Қазақстанда энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ең ірі жобалардың бірі жаңа кезеңге өтті.
Үкімет алдағы төрт жылда бұл салаға 13 триллион теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы қаралды. Жиын барысында тек жоспарлар ғана емес, өңірлердегі нақты жұмыстар мен олардың қарқыны талқыланды.
Биыл 12 мың шақырым инженерлік желі жөнделеді
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2026–2029 жылдары инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға 13 трлн теңге инвестиция тарту көзделген.
Тек 2026 жылдың өзінде инженерлік желілерді жөндеуге 1,1 трлн теңге бөлініп, 12 мың шақырым желіні жаңарту жоспарланған.
Кәріз жүйесі, электр және жылу желілері жаңарады
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, 2029 жылға дейін кәріз-тазарту құрылыстарын салу және қайта жаңғырту бойынша 45 жоба жүзеге асырылады.
Сонымен қатар:
- Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі толықтырылады;
- SMART Turmys тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың бірыңғай цифрлық платформасы әзірленіп жатыр.
Ал Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов энергетика саласындағы жоспарларды таныстырды.
Оған сәйкес, 2029 жылға дейін:
- 77,5 мың шақырым электр желісі;
- 1,6 мың шақырым жылу желісі жаңғыртылады.
Нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 67%-дан 45%-ға, ал жылу желілерінің тозуы 50%-дан 42%-ға дейін төмендейді.
«Бәйтерек» арқылы жүздеген жоба қаржыландырылды
Бүгінде «Бәйтерек» холдингі арқылы жалпы құны 625 млрд теңгені құрайтын 318 жоба қаржыландырылған.
Премьер-министр республикалық бюджетке қосымша салмақ салмайтын қаржыландыру тетіктерін тиімді пайдалану қажеттігін ерекше атап өтті.
Қай өңірлер алда, қайсысы артта қалды?
Үкімет отырысында Атырау, Павлодар, Қарағанды және Жетісу облыстарында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қарқыны оң бағаланды.
Ал жұмысы баяу өңірлерге ұлттық жобада көзделген іс-шараларды белгіленген мерзімде орындау тапсырылды.
Бектенов: «Қарқынды сақтап қана қоймай, арттыру қажет»
Премьер-министр ұлттық жобаның Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін еске салды.
«Ұлттық жобаны жүзеге асыру мәселесі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Қажетті нормативтік құқықтық база толықтай қабылданды, инвестициялық жобаларды қаржыландыру тетіктері айқындалды. Өңірлерде ауқымды жөндеу жұмыстары басталды. Белгіленген нысаналы көрсеткіштерге уақтылы қол жеткізу үшін инфрақұрылымды жаңғырту қарқынын сақтап қана қоймай, одан әрі арттыра түсу қажет», — деді Олжас Бектенов.
Әкімдерге нақты мерзімдер белгіленді
Үкімет басшысы бірқатар мемлекеттік орган мен әкімдіктерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Атап айтқанда:
- облыс әкімдіктері екі апта ішінде биыл жүзеге асырылатын барлық жобалар бойынша қажетті шешімдер қабылдауы тиіс;
- жоспарланған жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы қажет;
- 1 қыркүйекке дейін өңірлер 2027 жылғы жобалар бойынша электрондық платформаға өтінімдерін енгізуі керек;
- барлық конкурстық рәсімдер 1 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс.
Бектенов бұл жұмыстар үшін облыс әкімдері жеке жауап беретінін айтты.
Өнеркәсіп министрлігіне қандай міндеттер жүктелді?
Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне:
- инфрақұрылымдық жобалардың мемлекеттік сараптамасын жеделдетуді;
- Тауар өндірушілер тізілімін құрылыс каталогының кодтарымен толықтыруды;
- 1 қыркүйекке дейін жаңа өндірістер ашу мен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейтуге қатысты офтейк-келісімшарттарды рәсімдеуді жеделдетуді тапсырды.
Сонымен бірге Өнеркәсіп және Энергетика министрліктеріне Smart Turmys бірыңғай цифрлық платформасын енгізу жұмыстарын тездету міндеті қойылды.
Сондай-ақ 1 қыркүйекке дейін коммуналдық ресурстарды есепке алатын құралдар мен бағдарламалық қамтамасыз етуге арналған бірыңғай стандарттар қабылдануы тиіс.
«Бәйтерек» барлық жобаны қаржыландыруы керек
Үкімет басшысы «Бәйтерек» холдингіне осы жылдың соңына дейін ұсынылған барлық жобаларды 1 қыркүйекке дейін қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Жиынды қорытындылаған Олжас Бектенов әрбір басшының жауапкершілігіне ерекше тоқталды.
«Әрбір басшы Ұлттық жобаның нақты мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізуге және барлық іс-шараның уақтылы жүзеге асырылуына тікелей жауапты. Қолдағы бар мүмкіндіктерді жұмылдыру қажет», — деді Премьер-министр.
Ұлттық жоба бойынша тапсырмалардың орындалуын жалпы бақылау және үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.