Астанада Қазақстанның халық әртісі, көрнекті опера әншісі Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Ғасыр дауысы» атты мерейтойлық музыкалық кеш өтті. Мәдени шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылып, қазақ опера өнерінің дара тұлғасына құрмет көрсетілді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Президенттің құттықтауын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді.

Президент: Ермек Серкебаевтың мұрасы – ұлттың ортақ қазынасы
Мемлекет басшысы өз құттықтауында Ермек Серкебаевтың қазақ мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті. Сондай-ақ мерейтойдың халықаралық деңгейде аталып өтіп отырғанына назар аударды.
«Әйгілі өнер перзенті Ермек Серкебаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін мерейтойлар тізіміне енгізілді. Ермек Бекмұхамедұлы біртуар әнші әрі ұлағатты ұстаз болды. Ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ұзақ жыл қажырлы еңбек етіп, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Осылайша, қайталанбас қолтаңбасы бар ән мектебін қалыптастырды. Дара тұлғаның ғасыр тойы – ұлттық мерей. Оның өрелі өнері, бекзада болмысы – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Сондықтан, Ермек Серкебаевтай ұлт перзентінің есімін ұлықтау, оның мұрасын дәріптеу баршаға ортақ міндет екені анық».
Сахнада Серкебаевтар әулеті өнер көрсетті
Мерейтойлық кешке Ермек Серкебаевтың отбасы мүшелері қатысты. Сахнада Мұрат Серкебаев, Байғали Серкебаев және Жәмилә Серкебаева өнер көрсетіп, шығармашылық әулеттің дәстүрі мен рухани сабақтастығын паш етті.
Мұрат Серкебаев Мемлекет басшысының мәдениет саласына көрсетіп отырған қолдауына алғыс білдірді.
«Бүгінгі кеш – баршамыз үшін қуанышқа толы мереке. Ермек Бекмұхамедұлы – есімі ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ұлы өнер иесі. Концерттің мазмұны да, ұйымдастырылуы да жоғары деңгейде өтті. Көрерменнің ыстық ықыласы да айрықша. Мәдениетке үнемі көңіл бөліп, осындай тағылымы мол жобалардың жүзеге асуына қолдау көрсетіп отырған Мемлекет басшысына шынайы алғысымды білдіремін. Елімізде көрнекті өнер қайраткерлерінің есімі ұлықталып, олардың мұрасы кейінгі буынға насихатталып келе жатқаны аса маңызды».
Байғали Серкебаев: Бұл – өнер мен руханияттың мерекесі
Музыкант әрі продюсер Байғали Серкебаев бұл кештің тек отбасы үшін емес, қазақ өнерін қадірлейтін көпшілік үшін де ерекше мәнге ие екенін айтты.
«Әкемнің есімін әрдайым мақтанышпен айтамын. Ол қазақ өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, елімізді әлемге танытты. Әкемнің шығармашылық мұрасына көрсетіліп отырған құрмет үшін Мемлекет басшысына шынайы алғысымды білдіремін. Сондай-ақ осы концерттің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барша ұйымдастырушы мен өнер иесіне ризашылығымды жеткіземін. Бүгінгі кеш өнер мен руханият салтанат құрған ерекше мереке болды. Музыканттардың да, көрермендердің де ерекше әсер алып, көңілдері бір серпіліп қалғаны сөзсіз».
Қазақ музыкасының алтын қоры жаңаша шырқалды
Концерт барысында Ермек Серкебаевтың орындауымен танылған қазақ музыкасының алтын қорына енген шығармалар, сондай-ақ көрермен сүйіп тыңдайтын әндердің заманауи өңдеудегі нұсқалары орындалды.
Мерейтойлық кеш соңында қатысушыларға Қазақстан Республикасы Президентінің атынан ықылас гүлі табысталды.

Бұл неге маңызды?
Ермек Серкебаевтың 100 жылдығының ЮНЕСКО аясында аталып өтуі – қазақ мәдениетінің халықаралық деңгейде мойындалғанының көрінісі. Мұндай мерейтойлар ұлттық өнерді дәріптеуге, көрнекті тұлғалардың мұрасын жас ұрпаққа танытуға және мәдени сабақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

