Әскердің көзге көрінбейтін қорғаны: Қазақстанның РХБ қорғау әскері немен айналысады

1166
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Қонаев гарнизонының баспасөз қызметі

Қазақстан армиясында көпшілік назарынан тыс қалса да, ең жауапты міндеттердің бірін атқаратын бөлімдер бар.

Олар – радиациялық, химиялық және биологиялық (РХБ) қорғау әскерлері. Дәл осы мамандар ел қауіпсіздігі үшін көзге көрінбейтін қауіптердің алдын алып, кез келген жағдайда әрекет етуге дайын тұрады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Осыған орай Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 26363 әскери бөліміндегі жеке радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау батальонында РХБ қорғау әскерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шара барысында қызметте жоғары нәтиже көрсеткен әскери қызметшілерге ведомстволық наградалар, Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды. Олар әскери борышын үлгілі орындағаны, кәсіби шеберлігі мен адал қызметі үшін марапатталды.

Батальонның басты міндеті – радиациялық, химиялық және биологиялық қауіптер туындаған жағдайда әскери бөлімдердің жауынгерлік қабілетін сақтап, жеке құрамды, қару-жарақ пен техниканы қорғау.

26363 әскери бөлімінің командирі, подполковник Жеңісбек Байтилеуов РХБ қорғау әскері сарбаздарының еңбегіне ерекше тоқталды.

«Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшелерінің әскери қызметшілері күн сайын кәсіби шеберліктерін жетілдіріп, жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейін сақтап келеді. Бүгінде батальон кез келген жағдайда өзіне жүктелген міндеттерді тиімді орындауға қабілетті. Жеке құрамға адал қызметі, жауапкершілігі және Әскери антқа беріктігі үшін алғыс айтамын. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және Қазақстан Республикасының игілігі жолындағы қызметтеріңізге табыс тілеймін», – деді ол.

Көзге көрінбейтін қауіппен күрес

РХБ қорғау әскерлерінің жұмысы тек әскери жаттығулармен шектелмейді. Мамандар радиациялық, химиялық және биологиялық барлау жүргізеді, қауіпті аймақтарды анықтайды, қару-жарақ пен әскери техниканы, әскери нысандарды және жергілікті аумақтарды арнайы өңдеуден өткізеді.

Мұндай міндеттер жоғары дәлдікті, кәсіби дайындықты және заманауи арнайы техниканы жетік меңгеруді талап етеді. Сондықтан бөлімнің жеке құрамы тұрақты түрде оқу-жаттығуларға қатысып, жаңа техникамен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіріп отырады.

Пандемия кезінде де алдыңғы шепте болды

РХБ қорғау әскерлері тек әскери жағдайда ғана емес, бейбіт кезеңде де маңызды рөл атқарады.

COVID-19 пандемиясы кезінде олардың әскери қызметшілері елдегі көптеген нысандар мен аумақтарды залалсыздандыру жұмыстарына қатысып, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты.

Сонымен қатар бөлім мамандары төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде де бірнеше рет жұмылдырылып, түрлі күрделі операцияларға қатысқан.

Бүгінде РХБ қорғау әскері – Қазақстан Қарулы Күштерінің жауынгерлік даярлығының маңызды буыны. Олар күн сайын көзге көрінбейтін қатерлерге қарсы тұрып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет атқарып келеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -