Елордада жасыл кеңістіктер біріктіріледі.
Есіл өзені бойында саябақтар, серуендеу және спорт аймақтарын байланыстыратын үздіксіз жасыл бағыт құру жоспарланып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Астананы абаттандыру жұмыстарының барысы туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қала әкімі Жеңіс Қасымбек баяндады. Мемлекет басшысы жауапты мемлекеттік органдар басшыларының есептерін тыңдады.

Жыл соңына дейін 170-тен астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, соңғы жылдары Астанада 500-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылған.
2026 жылдың соңына дейін тағы 170-тен астам аула мен қоғамдық аймақты ретке келтіру жоспарланып отыр. Олардың қатарында саябақтар, скверлер мен бульварлар бар.
Қалада көгалдандырумен қатар, әр аудандағы қоғамдық кеңістіктерді өзара байланыстыруға басымдық берілмек.

Есіл бойындағы саябақтар бір бағытқа біріктіріледі
Президентке Есіл өзені бойында бірыңғай қоғамдық және рекреациялық кеңістіктер жүйесін қалыптастыру жұмыстары туралы да мәлімет берілді.
Жоба аясында қаланың әр бөлігіндегі саябақтар, серуендеу орындары мен спорт аймақтарын жалғайтын үздіксіз жасыл бағыт құру көзделген.
Бұл тәсіл жеке-жеке абаттандырылған аумақтарды біртұтас қалалық желіге біріктіруге мүмкіндік береді.

Тоқаев граффитиге қарсы қатаң шара қабылдауды тапсырды
Мемлекет басшысы абаттандырылған аумақтар мен қоғамдық ғимараттарды сақтау мәселесіне де тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке қоғамдық ғимараттардың қабырғаларын граффитимен бүлдіруге әрекет жасайтын адамдарға қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырды.
Президенттің пікірінше, мұндай әрекеттерге Қазақстан қалаларында жол берілмеуі тиіс. Ол сондай-ақ муниципалдық аумақтардың келбетін бұзатын мұндай «шығармашылыққа» толық тыйым салу үшін заңнамалық және нормативтік шаралар қабылдау қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы мұндай әрекеттерді вандализм мен қасақана бұзақылықтың көрінісі ретінде бағалады.

Қазақстан бойынша 10 мыңға жуық заңсыз қоқыс орны жойылған
Тағы бір баяндаманы Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров жасады.
Оның мәліметінше, «Таза Қазақстан» бастамасы жүзеге асырылған кезеңде ел бойынша 2 мыңнан астам экологиялық іс-шара өткізілген.
Осы жұмыстар аясында 3,8 миллион тоннадан астам қалдық жиналып, 10 мыңға жуық қоқыс орны жойылған.
Астанадағы жаңа саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерді дамыту енді оларды сақтау шараларымен қатар жүреді. Бұл ретте билік көгалдандыру мен абаттандыруға ғана емес, қалалық нысандарды вандализмнен қорғауға да назар аударып отыр.
Бұған дейін біз елордадағы қоғамдық кеңістіктерді жаңарту және абаттандыру тәсілдерінің қалай өзгеріп жатқанын жазған едік.
