20 шілдеге қараған түні Алматы маңында жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулерінің эпицентрі Қырғызстан аумағында, Алматыдан шамамен 193 шақырым жерде орналасқан, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстандағы Android смартфондарының иелеріне Google жер сілкінісі туралы автоматты ескерту жіберді. Хабарламада қауіпсіздік шаралары да көрсетілген. Бұл — қалалық Mass Alert жүйесі емес, Android құрылғыларына арналған Google ескертуі.

Google хабарламасындағы мәлімет бойынша, жер сілкінісінің магнитудасы 5,6 болған. Материал жарияланған сәтте Қазақстан тұрғындары жерасты дүмпулерін сезгені туралы хабарламаған.
Қырғызстан Сейсмология институтының мәліметінше, жер сілкінісі 20 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 02:41-де тіркелген. Бұл — Алматы уақытымен 01:41. Эпицентрдің координаттары: солтүстік ендіктің 41,67 және шығыс бойлықтың 75,82 градусы.
Жер сілкінісінің магнитудасы MPV шкаласы бойынша 5,0, энергетикалық класы 11,1 болды. Ошақ 19 шақырым тереңдікте орналасқан. Эпицентрдегі сейсмикалық қарқындылық шамамен бес баллға жеткен. Жерасты дүмпулері Қырғызстан аумағында сезілген. Мұндай деректі Қырғызстан Сейсмология институты келтірді.

Халықаралық сейсмологиялық сервистер басқа көрсеткіштерді ұсынады: магнитудасы — 4,1, тереңдігі — шамамен 14 шақырым. Мұндай айырмашылық әртүрлі өлшеу әдістерінің қолданылуына және бастапқы мәліметтердің кейін нақтылануына байланысты болуы мүмкін.
Материал жарияланған сәтте зардап шеккендер мен қираған нысандар туралы ресми ақпарат түскен жоқ. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінісінің Алматы мен Алматы облысында сезілген-сезілмегенін әзірге хабарламады.
Мамандар өңірдегі сейсмикалық жағдайды бақылауды жалғастырып жатыр. Тұрғындарға төтенше жағдайлар қызметінің ресми хабарламаларына ғана сеніп, расталмаған ақпаратты таратпау ұсынылады.