Сабақ кестесі енді минутта құрылады. Жаңа конструктор оқу жылы қарсаңында мектеп әкімшілігінің ең көп уақыт алатын жұмыстарының бірін автоматтандырады: жүйе педагогтердің жүктемесін, кабинеттердің бос болуын және сабақтардың қабаттасуын өзі ескереді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жаңа құрал Bilim Group EdTech экожүйесі әзірлеген тегін BilimClass электрондық журналында пайда болды. Сынып саны 100-ге жететін мектептер үшін жүйе дайын сабақ кестесін бір минуттан аспайтын уақытта құрастырады.
Қолмен құрастыру екі-үш аптаға созылған
Жаңа құралдың негізгі айырмасы — уақыт.
BilimClass дерегінше, 71 сыныбы және 178 педагогі бар мектептерде сабақ кестесін қолмен құрастыру екі-үш аптаға дейін созылады. Жауапты маман мұғалімдердің жүктемесін, кабинеттердің бос болуын және сабақтардың бір-бірімен қабаттаспауын қатар бақылауы керек.
Енді бұл жұмыс жүйенің өзінде атқарылады. Бұған дейін кестеге жауапты маман оны электрондық кестелерде немесе сыртқы бағдарламаларда құрастырып, кейін дайын нұсқасын электрондық журналға көшіретін. Қазір сабақ кестесін BilimClass ішінде бірден қалыптастырып, дайын нұсқаға өзгеріс енгізуге болады.
Жүйе қолмен құрастыру кезінде жиі кездесетін қателердің бірін де автоматты түрде шешеді: бір мұғалімге немесе бір сыныпқа бір уақытта екі сабақ қойылмайды.

Сабақтардың кемінде 85%-ы бірінші реттен бөлінеді
Автоматтандыру оқу ісінің меңгерушісін толық алмастырмайды.
BilimClass әзірлемесінің жетекшісі Фархат Үсеннің айтуынша, 100 сыныбы бар мектептерде конструктор кестені бір минуттан аспайтын уақытта қалыптастырады, ал сабақтардың кем дегенде 85%-ы бірінші іске қосқанда еш түзетусіз бөлінеді.
«Бiзде бар деректер бойынша, 71 сыныбы, 178 педагогі бар мектептерде кестені қолмен құрастыру екі-үш аптаға созылады және сабақтардың қабаттаспауын үнемі қадағалап отыруды талап етеді. Конструктордың көмегімен 100 сыныбы бар мектептерде кестені қалыптастыру бір минуттан аспайды және сабақтардың кем дегенде 85%-ы бірінші реттен-ақ еш түзетусіз бөлінеді. Сонымен қатар кестені қолмен жетілдіруге болады, ал кесте бойынша түпкілікті шешімді директордың орынбасары қабылдайды», — дейді Фархат Үсен.
Кестенің түпкілікті нұсқасын адам бекітеді. Егер жүйе қандай да бір сабақты бөле алмаса, оны себебімен бірге жеке тізімге шығарады: мұғалім, бос уақыт немесе кабинет жетіспеуі мүмкін.
Мәліметтер түзетілгеннен кейін бүкіл кестені қайта құрудың қажеті жоқ. Жауапты маман тек бөлінбей қалған сабақтарды қайта іске қоса алады, ал дайын бөлігі мен қолмен енгізілген өзгерістер автоматты түрде сақталады.
Жүйе пәннің күрделілігі мен кабинеттерді ескереді
Конструктор тек уақыт бойынша қабаттасуды тексерумен шектелмейді.
Фархат Үсеннің айтуынша, жүйе кестені автоматты түрде құрастырғанда санитарлық талаптарды ескереді: оқу жүктемесін апта күндеріне тең бөледі және күрделілігі жоғары пәндерді бір сыныпқа бір күнде екі рет қоймайды.
Кабинет таңдаудың да өз алгоритмі бар. Алдымен мұғалімге бекітілген бөлме, кейін пәнге арналған арнайы кабинет, ал олар бос болмаса, әмбебап кабинет есепке алынады.
Сынып бірнеше топқа бөлінсе, бір пән бойынша сабақтар бір уақытқа қойылады. Бұл ретте әр топтың өз мұғалімі мен кабинеті сақталады.
Кестені құрастыруды бастамас бұрын конструктор енгізілген мәліметтерді тексереді. Қандай да бір ақпарат жетіспесе, жүйе оны көрсетеді және ескертулер түзетілмейінше кесте құруды бастамайды.

Белгілі бір сабақты нақты уақытқа бекітуге болады
Мектеп әкімшілігіне қолмен басқару мүмкіндігі де қалдырылған.
Белгілі бір сабақты алдын ала нақты күн мен уақытқа бекітіп қоюға болады. Қалған сабақ кестесі сол шартқа қарай автоматты түрде құрылады.
Тағы бір шектеу бар: кесте ресми түрде жарияланғанға дейін оны мұғалімдер де, оқушылар да көре алмайды.
Бұл әкімшілікке автоматты нұсқаны алдымен тексеріп, қажет өзгерістерді енгізіп, содан кейін ғана дайын кестені мектепке жариялауға мүмкіндік береді.
BilimClass-ты 2,75 миллион оқушы пайдаланады
Жаңа функцияның ауқымы жекелеген мектептермен шектелмейді.
Компания дерегінше, BilimClass-ты Қазақстанның 16 өңірінде 2,75 миллион оқушы, 307 мың педагог және 6 мыңнан астам мектеп пайдаланады.
2026 жылдың көктемінде мұғалімдер мен ата-аналар арасында жүргізілген сауалнамада пайдаланушылар платформаның қолайлылығы мен жеке деректердің қорғалуын жоғары бағалағаны көрсетілген.
Бұған дейін біз Алматының барлық мемлекеттік мектебінің BilimClass платформасына көшуі және отандық цифрлық шешімді енгізу нәтижесінде не өзгергені туралы жазған едік.
Мектеп әкімшілігі үшін жаңа конструктордың нәтижесі уақытпен өлшенеді: бұрын екі-үш аптаға созылған жұмыс 100 сыныбы бар мектепте бір минуттан аспайтын уақытта орындалуы мүмкін, ал түпкілікті шешімді директордың орынбасары қабылдайды.
Қазақстандағы цифрлық білім беру шешімдері туралы толығырақ Bilim Group сайтынан білуге болады.