Қолбасшы оқушылармен кездесті

814
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Оралда болашақ Отан қорғаушыларға ерлік сабағын өткізген «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, полковник Нариман Ақбаров жас ұрпаққа өз өмір жолын үлгі етті.

Отанды сүю, елге адал қызмет ету, туған жердің тыныштығы мен болашағына жауапкершілікпен қарау. Осы мақсатта Орал қаласындағы №7 жалпы білім беретін мектеп-лицейінде болашақ Отан қорғаушыларға арналған тағылымды кездесу өтті.

Мектеп оқушыларымен кездескен Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, полковник Нариман Алмабекұлы Ақбаров ерлік сабағын өткізіп, жасөспірімдермен ашық әрі мазмұнды әңгіме жүргізді.

Кездесудің басты мақсаты – оқушыларға әскери қызметтің маңызын түсіндірумен қатар, олардың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік, тәртіп пен елге қызмет ету сияқты құндылықтарды қалыптастыру. Жиын барысында Ұлттық ұлан әскерінің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі міндеттері, әскери қызметтің ерекшеліктері және Отан алдындағы азаматтық борыш туралы кеңінен сөз болды.

Алайда бұл кездесудің ерекшелігі – полковник Нариман Ақбаровтың әскери қызметтің қыр-сырын жай ғана баяндап қоймай, өзінің өмір жолын оқушыларға үлгі ретінде жеткізуі еді.

Қолбасшы бала кезінен әскери қызметші болуды армандағанын айтып, сол арманға жету үшін мектеп қабырғасында жақсы білім алуға, тәртіпті болуға және алдына қойған мақсатына табандылықпен ұмтылуға күш салғанын жеткізді. Мектепті жақсы аяқтап, әскери оқу орнына түсіп, кәсіби әскери білім алған ол бүгінде Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына басшылық жасап отырғанын атап өтті.

– Мен бала кезімнен әскери қызметші болуды армандадым. Сол арманымның орындалуы үшін мектепте жақсы оқуға тырыстым, алдыма мақсат қойдым. Кейін әскери оқу орнына түсіп, осы мамандықты таңдадым. Әскери қызмет жолында аянбай еңбек еттім. Бүгінде Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қолбасшылық ету – мен үшін үлкен жауапкершілік. Өз өмір жолым арқылы сіздерге айтқым келетіні – арманға жетуге болады. Ол үшін білім, еңбек, тәртіп және табандылық қажет, – деді полковник Нариман Ақбаров.

Қолбасшы жасөспірімдерге ең алдымен білімге ұмтылудың маңызын түсіндірді. Оның айтуынша, елдің ертеңі бүгінгі мектеп оқушыларының алған білімі мен қалыптастырған азаматтық ұстанымына байланысты.

– Қай саланы таңдасаңдар да, сол мамандықты терең меңгеруге ұмтылыңдар. Жақсы білім алып, өз ісінің кәсіби маманы болуға талпыныңдар. Әрқайсың еліміздің дамуына өз үлестеріңді қоса аласыңдар. Елге қызмет ету тек әскери мамандықпен шектелмейді. Қай салада еңбек етсеңдер де, жұмыстарыңды адал әрі сапалы атқарсаңдар, бұл – Отанға қызмет етудің бір көрінісі, – деді ол.

Ерлік сабағы барысында оқушылар да белсенділік танытып, Ұлттық ұланның қызметі, әскери бөлімдердің күнделікті тыныс-тіршілігі, әскери мамандықтар мен қызмет өткеру тәртібіне қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.

Жасөспірімдердің әскери қызметке деген қызығушылығы олардың қойған сауалдарынан да анық байқалды. Қолбасшы оқушылардың әр сұрағына жауап беріп, әскери қызметтің жауапкершілігі мен ерекшеліктерін нақты мысалдар арқылы түсіндірді.

Тағылымды кездесудің соңында мектеп фойесінде Ұлттық ұланның қару-жарақ, әскери қызметшілердің киім үлгілері және жабдықтары қойылған көрме ұйымдастырылды. Оқушылар әскери жарақтардың ерекшеліктерімен танысып, Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қызметтік міндеттері туралы қосымша ақпарат алды.

Сондай-ақ жасөспірімдерге Ұлттық ұланның ведомстволық басылымдары – «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналы, әскердің тарихы мен бүгінгі қызметі туралы кітаптар таныстырылды.

Ерлік сабағының тағы бір маңызды сәті – кездесуге белсенді қатысып, өздерінің білімге және әскери қызметке деген қызығушылығын танытқан оқушыларға қолбасшы алғысын білдіріп, өзінің атынан Алғыс хаттар табыстады.

Бұл – жасөспірімдер үшін үлкен құрмет әрі олардың қоғамдық белсенділігін одан әрі арттыруға берілген ерекше ынталандыру болды.

Ел ертеңін қалыптастыратын жас буынға бағыт-бағдар беретін мұндай кездесулердің тәрбиелік мәні зор. Өйткені Отанға деген сүйіспеншілік, елге қызмет етуге деген ұмтылыс пен азаматтық жауапкершілік бір күнде қалыптаспайды. Ол отбасындағы тәрбие, мектептегі білім және өмірлік өнегемен сабақтасып қалыптасады.

Сондықтан болашақ Отан қорғаушыларға арналған бұл ерлік сабағы оқушылар үшін әскери қызмет туралы ақпарат беретін кездесу ғана емес, өз армандарына сенуге, білім алуға және ел болашағына жауапкершілікпен қарауға үндеген тағылымды сабақ болды.

Ертуған Әубәкір

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -