қауіпсіздік талаптарын толық меңгеруі тиіс. Қарауыл қызметінде қолданылатын негізгі қару – АК-74 автоматы. Сонымен қатар бөлімде байланыс құралдары ретінде рация пайдаланылады. Бұл құрылғылар бекеттер арасындағы үздіксіз байланысты қамтамасыз етіп, күмәнді жағдайлар туындаған кезде жедел әрекет етуге пайдаланылады.
Бақылау бекеттері стратегиялық маңызына қарай орналастырылған. Әр бекет орталықпен үздіксіз байланыста болады. Қызмет барысында сарбаздар тек аумақты күзетіп қана қоймай, қауіпсіздік талаптарының сақталуын да қадағалайды. Кез келген күмәнді әрекет бірден баяндалып, тиісті шаралар қабылданады.
Қарауыл ауысымынан кейін сарбаздар қарауыл үй-жайына келіп тынығады. Мұнда олардың демалуына барлық жағдай жасалған. Жылы бөлмелер, ыстық тамақ, теледидар, газет-журналдар және тынығу орындары әскери қызметшілердің қысқа уақыт ішінде күш жинауына мүмкіндік береді. Ұжым ішіндегі ұйымшылдық пен өзара қолдау әскери қызметтің маңызды бөлігі.
Әскери бөлімде сарбаздардың физикалық дайындығына ерекше көңіл бөлінеді. Күнделікті спорттық жаттығулар, саптық дайындықтар мен әскери нормативтер тұрақты түрде өткізіледі. Бұл жауынгерлердің шыдамдылығын арттырып, төтенше жағдайларда жедел әрекет ету қабілетін қалыптастырады. Сонымен қатар әскери қызметшілер арасында мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылып тұрады.
Бөлім сарбаздары әскери қызметпен қатар спорт саласында да жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Соның бірі – қатардағы жауынгер Иван Мамасахипашвили. Ол Қостанай қаласында өткен қоян-қолтық ұрысынан 80 келі салмақ дәрежесінде жүлделі ІІ орынды иеленіп, өңірлік қолбасшылықтың абыройын асқақтатты.
Қатардағы жауынгер Иван Мамасахипашвили әскери қызметтің өзіне үлкен тәжірибе мен тәртіп бергенін айтады. Оның сөзінше, әскерге келгеннен кейін өмірге деген көзқарасы өзгеріп, жауапкершілікті тереңірек түсіне бастаған.
– Әскерге келгеннен кейін көп нәрсені түсіндім. Мұнда тәртіпке, жауапкершілікке және төзімділікке үйрендік. Қызметтің өзіндік қиындықтары болғанымен, сарбаздар үшін барлық жағдай жасалған. Бізге тек әскери дайындық қана емес, спортпен айналысуға да үлкен мүмкіндік беріледі. Жақында Қостанай қаласында өткен қол күресі жарысына қатысып, өзімді жақсы қырымнан көрсете алдым. Осындай мүмкіндік беріп, әрдайым қолдау көрсетіп жүрген әскери бөлім командирлеріне алғысымды білдіремін. Әскери қызмет мені шыңдап, нағыз азамат болуға тәрбиелеп жатыр, - деді ол.
Әскери қызметшілер кез келген ауа райы жағдайында қызмет атқарады. Қыс мезгілінде ауа температурасы –25 градусқа дейін төмендесе, жазда +35 градусқа дейін көтеріледі. Соған қарамастан ұландықтар қызметін тоқтатпайды.
Ұландықтардың күнделікті қызметі сырт көзге байқала бермегенімен, ел қауіпсіздігі үшін аса маңызды. Олар темірдей тәртіпке бағына отырып, қоғам тыныштығын күзетеді. Әрбір сарбаз өзіне жүктелген міндеттің маңызын терең түсінеді. Сондықтан олардың қызметі ел алдындағы үлкен жауапкершілік болып саналады.
Бүгінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды құрылымдардың біріне айналды. Ал Агроқалашық кентіндегі 4-жеке атқыштар батальонының тыныс-тіршілігі – осы қызметтің айқын көрінісі. Қырағылық пен тәртіпті серік еткен ұландықтардың еңбегі – бейбіт өмірдің берік қорғаны.
Лейтенант Әлішер Асқарбек