Қазақстан әлеуметтік қолдаудың жаңа моделіне көшіп жатыр. Басты мақсат — азаматқа қиындық туғаннан кейін ғана көмектесу емес, оның қажеттілігін алдын ала анықтап, білімге, медицинаға және тұрақты табысқа жол ашу, деп хабарлайды DKNews.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында халықтың әл-ауқатын, сапалы білім мен медицинаға қолжетімділікті және ауылды қолдауды мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты ретінде белгіледі.
Үкіметтің қазіргі жұмысы осы үш тірекке сүйенеді: әлеуметтік қауіпсіздік, адам капиталы және өңірлер арасындағы мүмкіндік алшақтығын азайту.
Зейнетақы өсті, әлеуметтік төлемдер кеңейді
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ортақ зейнетақы мен барлық зейнетақы төлемі 10%-ға индекстелді.
Бұл мақсатқа бюджеттен 4,9 трлн теңгеге жуық қаражат бөлініп, 2,6 млн зейнеткер қамтылды.
Индекстеуден кейін:
- ең төменгі жиынтық зейнетақы 105 мың теңгеге жетті;
- орташа зейнетақы 198 мың теңгені құрады;
- ең жоғары төлем 238 мың теңгеге дейін өсті.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражат көлемі 25,7 трлн теңгеге жетті. Жүйе жұмыспен қамтылған халықтың шамамен 69%-ын қамтиды.
Балалы отбасыларға 974 млрд теңге бөлінді
Мемлекет ана мен баланы қолдауды ұзақмерзімді инвестиция ретінде қарастырып отыр.
Жыл басынан бері балалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақылар 10%-ға өсті. Республикалық бюджеттен 974 млрд теңге бөлінді, бұл былтырғы деңгейден 19,1%-ға көп.
1 маусымға дейін төлемдерді шамамен 1,3 млн адам алды.
Бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы ретінде 149,8 мың азаматқа 29,6 млрд теңге төленді. Жұмыс істемейтін 131,2 мың ата-анаға бала күтімі үшін 21 млрд теңге бағытталды.
Мемлекеттік жәрдемақымен:
- 248,7 мың марапатталған ана;
- 636 мың көпбалалы отбасы;
- мектепке дейінгі жастағы 61 мың бала қамтылды.
Бір жыл ішінде көпбалалы отбасылар саны 20,9 мыңға артты.
Әлеуметтік сақтандыру 896 мың адамды қамтыды
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыссыз қалған, еңбекке қабілеттілігінен айырылған немесе асыраушысынан айырылған азаматтар үшін негізгі қорғаныс тетігіне айналып келеді.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 896,3 мың адамға 332,7 млрд теңге төленді.
Оның ішінде:
- 92,7 мың азамат еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты 25 млрд теңге алды;
- асыраушысынан айырылған 66 мың отбасыға 19,1 млрд теңге төленді;
- жұмыссыз қалған 236,5 мың адамға 62,6 млрд теңге бағытталды;
- 70,1 мың әйелге жүктілік пен босануға байланысты 72,7 млрд теңге бөлінді;
- бала күтіміне 431 мың адамға 153,3 млрд теңге төленді.
Әлеуметтік көмек нақты мұқтаждыққа қарай беріледі
Қазақстан әлеуметтік қолдаудың формалды санаттарға негізделген моделінен біртіндеп бас тартып келеді.
Атаулы әлеуметтік көмек 36,4 мың отбасындағы 196,4 мың адамға тағайындалды. Жалпы төлем көлемі 17 млрд теңгені құрады.
Мүгедектігі бар 545 мың азаматтың жәрдемақысы 10%-ға өсіп, орташа есеппен 87 мың теңгеге жетті.
Сонымен бірге қолжетімді орта қалыптастыру жұмысы жалғасуда. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттілігіне шамамен 30 мың инфрақұрылым нысаны бейімделді.
12 өңірде оңалту орталықтары салынып жатыр. 10 қалада аутизмі бар балаларға арналған күндізгі орталықтар жұмыс істей бастады.

Жұмыссыздық 4,6% деңгейінде сақталды
Елде 9,7 млн адам жұмыспен қамтылған. Ең төменгі жалақы 85 мың теңге болған кезде жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрады.
Шілде айына дейін 249,6 мың адам жұмысқа орналасты.
Олардың қатарында:
- тұрақты жұмыс тапқан 69,9 мың адам;
- жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан 69,8 мың азамат;
- «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» бастамасымен еңбекке тартылған 55,7 мың адам;
- инвестициялық жобаларға жұмысқа орналасқан 5 мың азамат бар.
Тағы 182,3 мың адам кәсіптік бағдар беру, онлайн оқу және «Бастау Бизнес» курстарынан өтті.
Құны 103,4 трлн теңге болатын 3,3 мың инвестициялық жоба аясындағы 426,6 мың жұмыс орны цифрлық платформа арқылы бақыланады.
Мемлекет 6,2 млн отбасының жағдайын талдайды
Проактивті әлеуметтік жүйенің негізі — цифрлық дерек.
Smart Data Ukimet жүйесінде 6,2 млн отбасы туралы мәлімет жинақталған. Бұл мемлекеттік органдарға азаматтың өтінішін күтпей, оның қандай қолдауға мұқтаж екенін алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.
Өңірлерде 158 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді.
Family Service Management платформасы арқылы 30 мыңнан астам өтініш қаралды. 25 мың отбасы құқықтық және психологиялық көмек алды, тағы 5 мың отбасы тұрақты патронажға қойылды.
Шымкент пен Қарағанды облысында көмек алушының санатына емес, отбасының нақты жағдайына қарай шешім қабылдайтын цифрлық модель сынақтан өтіп жатыр.
Ауылдарда 655 медициналық нысан ашылды
Ауыл медицинасы әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналды.
Өңірлерде 655 жаңа амбулатория, медициналық пункт және фельдшерлік-акушерлік нысан пайдалануға берілді.
Тағы 12 медициналық мекеме толық жаңғыртылып, ауыл тұрғындарына мамандандырылған көмек көрсете бастады.
Бұл өзгеріс ем алу үшін облыс орталығына баруға мәжбүр болған тұрғындардың санын азайтуға тиіс.

Ауыл дәрігерлеріне 8,5 млн теңге төленеді
Ауылдық жерлердегі дәрігер тапшылығы 13,8%-ға төмендеді.
Кемінде бес жыл жұмыс істеуге келісім берген 529 тапшы маманға 8,5 млн теңгеден біржолғы төлем берілді.
Медицина кадрларын даярлау жүйесі де кеңейді. Интернатурада алты жаңа мамандық, резидентурада балалар медицинасына арналған 14 бағыт ашылды.
Дәрігерлерді қорғау үшін медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны немесе қорқытқаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
152 стационарда полиция бекеттері жұмыс істейді. Астана мен Алматыдағы жедел жәрдем бригадалары бейнежетондармен жабдықталғаннан кейін жанжал саны 90%-ға азайды.
Қазақстан дәрі өндірісін ұлғайтып жатыр
Дәрі-дәрмек сатып алудың жылдық жоспары 584,1 млрд теңге көлемінде бекітілді.
Отандық 66 препарат бойынша бағаны төмендету арқылы бюджет 10,3 млрд теңге үнемдеді.
Елде 209 фармацевтикалық өндіруші тіркелген. Оның 43-і дайын дәрілік өнім шығарады.
Бірінші тоқсанда фармацевтика өндірісінің көлемі 46%-ға өсіп, 70,8 млрд теңгеге жетті.
Қазақстандық өндірушілермен 2 058 өнім атауын шығаруға арналған 83 ұзақмерзімді шарт жасалды. Келісімдердің жалпы сомасы 125,4 млрд теңгені құрайды.
Pfizer, Hoffmann-La Roche және AstraZeneca компанияларымен алты түпнұсқа дәрілік препаратты келісімшарттық өндіру туралы шарттар бекітілді.
Үкімет 474 жаңа дәрі атауын шығару үшін 391,3 млрд теңгеге алты инвестициялық келісім жасасты. Мақсат — 2029 жылға қарай ішкі нарықтағы отандық дәрілердің үлесін 50%-ға жеткізу.
Медициналық деректер бір жүйеге біріктіріледі
23 ақпараттық жүйе E-Densaulyq платформасының жеті құрамдас бөлігіне біріктіріліп жатыр.
Көлемі 1,5 петабайт болатын бірыңғай медициналық деректер қоймасы елдегі клиникалардың 95%-ынан ақпарат жинайды.
1 шілдеден бастап медициналық қызметтерді қаржыландыру тек расталған деректерге негізделеді. Бұл жалған есеп пен орындалмаған қызметтер үшін төлем жасау тәуекелін азайтады.
Бірыңғай жүйе дәрігерлердің әкімшілік жүктемесін екі есеге қысқартуы тиіс.
Балабақша кезегі екі есеге қысқарды
Жыл басынан бері мектепке дейінгі ұйымдарда 14,9 мың жаңа орын ашылды.
Баласы балабақшаға бармайтын ата-аналар үшін 6,4 мыңнан астам консультациялық пункт жұмыс істейді.
Ваучерлік қаржыландыру жүйесіне 5,9 мың балабақша қосылды. Бір миллионнан астам мақсатты ваучер беріліп, кезек екі есеге қысқарды.
Әлеуметтік осал санаттағы 42 мың бала тегін тамақпен толық қамтылды.
Екі жылда 419 мектеп салынды
Соңғы екі жылда 609 мың орынға арналған 419 оқу орны пайдалануға берілді. Оның 217-сі «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған.
Қазір тағы 101 мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Оның:
- 84-і биыл ашылады;
- 17-сі 2027 жылы аяқталады.
400 мектепте жаңарту жұмыстары жүргізіліп, 215 нысанда жөндеу толық аяқталды.
1,7 млн оқушыны тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге 209,8 млрд теңге бөлінді.

3,5 млн бала қосымша біліммен қамтылған
Қазақстандық оқушылардың 90%-ы қосымша білім алады.
3,5 млн баланың 2,2 миллионы үйірмелер мен спорт секцияларына тегін қатысады.
Елде 38 оқушылар сарайы мен 62 өнер мектебі салынып жатыр.
Балалар мен ата-аналарға арналған 20 психологиялық қолдау орталығы 16 мың консультация өткізді. «111» байланыс орталығы арқылы 31 мыңнан астам бала көмек алды.
Қорғаншылық органдарындағы мамандар саны 303-тен 1 029 адамға дейін өсті.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жалғасуда
2026 жылы 6,9 млн балаға 130,71 доллардан есептелді.
Үш жыл ішінде бір балаға жиналған жалпы сома 370,56 долларға жетті.
Тұрғын үй жағдайын жақсартуға және оқу ақысын төлеуге 57,9 млн доллар көлемінде 316,2 мың өтінім орындалды.
Техникалық мамандықтарға басымдық берілді
Қазақстан колледждеріне 189 мың талапкер қабылданды. Оның 145 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алады.
9-сынып түлектеріне сұранысқа ие мамандықтарды тегін меңгеру мүмкіндігі берілді.
Гранттардың 70%-ы:
- геологияға;
- машина жасауға;
- IT саласына;
- металлургияға;
- энергетикаға;
- құрылыс пен көлікке бағытталды.
Дуальды оқытуға 552 колледждегі 138 мың студент пен 11 мың кәсіпорын қатысады.
Студенттерге 93 мыңнан астам грант бөлінді
Жоғары білімге 93,2 мың грант қарастырылды.
Оның ішінде:
- 77 мыңы бакалавриатқа;
- 13 229-ы магистратураға;
- 2 919-ы докторантураға берілді.
Бакалавриат шәкіртақысы 52 372 теңгеге жетті. Магистранттар 117 098 теңге, докторанттар 262,5 мың теңге алады.
30 жаңа жатақхананың ашылуы студенттік орын тапшылығын 83,6%-ға қысқартты.
Қазақстанда 32 шетелдік жоғары оқу орны жұмыс істейді. QS World University Rankings 2026 тізіміне 18 қазақстандық университет енді.
Жасанды интеллект саласында 30 жоғары оқу орны 42 білім беру бағдарламасы бойынша маман даярлайды. AI-Sana жобасы 697,2 мың студентті қамтыды.
Ғылым өндіріске шыға бастады
Ғылымға салынған жеке инвестиция 28,2 млрд теңгеге жетті. Бизнес жобаларды бірлесіп қаржыландыру үлесі 31%-ға дейін өсті.
Satbayev University ғалымдары «Қазақмыс Прогресс» базасында жоғары тазалықтағы техникалық селен өндіруді жолға қойды. Қытайға 100 тоннадан астам өнім экспортталды.
Nazarbayev University зерттеушілері әлеуетті нарығы 40 млрд доллар болатын литий-ионды аккумулятор компоненттерін әзірледі.
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті бюджеті 8 млн еуро болатын Horizon Europe жобасына қосылды.
Жас зерттеушілерге:
- 50 сыйлық;
- 50 стипендия;
- 1 мың «Жас ғалым» гранты;
- 250 шетелдік тағылымдама бөлінді.
760 жас ғалымның тұрғын үй мәселесі шешілді.
Креативті секторда 156 мың адам жұмыс істейді
Қазақстанның барлық 20 өңірінде креативті хабтар ашылды.
Секторда 46,4 мың компания және 156,7 мың қызметкер бар.
Қазақстан WIPO рейтингінде креативті тауарлар мен қызметтер бойынша 61-орынға, кино өндірісі бойынша 29-орынға көтерілді.
2029 жылға қарай креативті индустриялардың ішкі жалпы өнімдегі үлесін 2%-ға, экспортын 115 млн долларға жеткізу көзделген.
Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламалары кеңейді
Қазақстанда 5,8 млн жас азамат бар.
«Наурыз», «Отау» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламалары арқылы 14 635 жас жеңілдетілген баспана алды. Бағдарламалардың жалпы бюджеті 389,3 млрд теңгені құрады.
Жастарды жұмыспен қамту үшін Jol Tap, Jumys Tap және Talaptan жобалары жүзеге асырылып жатыр.
Елде 810 волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Олар 300 мың адамды біріктіреді.
Туризмге салынған инвестиция 1,2 трлн теңгеден асты
Қазақстанға 15,7 млн шетел азаматы келген. Оның 11,1 миллионы елде бір тәуліктен астам уақыт болған.
Ішкі туристер саны 10%-ға өсіп, 8,6 млн адамға жетті.
Қонақүйлер мен демалыс орындарының қызмет көлемі 350 млрд теңгені құрады. Туризмге салынған инвестиция 32,6%-ға артып, 1,256 трлн теңгеге жетті.
2020 жылдан бері 573 инвестициялық жоба іске асырылды. Орналастыру орындарының саны 25%-ға өсіп, 4 482 нысанға жетті.
Қазақстан 84 елдің азаматтарына визасыз режим ұсынады. 102 мемлекеттің азаматтары электрондық виза рәсімдей алады.
Үш жаңа әуежай салынып жатыр
Қазақстан 30 елмен 145 халықаралық бағыт арқылы байланысады. Аптасына 812 рейс орындалады.
17 әуежайда «ашық аспан» режимі жұмыс істейді.
Кендірлі, Зайсан және Қатонқарағайда жаңа әуежайлар салынып жатыр. Арқалық әуежайы қалпына келтірілуде.
Алматы, Үржар, Шымкент және Павлодардағы терминалдар мен ұшу-қону жолақтары жаңғыртылып жатыр.
Спортпен халықтың 44,5%-ы айналысады
Балалар мен жасөспірімдердің 34,6%-ы тұрақты спортпен шұғылданады.
228 мыңнан астам бала жеті мыңнан астам секцияға тегін қатысады. Бұл мақсатқа 50 млрд теңге бөлінді.
Тағы 400 мың жас спортшы 526 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығады.
Қазақстанда 26,5 мың спорт нысаны бар. Биыл 34 жаңа нысан ашылды, оның 21-і ауылдық жерде орналасқан.
Жыл соңына дейін тағы 87 спорт нысанын іске қосу жоспарланған.
Қазақстандық спортшылар жыл басынан бері әлем және Азия чемпионаттарында 152 медаль жеңіп алды. Оның 99-ы алтын, 33-і күміс және 20-сы қола.
Қазақстандағы әлеуметтік саясаттың мазмұны өзгеріп келеді. Мемлекет енді тек жәрдемақы төлеумен шектелмей, азаматқа білім алуға, жұмыс табуға, медициналық көмекке қол жеткізуге және өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін жүйе құруға ұмтылуда.
Бұл модельдің нәтижесі бір күнде көрінбейді. Бірақ оның негізгі өлшемі түсінікті: адамның қай жерде туғанына, табысына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, сапалы өмір сүруге нақты мүмкіндігі болуы керек.