Алматыда бұған дейін Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі болған, кейін мемлекетке өткен DoubleTree by Hilton Almaty қонақүйінің ғимараты сатылымға шығарылды. e-Qazyna алаңындағы лот мәліметіне сәйкес, аукцион 2026 жылғы 25 қыркүйекте өтеді. Бастапқы баға — 12 759 410 000 теңге, деп хабарлайды DKNews.kz.
Нысанды Алматы қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті сатады. Сатып алушыға қонақүй ғимараты ұсынылады, алайда Hilton брендін пайдалану құқығы мен франчайзинг шарты мәмілеге кірмейді.
Сатыбалды ғимаратты мемлекетке 2023 жылы берген
Қайрат Сатыбалдыұлы қонақүй кешенін 2023 жылғы 18 қыркүйекте сыйға тарту шартымен мемлекетке берген. Сол күні нысан мемлекеттік меншікке қабылданған. Бұл мәліметтер Бас прокуратураның депутаттық сауалға берген жауабында келтірілген. Жауаптың мазмұнын Tengrinews.kz жариялаған.
Ведомствоның мәліметінше, меншік иесі ауысқаннан кейін ғимаратты «АБЛИ-Құрылыс» және «Abli-hotels» серіктестіктері пайдалануды жалғастырған. Мемлекеттік мүлік департаменті сотқа жүгініп, 2024 жылғы 24 сәуірде Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты кешенді босату туралы талапты қанағаттандырған.
Енді ғимарат жекешелендіруге шығарылды. Сату туралы хабарландыру 2026 жылғы 8 қыркүйекте жарияланған.
Жиһаз бен брендті пайдалану құқығы бағаға кірмейді
Жеке тұрған қонақүй кешені Алмалы ауданындағы Досмұхамедов көшесі, 115 мекенжайында орналасқан. Ғимараттың жалпы ауданы — 16 196,4 м².
Бағалау есебінің қосымшаларында көрсетілген жиһаз бен өзге жылжымалы мүлік сатылатын нысанның құрамына кірмейді. Тауар белгілерін, фирмалық атауды, коммерциялық белгіленімді пайдалану құқықтары және франчайзинг шарты бойынша құқықтар да берілмейді. Сондықтан ғимаратты сатып алу қонақүйді Hilton брендімен басқаруға автоматты түрде құқық бермейді.
Нысан орналасқан жер телімінің ауданы — 0,2581 гектар, оның ішінде үлесі 0,2558 гектарды құрайды. Жер телімі бағалау құнына енгізілмеген, оған қатысты құқықтар сатып алушыға Жер кодексіне сәйкес өтеді. Телімге «Су желісі» кәсіпорнының пайдасына сервитут, яғни шектеулі пайдалану құқығы белгіленген.
Өтінімдер 25 қыркүйек күні таңертеңге дейін қабылданады
Аукцион 25 қыркүйекте сағат 10:00-де басталады. Өтінім қабылдау сол күні 09:55-те аяқталады. Кепілдік жарна мөлшері — 1 913 911 500 теңге.
Сауда бағаны көтеру әдісімен өтеді. Жалғыз қатысушы бастапқы бағаны растаса, нысанды соған сатуға рұқсат етіледі. Демек, 12,76 млрд теңге — бастапқы баға, ал мәміленің түпкілікті сомасы аукцион нәтижесіне байланысты болады.
Елдегі қонақүй бизнесі мен туристік инфрақұрылымның дамуы туралы Қазақстан туризмге қанша инвестиция тартып жатқаны және қандай халықаралық қонақүй жобалары іске қосылатыны жөніндегі материалымыздан білуге болады.