Қазақстан Ұлттық ұланында ерекше шақырылым басталды

1859
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Әскери ант – әр сарбаздың өміріндегі ерекше белес. Ал Семейде өткен кезекті ант қабылдау рәсімі көпшіліктің назарын өзіне аударды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Себебі бұл жолы Ұлттық ұлан қатарына тек болашақ жауынгерлер ғана емес, сахнада өнер көрсетіп, халықаралық байқауларда ел намысын қорғаған алты музыкант та қосылды.

Семей қаласындағы Республика саябағында Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінде үш жүзден астам жас сарбаз салтанатты түрде әскери ант қабылдап, Отан алдындағы борышын өтеуге кірісті. Алдағы бір жыл ішінде олар Семей қаласының қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, сондай-ақ Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы түзеу мекемелерін күзету қызметін атқарады.

Биылғы шақырылымның ерекшелігі – әскери бөлімге музыка әлемінен келген талантты жастардың көп болуы. Олардың қатарында бірнеше музыкалық аспапты кәсіби деңгейде меңгерген өнерпаздар бар.

5511 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Арман Абдрасулов мұны ерекше құбылыс деп бағалайды.

«Әр жыл сайын әскерге әр түрлі маман иелері келіп, Отан алдындағы борыштарын абыройлы түрде өткереді. Биылғы шақырылымда жас толым қатарында музыканттар көп. Олардың әр қайсысы бір ғана музыкалық құрылғымен шектелмей, әр түрлі аспапты ұршықша меңгерген», – дейді Арман Абдрасулов.

Сахнадан сапқа

Ант қабылдаған сарбаздардың бірі – Ерсұлтан Құрманбаев. Ол Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде актер мамандығы бойынша білім алады. Сонымен бірге қазақтың ұлттық үрмелі аспаптарын кәсіби деңгейде меңгерген өнер иесі.

Ерсұлтан сазсырнай, сыбызғы және керней аспаптарын еркін орындайды. Әскерге Қарағанды өңірінен шақырылған жас өнерпаз әскери өмір шығармашылыққа кедергі болмайтынын айтады.

«Мен өнер университетінде актер мамандығы бойынша білім алдым. Алайда, музыкаға деген құштарлығым мені әр түрлі аспаптарды ойнауға үйретті. Әскерде де бос уақытта түрлі музыкалық шығармаларды орындап, көңіл көтереміз. Ұлттық ұлан сапына қосылып, өнер саласында жүрген достарымды таптым», – дейді қатардағы жауынгер Ерсұлтан Құрманбаев.

Ата-аналар куә болған ерекше күн

Салтанатты рәсімге сарбаздардың ата-аналары арнайы келіп, ұлдарының өміріндегі маңызды сәтке куә болды. Ұлттық музыкалық аспаптарын уақытша қаруға алмастырған жастарға ақ тілектер айтылып, сәтті қызмет тіленді.

Шараға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері мен ардагерлері қатысып, жас жауынгерлерге елге адал қызмет етудің маңызын атап өтті.

Семейдегі 5511 әскери бөлімінде биыл Алматы, Жетісу, Қарағанды, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана және Алматы қалаларынан шақырылған сарбаздар әскери борышын өтейді.

Өнер мен әскери тәртіпті қатар алып жүрген бұл жастар үшін алдағы бір жыл – тек Отан алдындағы парызын өтеу ғана емес, мінезді шыңдап, жаңа өмір мектебінен өтетін маңызды кезең болмақ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -