Қазақстанда жалған ақша айналымы айтарлықтай төмендеді.
2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша елімізде барлығы 57 жалған ақша белгісі анықталған, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 68,4 пайызға аз көрсеткіш.
Дегенмен сарапшылар мұны босаңсуға себеп емес деп отыр. Өйткені алаяқтар енді жалған банкноталарды ғана емес, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы шынайы ақшаға өте ұқсас баспа өнімдерін де таратып жатыр.
Қай купюралар жиі қолдан жасалады?
Қазақстан Ұлттық Банкінің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында екінші деңгейлі банктермен бірге жалпы сомасы 259 400 теңгені құрайтын 57 жалған ақша белгісі анықталды. Оның ішінде 49 банкнота және 8 монета болған.
Статистикаға қарағанда, көбіне 2 000 теңгелік банкноталар қолдан жасалған. Олар барлық анықталған жалған ақшалардың 38,6 пайызын немесе 22 данасын құрайды.
Одан кейін:
- 10 000 теңгелік банкноталар – 16 дана (28,1%);
- 5 000 теңгелік банкноталар – 11 дана (19,3%);
- қалған бөлігі – жалған монеталар.
Бұл көрсеткіштер соңғы жылдары жалған ақша анықтау жұмыстарының тиімділігі артқанын көрсетеді.
Әлеуметтік желідегі «кәдесый ақшаға» сақ болыңыз
Ұлттық Банк азаматтарға тағы бір маңызды мәселеге назар аударуға кеңес берді.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ұлттық валютаға сырттай өте ұқсас баспа өнімдері сатылып жатыр. Мұндай өнімдердің бетінде:
«ПРАЗДНУЕМ ВМЕСТЕ!»
немесе
«НЕ ЯВЛЯЕТСЯ ПЛАТЕЖНЫМ СРЕДСТВОМ»
деген жазулар болады.
Кей жағдайда мұндай өнімдер ойын-сауық немесе мерекелік мақсатта шығарылғанымен, оларды көзбен шолғанда шынайы ақшамен шатастырып алу қаупі бар. Сондықтан қолма-қол есеп айырысу кезінде банкнотаның барлық жазуы мен қорғаныш элементтерін мұқият тексеру маңызды.
Жалған Түпнұсқа
Жалған Түпнұсқа
Майда жазулар өте бұлдыр болады және үлкейтіп қарағанда оқып тануға келмейді.
Жалған Түпнұсқа
Жалған банкнотада сутамғы белгісі болмайды.
Жалған Түпнұсқа
Патч элементінің көлемі жоқ және жай бояумен басып шығарылады. Ал одан сәулелердің жан-жаққа таралуы секілді голографиялық эффектіні де, номинал бейнесінің ою-өрнекке ауысу құбылысын да байқай алмайсыз.
Жалған Түпнұсқа
Қорғаныш жіптің динамикалық және түс ауыстыратын әсері жоқ, жарыққа тосып қарағанда біртұтас емес екеніне көз жеткізуге болады.
Жалған ақшаны қалай ажыратуға болады?
Ұлттық Банктің айтуынша, түпнұсқа банкноталарда арнайы қорғаныш белгілері бар және оларды қарапайым адам да көзбен қарап, қолмен ұстап оңай тексере алады.
Мамандар қолма-қол ақша қабылдағанда банкнотаның:
- бедерлі элементтеріне;
- қорғаныш жіптеріне;
- түсінің өзгеруіне;
- сутаңбасына;
- жарыққа ұстап көрінетін белгілеріне
міндетті түрде назар аударуға кеңес береді.
Күдік туындаса не істеу керек?
Ұлттық Банк күмән тудыратын немесе сыртқы көрінісі шынайы ақшаға қатты ұқсайтын банкнота қолға түскен жағдайда оны айналымға жібермеуге шақырады.
Мұндай жағдайда азаматтарға дереу құқық қорғау органдарына хабарлау ұсынылады.
Банк сондай-ақ жалған ақша жасаудың алдын алу және оны анықтау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті. Сондықтан мамандар қолма-қол ақшамен есеп айырысқанда мұқият болып, банкноталардың түпнұсқалығын әрдайым тексеруге кеңес береді.






