«Айбын-2026» жиынында арқан тарту, эстафета және жүзуден үздіктер анықталды

913
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: Gov

Ақмола облысындағы «Амандық» полигонында өтіп жатқан XII Халықаралық «Айбын-2026» әскери-патриоттық жастар жиынының кезекті жарыс күнінде қатысушылар арқан тарту, әскери эстафета және жүзу бойынша бақ сынады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жас сарбаздар күш-қайратын, төзімділігі мен ұйымшылдығын көрсетіп, жарыстың әр кезеңінде жоғары дайындық деңгейін паш етті.

Арқан тартуда Қазақстан құрамасы жеңіске жетті

Ең тартысты сайыстардың бірі арқан тарту жарысы болды. Бұл бәсекеде тек күш емес, командалық үйлесім, бірлік пен дұрыс тактика шешуші рөл атқарды.

Халықаралық санаттағы финалда Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары кездесті. Шешуші кезеңде Астанадағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледждің кадеттері қарсыластарынан басым түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді.

Жеңістен кейін ұлттық құраманың капитаны Сағынай Сағанбек өз әсерімен бөлісті.

«Бұған дейінгі «Айбын» жиындарында біз осы сайыс түрінен тұрақты түрде екінші немесе үшінші орын алып жүрдік. Ал бүгін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Біз үшін Қазақстанның абыройын асқақтатып, әскери-патриоттық клубтардың жас тәрбиеленушілеріне үлгі көрсету маңызды болды.»

Әскери эстафетада командалардың дайындығы сыналды

Сол күні полигонда әскери эстафета ұйымдастырылды. Қарқынды өткен жарыс қатысушылардан жылдамдықты, дәлдікті және өзара үйлесімді талап етті.

Әр командадан бес қатысушы 25 метрлік қашықтықты кезекпен еңсеріп, бірнеше әскери тапсырманы орындады.

Қатысушылар:

  • автоматты бөлшектеп, қайта жинады;
  • әскери жарақты киді;
  • салмағы 15 келі болатын оқ-дәрі жәшігін тасымалдады;
  • тікенекті сым астымен еңбектеп өтті;
  • садақ атудан мергендіктерін сынады.

Жүзу жарыстары Щучинскіде өтті

Күннің екінші жартысында жарыстар Щучинск қаласындағы Олимпиадалық даярлық орталығында жалғасты. Мұнда қатысушылар жүзуден өз командаларының намысын қорғады.

Әр секунд маңызды болған сайыста дұрыс тыныс алу, жүзу техникасы және эстафетаны жылдам тапсыру шешуші факторға айналды.

«Айбын» қатысушылары жаңа достар тапты

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жиынның басты жетістігі тек жүлделер емес, жастар арасында қалыптасқан достық пен өзара құрмет атмосферасы.

Қырғыз ұлттық әскери лицейінің тәрбиеленушісі Әжібек Рысқұлов Қазақстанға алғаш рет келгенін айтып, жиыннан алған әсерімен бөлісті.

««Айбын» жиынына қатысу үшін Қазақстанға алғаш келуім. Әсерім өте жақсы. Мұнда ерекше достық пен өзара сыйластықты сездім. Бірнеше күннің ішінде әртүрлі елден келген жастармен достасып үлгердік. Эстафета біз үшін қиын болған жоқ. Себебі өз елімізде осындай кедергілер жолағынан өтуді мұқият жаттықтырдық. Сондықтан жарыс барысында өзімізді сенімді сезініп, жақсы нәтиже көрсеттік.»

Алда ең шешуші кезең күтіп тұр

Жиынның негізгі кезеңдерінің бірі – «Күшіміз бірлікте» әскери-тактикалық ойыны. Дәл осы сайыс қатысушылардың кәсіби дайындығы мен командалық қабілетін жан-жақты бағалайды.

Сонымен бірге бірнеше күнге созылған халықаралық жиын жастардың тәжірибе алмасуына, түрлі елдердің өкілдері арасында достық қарым-қатынас орнатуына және әскери-патриоттық тәрбиені нығайтуға мүмкіндік берді. Сондықтан «Айбын-2026»-ның басты нәтижесі медальдар ғана емес, ортақ мақсат жолында қалыптасқан сенім мен берік достық деуге болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -