Астана полициясы қоғамдық орындарда адамның бетін тануға кедергі келтіретін киімге қатысты заң талаптарын түсіндірді.
Талапты алғаш рет бұзған адамға ескерту жасалса, бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 10 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл ретте полиция мәселе белгілі бір киімге немесе бас киімге тыйым салу туралы емес екенін атап өтті.
Қандай жағдайда талап бұзылды деп есептеледі?
Әңгіме қоғамдық орында адамның бет-жүзін толық жауып жүруі немесе оны сыртқы келбетіне қарап тануды едәуір қиындататын жағдайлар туралы болып отыр.
Яғни талаптың негізгі мәні — адамның жүзін визуалды түрде тануға мүмкіндік болуы.
Алайда әр жағдай бірдей құқық бұзушылық ретінде бағаланбайды. Полиция қызметкерлері мән-жайды жеке анықтап, заңда қарастырылған ерекшеліктердің бар-жоғын тексереді.
Бетті жабуға болатын жағдайлар бар
Заңнамада талап қолданылмайтын бірқатар жағдай қарастырылған.
Мәселен, адамның бетін жабуы:
- қызметтік немесе еңбек міндетін орындауға;
- медициналық көрсетілімдерге;
- азаматтық қорғау шараларына;
- ауа райы жағдайларына;
- спорттық іс-шараларға;
- мәдени-бұқаралық шараларға қатысуға байланысты болса, талап қолданылмайды.
Сондықтан суықтан бет-аузын жауып алған адам мен жүзін әдейі танылмайтындай етіп жапқан адамның жағдайы бірдей қарастырылмайды.
Бірінші рет — ескерту, қайталанса — айыппұл
Полицияның мәліметінше, талапты алғаш рет бұзған жағдайда ескерту беріледі.
Ал азамат бір жыл ішінде дәл осындай құқық бұзушылыққа қайта жол берсе, оған 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.
Құқық бұзушылық белгілері байқалған жағдайда полиция қызметкерлері алдымен оқиғаның мән-жайын анықтап, адамның бетін не себепті жапқанын және оған заңда көзделген ерекшеліктердің қолданылатынын тексереді.
Әрбір жағдай жеке қарастырылады.
Полиция не дейді?
Елорда полициясы бұл жұмыстың негізгі мақсаты азаматтарды жаппай жазалау емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін жеткізді.
Сондай-ақ тұрғындарға қоғамдық орындарда заң талаптарын сақтап, бетті жабуға заңды негіз болған жағдайда оны полиция қызметкерлеріне түсіндіру ұсынылды.
Осылайша, жаңа талапты «кез келген жабық киімге тыйым салынды» деп түсінуге болмайды. Негізгі өлшем — адамның жүзін тануға мүмкіндік бар ма және бетті жабуға заңда көзделген негіз бар ма деген мәселе.
