Көп жағдайда студенттік достық оқу аяқталған соң әркімнің өз жолымен кетуімен үзіледі. Ал Түркістан өңірінде білім алған он жас мүлде басқа шешім қабылдады.
Олар диплом алғаннан кейін де бірге қалуды жөн көріп, бір мезетте әскерге аттанып, бүгінде Тараздағы бір әскери бөлімде қатар қызмет етіп жүр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл оқиға 2026 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанының ең ерекше мысалдарының біріне айналды.
Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-экономикалық колледжінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығын тәмамдаған он түлек бүгінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеп жатыр. Ең қызығы – олар тек бір әскери бөлімде ғана емес, бір батальон мен бір ротада қызмет етеді.
Кеше ғана оларды аудиториядағы дәрістер, спорт залындағы жаттығулар мен емтихан алдындағы дайындық біріктірсе, бүгінде таңғы сап, әскери дайындық және күнделікті қызмет жақындастырып отыр.
Бір кездесуден басталған шешім
Жастардың өміріндегі бұл таңдауға колледжде өткен кәсіби бағдар беру кездесуі әсер еткен.
Студенттер алдында Ұлттық ұлан офицері, мемлекеттік наградалардың иегері майор Ербол Отарбаев сөз сөйлеп, әскери қызметтің жауапкершілігі, маңызы және Отан алдындағы парыз туралы өз тәжірибесімен бөліскен. Оның әңгімесі жастарға ерекше әсер қалдырып, көп ұзамай олар әскерге бірге бару туралы ортақ шешім қабылдайды.
Бұл шешім кейін олардың достығын жаңа деңгейге көтерді.
Әскердегі достықтың күші
Әскери өмірге бейімделу көпшілік үшін оңай болмайтыны белгілі. Бірақ бұл он сарбаз үшін жағдай басқаша өрбіген. Себебі олар бір-бірін бұрыннан жақсы таниды, әлсіз тұстарын да, мықты қасиеттерін де біледі.
Бүгінде олар әскери өмірдің алғашқы кезеңдерін бірге еңсеріп, күнделікті тұрмыста да, жауынгерлік дайындық кезінде де бір-біріне сүйеніп келеді.
– Бір-бірімізге үнемі түсіндіріп, демеп, қолдау білдіреміз. Егер арамызда ине-жіп ұстап көрмегендер болса, әскери киімді қалай тігу керектігін үйретеміз. Әрдайым ақылымызды айтып, көмектесеміз. Біздің достығымыз студенттік жылдары сыннан өтсе, енді оны әскер өмірі шыңдап жатыр, – дейді қатардағы жауынгер Дидарбек Үсенов.
Спорттағы тәжірибе әскери дайындықта көмектесіп жатыр
Колледжде спорт саласы бойынша білім алған жастардың дайындығы әскери қызметте де пайдасын тигізуде.
Олар жауынгерлік даярлық сабақтарында жаттығулардың дұрыс орындалуына көмектесіп, физикалық жүктемеге бейімделуі қиындау болып жатқан қаруластарына қолдау көрсетеді. Мұндай тәжірибе бөлімдегі ұжымдық рухты нығайтып, әскери дайындықтың тиімді өтуіне ықпал етіп отыр.
Әскерден кейінгі мүмкіндік
Ұлттық ұландағы мерзімді әскери қызметін абыроймен аяқтаған сарбаздардың жоғары оқу орындарына арналған білім беру грантын жеңіп алуға мүмкіндігі бар.
Ал бір оқу орнында білім алып, кейін бір әскери бөлімде бірге қызмет етуді таңдаған осы он достың тарихы биылғы көктемгі шақырылымның ең жарқын оқиғаларының бірі ретінде есте қалмақ. Бұл тек достық туралы емес, ортақ мақсат, өзара сенім және Отан алдындағы жауапкершілікті бірге арқалаудың нақты үлгісі.
«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.