Қазақстандықтардың басым бөлігі 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына қатысуға ниетті.
Қоғамдық саясат институты жүргізген сауалнама нәтижелері азаматтардың сайлау туралы хабардарлық деңгейі мен электоралдық белсенділігі жоғары екенін көрсетті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Зерттеу 2026 жылғы 7–27 шілде аралығында еліміздің барлық өңірлерін қамтыған ұлттық репрезентативті іріктеме негізінде жүргізілді.

Қазақстандықтардың 89,4%-ы сайлау туралы біледі
Сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 89,4%-ы алдағы Құрылтай сайлауы туралы хабардар.
Атап айтқанда:
- 55,2%-ы сайлау туралы толық білетінін айтты
- 34,2%-ы сайлау өтетінін естігенімен, толық ақпаратқа ие емес екенін жеткізді
Зерттеу барысында жасы ұлғайған сайын азаматтардың сайлау туралы хабардарлығы да арта түсетіні анықталған. Сонымен қатар бұл көрсеткіш ауыл тұрғындары арасында жоғары.
Респонденттердің 72,3%-ы дауыс беруге ниетті
Әлеуетті электоралдық белсенділік те жоғары деңгейде қалыптасқан.
Сауалнамаға қатысқандардың:
- 72,3%-ы Құрылтай сайлауына қатысатынын мәлімдеді
- 11,9%-ы дауыс беруді жоспарламайды
- 15,8%-ы әлі нақты шешім қабылдамаған
Оның ішінде 0,5% респондент жауап беруге қиналған.
Сайлаушылардың басым бөлігі бұрынғы референдумға да қатысқан
Зерттеу авторлары әлеуетті электораттың маңызды ерекшелігі ретінде оның тұрақтылығын атап өтті.
Құрылтай сайлауына қатысуға ниетті азаматтардың 87,6%-ы 2026 жылғы 15 наурызда өткен жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумға да қатысқан.
Бұл елдегі негізгі саяси науқандарға тұрақты қатысатын сайлаушылар тобының қалыптасқанын көрсетеді.
Партиялар рейтингі қалай бөлінді?
Сауалнамаға сәйкес, Құрылтай сайлауына қатысуға ниетті азаматтардың арасында көш бастап тұрған партия – «Әділет».
Партиялар бойынша қолдау деңгейі:
- «Әділет» – 67,3%
- «Ауыл» – 6,2%
- Respublica – 5,5%
- «Ақ жол» – 4,8%
- ЖСДП – 4,3%
- ҚХП – 3,9%
- «Байтақ» – 1,1%
Сонымен қатар:
- 1,6% барлық партияларға қарсы дауыс беретінін айтты
- 5,3% әлі таңдау жасамаған
Партия таңдауға не әсер етеді?
Сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің партия таңдауына ең көп әсер ететін фактор – партияның бастамаларына оң баға беру.
Негізгі себептер:
- партия бастамаларын қолдау – 44,4%
- өзін белгілі бір партияның жақтасымын деп санау – 29,2%
- елдің болашағын сол партиямен байланыстыру – 25,3%
- партияның сайлаушылармен жұмыс істеу тәсілі – 14,7%
Зерттеу қалай жүргізілді?
Қоғамдық саясат институтының сауалнамасы:
- 2026 жылғы 7–27 шілде аралығында өткізілді
- 18 жастан асқан 8 000 респондентті қамтыды
- 17 облыс, Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қамтыды
- іріктеменің ықтимал қателігі ±1,19%-ды құрады
- деректер face-to-face форматындағы жаппай сауалнама арқылы жиналды
