Армия қатары 67 офицермен толықты.
Ақтөбеде Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының 29-шы түлектеріне алғашқы офицерлік атақ берілді. Биыл оқу орнын 42 ұшқыш пен 25 инженер тәмамдады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Салтанатты рәсім Ақтөбе облысы әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңда өтті. Жас лейтенанттарға дипломдар мен төсбелгілер табысталды.

42 ұшқыш пен 25 инженер қызметке аттанады
Биылғы шығарылымда авиациялық мамандар басым. Институттан 42 ұшқыш пен 25 инженер түлеп шықты.
Салтанатты шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының орынбасары авиация генерал-майоры Руслан Қоңыров, әскери институттың профессорлық-оқытушылық құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері, түлектердің ата-аналары мен жақындары қатысты.
Руслан Қоңыров жас офицерлердің алдында кәсіби даярлықпен қатар командирлік жауапкершілік тұрғанын айтты.
«Отан қорғаушы мамандығын таңдау – өмір жолындағы абыройлы шешім. Сіздердің міндеттеріңіз – аға буын офицерлерінің ерлігі мен батылдығын үлгі ету. Ол үшін өз ісін жетік білетін кәсіби маман ғана емес, нағыз командир әрі тәлімгер болу қажет. Қызметте табандылықтың өнегесін көрсетіңіздер», – деді авиация генерал-майоры Руслан Қоңыров.
Диплом алған күні сүйіктісіне ұсыныс жасады
Түлектер үшін бұл күн әскери қызметтің жаңа кезеңін бастаса, лейтенант Мыңжасар Қуаныш үшін тағы бір ерекше оқиғамен есте қалды.
Салтанатты рәсім кезінде жас офицер сүйіктісі Әйгерімге үйленуге ұсыныс жасады. Бойжеткен оның ұсынысын қабыл алды.
Осылайша диплом мен алғашқы офицерлік атақ алған күн жас лейтенант үшін отбасылық өмірдің де бастауына айналды.

Институт 5 мыңнан астам маман даярлаған
Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институты тек Қорғаныс министрлігі үшін кадр даярламайды. Оның түлектері Төтенше жағдайлар және Ішкі істер министрліктерінде, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүйесінде қызмет етеді.
Оқу орнының тарихы 1974 жылы Ақтөбеде азаматтық авиацияның жоғары ұшу училищесі құрылған кезден басталады. 1996 жылы ол Талғат Бигелдинов атындағы Ақтөбе жоғары әскери авиациялық училищесі болып қайта құрылып, алғашқы офицерлер 1998 жылы түлеп шықты.
Содан бері институт 5 мыңнан астам маман даярлап, сапқа қосқан.

Әскери авиацияға қызығушылық жоғары
2026 жылғы қабылдау науқанында Әуе қорғанысы күштері әскери институтына 525 талапкер құжат тапсырған. Үміткерлер арасында «Әскери ұшқыш» және «Әскери медицина» бағыттарына сұраныс жоғары болды. Биыл «Авиацияны тылдық қамтамасыз ету» және «Әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз ету» мамандықтарына да алғаш рет қабылдау ашылды.
Институттағы даярлық аудиториядағы сабақпен шектелмейді. Төртінші курс курсанттары L-39 оқу-жаттығу ұшақтарымен практикалық ұшу дайындығынан өтеді. Бұл кезеңде болашақ әскери ұшқыштар тренажерларда алған білімін нақты әуе жағдайында қолданады.
Бұған дейін біз болашақ әскери ұшқыштардың аудиториядан L-39 кабинасына дейінгі даярлық жолы туралы жазған едік. Курсанттар алғашқы практикалық ұшуларын әскери ұшқыш-нұсқаушылардың жетекшілігімен орындайды.
