Қырағылық, төзімділік және сенім. Бұл – Ұлттық ұлан кинологының күнделікті қызметінің ажырамас бөлігі.
Қызметтік итпен бірге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мамандық көпшілікке қызық көрінгенімен, оның артында үлкен еңбек пен жауапкершілік жатыр. Ит пен адамның арасындағы үнсіз түсіністік, үздіксіз жаттығу, сабыр мен табандылық – кинолог қызметінің негізгі қағидалары. Осындай жауапты жолды саналы түрде таңдап, оны өмірлік кәсібіне айналдырғандардың бірі – Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің кинологы кіші сержант Асхат Тұрсынбай.
Асхат Тұрсынбай 1997 жылдың 9 сәуірінде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының Достық ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен әскери қызметке қызығушылық танытып, кейін Шымкент қаласында заңгер мамандығы бойынша білім алады. Алайды оның жүрегі құқық саласынан гөрі әскери қызметпен, нақтырақ айтқанда, кинологиямен байланысқан еді.

Әскер сапына 2017 жылдың күзгі шақырылымымен келген Асқат Ұлттық ұланның 6656 әскери бөлімінде мерзімді әскери өмірдің қыр-сырын меңгеріп, тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын терең түсінеді. Кейін бұл бағыттағы тәжірибесін жалғастырып 2019-2022 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Аманжол» шекара бөлімшесінде аға жетекші кинолог қызметін атқарады.

Жинақталған тәжірибесі мен кәсіби дайындығының арқасында 2022 жылдың 9 қыркүйегінде Ұлттық ұланның 5571 әскери бөліміне қабылданып, 6 жедел мақсаттағы батальонда аға маман (аға нұсқаушы) болып қызметке кіріседі. Ал 2026 жылдың 6 наурызынан бастап осы батальонда аға маман-нұсқаушы қызметін жалғастырып келеді.
Асхат үшін кинология – жай ғана қызмет емес, өмірлік таңдауы. Өйткені бұл салаға ол кездейсоқ келген жоқ. Бұған дейін де шекара қызметінде кинолог болып еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған.
- Егер қайта таңдау мүмкіндігі берілсе, осы мамандықты тағы да таңдар едім. Себебі бұл – өзім сүйіп, қызығып таңдаған кәсібім. Сондықтан мен үшін кинолог болу – үлкен мақтаныш, - дейді Асхат Тұрсынбай.
Бүгінде оның қарауында «Найтс» есімді із кесуге мамандандырылған қызметтік ит бар. Қызметтік итті кәсіби деңгейде дайындау – бір күннің немесе бір айдың шаруасы емес. Бір ғана итті толыққанды қызметке бейімдеуге шамамен бір жыл уақыт қажет. Осы уақыт ішінде жануар әртүрлі тапсырмаларды орындауға машықтанады. Олардың қатарында із кесу, есірткі заттарын іздестіру, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, арнайы іздестіру жұмыстары секілді маңызды міндеттер бар. Әрбір қызметтік иттің өз бағыты мен мамандануы болады.

Кинологтың жұмыс күні де таңның атысымен басталады. Ең алдымен қызметтік иттер серуендетіліп, кейін олардың күнделікті күтімі жасалады. Қызметтік иттердің тазалығы басты назардағы мәселенің бірі. Одан кейін арнайы жоспарға сәйкес жаттығулар өткізіліп, иттердің кәсіби дағдылары шыңдалады. Бұл – тек бұйрық беріп, оны орындатумен шектелетін жұмыс емес. Мұнда кинолог пен қызметтік иттің арасында ерекше сенім қалыптасуы қажет. Ит иесінің дауысын, көңіл күйін, әр қимылын сезінеді. Сондықтан бұл мамандық шыдамдылықты, мейірімділікті және табандылықты талап етеді.
Қызмет барысында Асхат бірнеше республикалық жарыстарға қатысып, кәсіби шеберлігін дәлелдей білді. 2024 жылы Шымкент қаласында өткен қызметтік иттердің іздестіру бағыты бойынша республикалық жарыста жүлделі ІІІ орынды иеленген.
- Қызметтік итің өзің үйреткен бұйрықты дәл әрі мүлтіксіз орындаған сәтте еңбегіңнің ақталғанын сезінесің. Сол сәттің қуанышы ерекше, - дейді ол.
Осы уақытқа дейін Асқат екі қызметтік итті толық дайындап шығарған. Қазіргі таңда үшінші қызметтік итті кәсіби даярлаумен айналысып жатыр. Асқаттың айтуынша, кинология – жай ғана мамандық емес, тұтас ғылым. Себебі ғылым қаншалықты дамығанымен, иттің ерекше иіс сезу қабілетін толық алмастыратын құрал әлі ойлап табылған жоқ. Маманның айтуынша, қызметтік ит миллиондаған иісті ажырата алады. Сондықтан кинология қоғам үшін әрдайым маңызды сала болып қала береді.
Әскери қызметші үшін отбасы да үлкен демеу. Бүгінде ол жұбайымен бірге екі бала тәрбиелеп отыр. Жақын арада үшінші сәбиін күтіп жүрген бақытты әке мамандығына отбасы әрдайым қолдау білдіретінін айтады.

Болашаққа қойған мақсаты да айқын – кәсіби тұрғыдан өсіп, кинология саласында тәжірибесін арттыру, жас мамандарға бағыт-бағдар беру.
Жастарға айтар кеңесі де ерекше. Оның пікірінше, кинолог болуды армандайтын адам ең алдымен бұл саланы терең зерттеп, жануарларды шын жүректен жақсы көруі керек. Себебі қызметтік ит үшін иесі – жай ғана жаттықтырушы емес, ең сенімді серігі.
- Чемпион болу оңай, адам болу қиын. Жұмыс қандай жауапты болса да, ең бастысы – адамгершілік. Ал кинолог мамандығын таңдаған жастарға сабырлық, төзімділік және биік белестерді бағындыруға деген жігер тілеймін, - дейді Асхат Тұрсынбай.
Кинолог пен қызметтік иттің арасындағы байланыс сөзбен емес, сеніммен қалыптасатын ерекше қарым-қатынас. Бұл сенім қоғам қауіпсіздігі жолында күн сайын сыналады. Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген әскери қызметшілердің еңбегі құрметке әбден лайық. Өйткені олар төрт аяқты серігімен бірге ел тыныштығын күзетіп, азаматтардың қауіпсіз өмір сүруіне үнсіз үлес қосып келеді. Сондықтан да Асхат Тұрсынбай үшін «Мамандығым – мақтанышым» деген сөз жай ұран емес, өмірлік ұстанымға айналған.
Подполковник Бақыт Әліпбаев