Әр дәуірдің өз талабы бар. Кеше ғана қиял болып көрінген дүниелер бүгінде өмірдің ажырамас бөлшегіне айналды. Ғылым мен технологияның қарқынды дамуы әскери саланы да түбегейлі өзгертті. Егер бұрын әскери қуаттың өлшемі танк пен ұшақ болса, бүгінде ұрыс алаңындағы басымдықты ақпараттық технологиялар, цифрлық басқару жүйелері және ұшқышсыз авиациялық жүйелер айқындайды. Осындай өзгерістерге сай әскери мамандарды даярлау – уақыттың басты талабы.
Ұлттық ұлан Академиясында осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Болашақ офицерлерді жаңа заман талаптарына сай даярлауға үлес қосып жүрген білікті мамандардың бірі – әскери технологиялар, басқару және күзет жүйелері кафедрасының ұшқышсыз авиациялық жүйелер циклының бастығы подполковник Жасұлан Сұлтанбеков.
Онымен әңгімелесу барысында бір нәрсе анық байқалды: ол үшін әскери қызмет – жай ғана мамандық емес, өмірлік ұстаным. Ал ұшқышсыз авиациялық жүйелер – ертеңгі күннің емес, бүгінгі күннің қажеттілігі.
Жасұлан Ғалиұлы әскери жолын байланысшы офицер ретінде бастаған. Жылдар бойы еліміздің әр өңіріндегі әскери бөлімдерде байланыс қызметін ұйымдастырып, басқару жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету жолында еңбек етті. Тараз, Павлодар, Қостанай, Қарағанды қалаларындағы қызмет жылдары оған мол тәжірибе мен кәсіби шыңдалу мектебі болды. Ал 2024 жылы оның өмірінде жаңа кезең басталды. Ол Ұлттық ұлан Академиясына оқытушы болып келіп, ұшқышсыз авиациялық жүйелер бағытын дамыту ісіне кірісті.
Бұл – еліміз үшін мүлде жаңа бағыт еді. Сондықтан алғашқы күннен бастап оқу бағдарламаларын әзірлеу, әдістемелік кешендер дайындау, тәжірибелік сабақтарды ұйымдастыру сияқты үлкен жұмыстар атқарылды. Бүгінде Академияда ұшқышсыз авиациялық жүйелер бойынша арнайы жабдықталған оқу аудиториялары, оқу-жаттығу алаңдары және заманауи техникалар курсанттардың игілігіне қызмет етуде.
Подполковник Жасұлан Сұлтанбековтің айтуынша, курсанттардың қызығушылығы өте жоғары. Алғашқы сабақтарда олардың көпшілігі «Дрон қалай ұшады?», «Оны қалай басқарады?», «Қауіпсіздік талаптары қандай?» деген қарапайым сұрақтардан бастайды. Бірақ уақыт өте келе олар аэродинамика, навигация, радиобайланыс, бағдарламалау элементтері мен ұшу қауіпсіздігі сияқты күрделі тақырыптарды меңгеріп шығады.
Әрине, кез келген жаңа істі үйренуде қателіктер болмай тұрмайды. Бір курсанттың алғашқы тәжірибелік сабақта дронды дұрыс басқармай, оны қабырғаға соққан оқиғасы да есте қалыпты. Бірақ ұстаз үшін ең маңыздысы – қателік емес, сол қателікті тәжірибеге айналдырып, курсанттың өзіне деген сенімін жоғалтпау. Нағыз педагогтың кәсібилігі де осында болса керек.
Жасұлан Ғалиұлы әскери білімнің тек теориямен шектелмеуі қажет деп есептейді. Сондықтан сабақ барысында курсанттар нақты ұшу тапсырмаларын орындайды, FPV-дрондарды басқарады, арнайы оқу полигонында түрлі тактикалық жаттығулар өткізеді. Бұл олардың болашақ қызметінде кездесетін нақты жағдайларға дайын болуына мүмкіндік береді.
Ұшқышсыз авиациялық жүйелер бүгінде әскери мақсатта ғана емес, төтенше жағдайлардың салдарын жоюда, стратегиялық нысандарды күзетуде, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде, іздестіру-құтқару жұмыстарында және табиғи апаттардың зардаптарын бағалауда кеңінен қолданылып келеді. Сондықтан мұндай мамандарға деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді.
Осыны ескерген Академия басшылығы 2026 жылдан бастап «Командалық-тактикалық ұшқышсыз авиациялық жүйелер» мамандығы бойынша кадрлар даярлауды қолға алды. Бұл – еліміздің әскери білім беру жүйесіндегі маңызды қадамдардың бірі. Себебі алдағы уақытта әскери бөлімдер мен өңірлік қолбасшылықтарда дәл осы бағыттағы кәсіби офицерлер қызмет атқаратын болады.
Подполковник Жасұлан Сұлтанбеков үшін ең үлкен марапат – өз шәкірттерінің жетістігі. Бүгінде Академия мамандары ғылыми жұмыстар байқауларында жүлделі орындарға ие болып, республикалық деңгейдегі FPV-дрондарды басқару жарыстарында жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Бұл – жүйелі еңбектің нақты жемісі.
Әңгіме барысында офицердің қарапайымдылығы мен өз ісіне деген сүйіспеншілігі ерекше әсер қалдырды. Ол ешқашан өзінің жетістіктерін алға шығармайды. Керісінше, әрбір табысты ұжымдық еңбектің нәтижесі деп бағалайды. Оның пікірінше, әскери қызметте білім алуды тоқтатуға болмайды. Себебі технология күн сайын дамып келеді, ал офицер сол өзгерістерден бір қадам алда жүруі тиіс.
Жасұлан Ғалиұлының өмірлік ұстанымы да қарапайым әрі терең мағыналы: «Байланыссыз басқару болмайды, басқарусыз жеңіс болмайды». Бұл сөздердің астарында ондаған жылдық әскери тәжірибе, жауапкершілік және Отан алдындағы адал қызмет жатыр.
Мамандықты таңдау – адамның тағдырын айқындайтын маңызды шешім. Ал өз мамандығын шын жүр-
ектен сүйіп, оны мақтанышпен атқара білу – үлкен бақыт. Жасұлан Сұлтанбеков дәл осындай азаматтардың қатарынан. Ол тек әскери қызметші ғана емес, жаңа буын офицерлерін тәрбиелеп жүрген ұстаз, заманауи әскери технологияларды меңгерген маман және ел қауіпсіздігіне қызмет ететін кәсіби кадрларды қалыптастыруға үлес қосып жүрген тұлға.
Қазіргі уақытта әскери қызметтің мазмұны өзгергенімен, оның басты мақсаты өзгерген жоқ. Ол – мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ел тыныштығын сақтау және болашақ ұрпақтың бейбіт өміріне қызмет ету. Осындай қасиетті міндетті абыроймен атқарып жүрген офицерлердің еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Мамандық – адамның таңдауы. Ал сол мамандыққа адалдық – оның өмірлік ұстанымы. Өз ісін жан-тәнімен сүйетін азаматтар барда еліміздің қорғаныс қабілеті нығайып, Ұлттық ұланның беделі биіктей беретіні сөзсіз.
Лейтенант Маржан Талапкер