Бизнес пен мемлекет арасындағы диалог жеделдей түспек.
Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Отандық кәсіпкерлер кеңесі жұмысын жаңа форматта бастады. Бұл өзгерістер кәсіпкерлердің ұсыныстарын жылдам қарастырып, нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жаңартылған тәсілдің басты мақсаты – бизнес көтерген мәселелерді ұзақ талқыламай, жауапты мемлекеттік органдар мен салалық қауымдастықтардың қатысуымен нақты нәтижеге қол жеткізу.
Әр отырыс белгілі бір салаға арналады
Отандық кәсіпкерлер кеңесі енді жұмысын жаңа қағидатпен ұйымдастырады.
Бұдан былай әрбір отырыс экономиканың нақты бір саласындағы өзекті мәселелерге арналады. Бұл кәсіпкерлердің ұсыныстарын жан-жақты талқылап, тиімді шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қатысушыларды іріктеу тәртібі де өзгереді.
Кеңес отырыстарына күн тәртібіне сәйкес кәсіпкерлер, салалық қауымдастықтардың өкілдері және Кеңес мүшелері шақырылады. Мұндай тәсіл талқылауға дәл осы салада жұмыс істейтін мамандарды тартуға жол ашады.
Фотосурет: @Atamekennews
Жұмысқа барлық дерлік мемлекеттік органдар қатысады
Жаңартылған форматтың негізгі ерекшеліктерінің бірі – мемлекеттік органдардың кеңінен қатысуы.
Министрліктер мен ведомстволар кәсіпкерлер көтерген мәселелерді бірлесіп қарап, ведомствоаралық келісуді жеделдетеді. Соның нәтижесінде бизнес үшін маңызды шешімдер бұрынғыдан да қысқа мерзімде қабылданады.
Бұл әкімшілік рәсімдерді оңтайландырып, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимылды күшейтеді.
Кеңес жиындары жиірек өтеді
Бұл өзгеріс Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» бастамасымен енгізілді.
Енді Кеңес отырыстары қажеттілікке қарай өткізіледі, бірақ тоқсанына кемінде бір рет ұйымдастырылады. Бұл нарықтағы өзгерістерге және кәсіпкерлердің сұранысына жедел жауап беруге мүмкіндік береді.
Фотосурет: @Atamekennews
Жаңа формат алғашқы нәтижесін көрсетті
Жаңартылған жұмыс тәсілінің тиімділігі Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен соңғы отырыста байқалды.
Жиын Мемлекет басшысының отандық фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға арналды.
Ашық диалог барысында мемлекеттік органдардың өкілдері, «Атамекен» ҰКП және сала кәсіпорындарының басшылары бірнеше маңызды бағыт бойынша ұсыныстар әзірледі:
- отандық өндірісті ынталандыру және қолдау;
- мемлекеттік сатып алу тетіктерін жетілдіру;
- халық үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қолжетімділігін арттыру.
Талқылау қорытындысында Премьер-Министр салалық министрліктер мен ведомстволарға нақты хаттамалық тапсырмалар берді.
Неліктен бұл маңызды
Жаңа формат мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа кезеңін қалыптастырады. Нақты мәселелерге назар аудару, жауапты мемлекеттік органдардың толық қатысуы және тұрақты кездесулер кәсіпкерлердің бастамаларын жедел іске асыруға және елдегі іскерлік ахуалды жақсартуға ықпал етеді.