Қазақстандық шахматшылар әлем чемпионатынан алты медальмен оралды

935
Фотосурет: Қазақстан шахмат федерациясы

Гонконгта өткен рапид және блиц бойынша командалық әлем чемпионатында қазақстандық шахматшылар жарқын нәтиже көрсетіп, жеке есепте алты медаль жеңіп алды. Қазақстан өкілдері әлемнің ең мықты шахматшыларымен тең дәрежеде өнер көрсетіп, халықаралық аренадағы жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан қоржынына алты медаль түсті

FIDE World Team Rapid and Blitz Championships 2026 турнирінде Қазақстан шахмат федерациясының өкілдері бірнеше тақтада үздіктер қатарынан көрінді.

Жеке есеп бойынша жүлдегерлер:

  • Алуа Нұрман – блицтен алтын, рапидтен күміс;
  • Кұмар Түлепұлы – рапидтен күміс, блицтен қола;
  • Айлин Зарқым – блицтен күміс;
  • Мұрат Омаров – рапидтен қола.

Алуа Нұрман әлем жұлдыздарын артта қалдырды

19 жастағы алматылық Алуа Нұрман турнирдің басты қаһармандарының біріне айналды.

Рапид пен блиц жарыстарында ол әлемдік шахматтың атақты өкілдерімен кездесіп, бірнеше маңызды жеңіске қол жеткізді. Алуа Магнус Карлсеннің командасына қарсы матчта жеңіске үлес қосып, бұрынғы әлем чемпионы Александра Костенюкті тізе бүктірді. Сондай-ақ қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюньмен тең ойнап, өзбекстандық Гүлрұхбегім Тоқыржонованы және Әлем кубогының жеңімпазы Дивья Дешмұхты жеңді.

Блиц турнирінде ол Еуропа чемпионы Теодора Иньяцті ұтып, әлем чемпионатының жүлдегері Лэй Тинцзеге қарсы микроматчта жеңіске жетті.

Рапидте алтын медальды Алуа тек қосымша көрсеткіш – ойнаған партия саны бойынша ғана жіберіп алды.

Жас шахматшылар да жоғары нәтиже көрсетті

20 жастағы Кұмар Түлепұлы рапидтен күміс, блицтен қола медаль жеңіп алды.

Ал небәрі 15 жастағы Айлин Зарқым блиц турнирінде күміс жүлдегер атанып, өз тақтасында үздіктердің қатарынан көрінді.

Kazchess командасының құрамында өнер көрсеткен әлемнің үш дүркін блиц чемпионы Александр Грищук бірінші тақтада жеке есепте екінші нәтиже көрсетті.

Hexamind Chess Team сапында ойнаған Мұрат Омаров рапид бойынша қола медаль иеленді.

Қазақстанның екі командасы да үздік ондыққа енді

Қазақстан шахмат федерациясы турнирде Kazchess және Barys командаларымен өнер көрсетті.

Рапид қорытындысында:

  • Kazchess – 7-орын;
  • Barys – 9-орын.

Екі команда да 15 матчтық ұпай жинап, әлемнің үздік он командасының қатарына енді.

Barys командасының ең ірі жетістіктерінің бірі турнирдің басты фавориті саналатын Магнус Карлсеннің WR Chess командасын жеңуі болды.

Блицте де плей-оффқа шықты

Рапид аяқталғаннан кейін командалар блиц бойынша әлем чемпионатына қатысты.

3+2 уақыт бақылауымен өткен жарыста:

  • Barys А тобында 18 ұпаймен үшінші орын алды;
  • Kazchess D тобында дәл сондай ұпаймен екінші орынға тұрақтады.

Осылайша екі қазақстандық команда да плей-офф кезеңіне сенімді жолдама алды.

Бұл не үшін маңызды?

Гонконгтағы әлем чемпионаты Қазақстан шахматының халықаралық деңгейдегі әлеуетін тағы бір мәрте көрсетті. Жас шахматшылардың әлем чемпиондары мен рейтинг көшбасшыларына қарсы сенімді ойыны, алты жеке медаль және екі команданың да әлемнің үздік ондығына енуі еліміздегі шахмат мектебінің қарқынды дамып келе жатқанын дәлелдейді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -