«Өзімізден бастайық»: қоғамдық әдеп туралы маңызды үндеу

814
Анастасия Ким Редактор
Фотосурет: коллаж DKNews.kz/AI-generated

Қоғамдағы дөрекілік, қоғамдық орындардағы тәртіпсіздік пен адамдар арасындағы сыйластықтың азаюы алаңдататын деңгейге жетті.

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан бұл мәселе еліміздің әр өңірінде тұрғындар жиі көтеретін тақырыптардың біріне айналғанын айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жанарбек Әшімжан әлеуметтік желідегі жазбасында өркениетті қоғам құру үлкен ұрандардан емес, күнделікті қарапайым мәдениеттен басталатынын атап өтті.

Оның сөзінше, ел өңірлерін аралау барысында тұрғындар әлеуметтік және экономикалық мәселелермен қатар тәрбие, дәстүр, мәдениет және адамдар арасындағы қарым-қатынас туралы да жиі сөз қозғайды.

«Бүкіл аймақтарды аралап жүрміз ғой… Саяси науқанмен. Әлеуметтік сұрақтар аз емес. Соның ішінде байқағаным — тәлім-тәрбиеге, мәдениетке, дәстүрге, адамгершілік қарым-қатынастарға қатысты сұрақтар жиі мазалайды екен», — деп жазды ол.

«Бұл қалай болғаны?»

Депутаттың айтуынша, бұл мәселені оған әр өңірдегі түрлі сала өкілдері жеткізген. Жаңаөзенде егде жастағы тұрғын, Қызылордада кәсіпкер әйел, Қонаевта энергетик, ал Алматыдағы Ғылым академиясында өткен жиында белгілі ғалым қоғамдық мәдениеттің өзгеріп бара жатқанына назар аударған.

Әшімжан әлеуметтік желілерде жиі тарайтын жанжалдар да қоғамдағы жағдайды айқын көрсететінін айтты.

«Көшеде жаға жыртысқан адамдарды, қоғамдық көлікте бір-бірін жерден алып, жерге салып жатқан жандарды, дөрекілік танытып жүрген жастарды, тойда анайы қылық көрсетіп жүрген іні-қарындастарымызды “желі шыққыр” желіден жиі көреміз».

Осы тұста ол қоғамға бірнеше өткір сауал тастады.

«Бұл қалай болғаны? Сонда тегіміз қайда, тектілігіміз қайда? Тәрбие қайда? Дәстүр қайда? Сыйластық қайда? Ең бастысы — адамгершілік қайда? Сөйте жүріп өркениет, мәдениет туралы асқақ ойларды айтудан жалықпаймыз…»

Қоғамдық мәдениет неден басталады?

Жанарбек Әшімжанның пікірінше, дамыған қоғамды тек жаңа ғимараттармен, технологиямен немесе экономикалық көрсеткіштермен өлшеу жеткіліксіз. Өркениеттіліктің күнделікті өмірде көрінетін қарапайым өлшемдері бар.

Олар — дұрыс амандасу, айналадағы адамдарды құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау, көшеге қоқыс пен темекі тұқылын тастамау, көрінген жерге түкірмеу және өзгенің құқығын сыйлау.

«Өркениетті мемлекет құру халықтың мәдениеті мен қоғамдық әдептен басталады. Ал оның негізі – дұрыс амандасу, айналаңа құрметпен қарау, тәртіп сақтау, көрінген жерге қақырынып түкірмеу, тұқыл лақтырмау, адамның ала жібін аттамау секілді қарапайым құндылықтар».

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да қоғамдық тәртіп пен азаматтардың мінез-құлық мәдениетіне бірнеше рет назар аударғанын еске салды.

«Алдымен әр адам өзін тәрбиелегені абзал»

Әшімжан қоғамдағы кемшіліктер үшін тек өзгелерді сынаумен шектелу нәтиже бермейтінін айтты. Оның пікірінше, өзгеріс ең алдымен әр адамның өзінен басталуға тиіс.

«Шын мәнінде, өркениет те, мәдениет тектен, ділден басталмай ма? Өзгенің қателігін айтқанда алдымызға жан салмаймыз. Алдымен әр адам өзін тәрбиелеген абзал болар еді».

Депутат дәстүрдің де уақытпен бірге өзгеретінін атап өтті. Оның айтуынша, заман талабына сай озық құндылықтар сақталып, қоғамның дамуына кедергі болатын әдеттер біртіндеп артта қалуы керек.

Ал қоғамдық мәдениетті көтеру үшін міндетті түрде ауқымды бастамалар қажет емес. Күнделікті өмірдегі адамның әр әрекеті айналасындағы адамдарға, әсіресе балаларға үлгі болады.

«Әр ісіміз, жасаған әр амалымыз, әр қадамымыз – қоғамдық мәдениетті көтеруге қосқан үлесіміз. Өзімізден басталған жақсы әдет айналамызға да, бала-шағамызға да оң әсер етеді».

Жанарбек Әшімжан сөзін қоғамдағы тәрбие мен әдепке әр азамат жауапкершілікпен қарауы қажет деген оймен түйіндеді.

«Сондықтан өркениетті, дамыған ел боламын десек, тал-бесіктен басталатын тәрбиені түзейік, әдеп сақтайық!»

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -