1243
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Егіздер – табиғаттың ерекше сыйы. Олардың бір-біріне деген бауырлық байланысы, өзара түсіністігі мен қолдауы көпшілікке қызық көрінеді. Ал егіз бауырлардың бір сапта тұрып, бір Отанға қызмет етуі – одан да ерекше көрініс.

Бүгінде құқықтық тәртіп әскерінің 5514 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген қатардағы жауынгерлер Бақдәулет пен Нұрдәулет Жақсылық – сондай егіз сарбаздардың қатарында.

Екі сарбаз да 2026 жылғы көктемгі шақырылыммен Түркістан қаласынан әскери қызметке келген. Олар 2007 жылғы 14 желтоқсанда Түркістан облысы, Шардара ауданы, Қоссиет ауылында дүниеге келген. Егіздердің үлкені – Бақдәулет. Ол Нұрдәулеттен небәрі 15 минут бұрын дүниеге келген. Алайда осы 15 минуттың өзі ағалық жауапкершілікті сезінуге жеткілікті секілді.

Бақдәулет пен Нұрдәулет көпбалалы отбасында тәрбиеленген. Әкелері Бұқарбай мал шаруашылығымен айналысып, отбасының нәсібін маңдай терімен тауып келеді. Аналары үй шаруасында болып, балаларына тәлім-тәрбие беріп, шаңырақтың берекесін сақтап отыр. Бес ағайындының арасында өскен егіздер бала кездерінен бір-біріне сүйеніш болып, қиындықты бірге еңсеріп, қуанышты бірге бөлісіп келеді.

Екеуі де арнайы орта білім алған. Бақдәулет автоэлектрик, ал Нұрдәулет дәнекерлеуші мамандығын меңгерген. Бұл мамандықтардың өзі олардың еңбекке бейімділігін, техникаға деген қызығушылығын аңғартады. Бос уақыттарында көкпармен айналысып, ат спортына қызығады. Сонымен қатар екеуінің де автокөлікке деген әуестігі ерекше.

Әскерге келген алғашқы күндерден бастап егіздер көпшіліктің назарын аударды. Әсіресе кіші командирлер оларды бір-бірінен ажыратуда біраз қиындық көрген. Сыртқы ұқсастықтары ғана емес, мінез-құлықтары мен жүріс-тұрыстарындағы ұқсастық та таңғалдырады. Кейде олардың қайсысы Бақдәулет, қайсысы Нұрдәулет екенін ажыратудың өзі шағын «сынаққа» айналған.

Егіздердің өздері айтқандай, олардың арасында ерекше байланыс бар. Бір-бірінің көңіл күйін алыстан-ақ сезетінін, тіпті біреуі ауырып қалса, екіншісінің де оны сезіп қоятын кездері болатынын айтады. Бұл – егіздерге тән ерекше сезімталдықтың бір көрінісі.

Әскери қызметке олар өз еріктерімен келген. Бүгінде бір-біріне үнемі қолдау көрсетіп, қажет кезде көмектесіп жүреді. Әскери ортаға да тез бейімделген. Алғашқы күннен бастап қатарластарымен жақсы қарым-қатынас орнатып, әскери ұжымға етене араласып кеткен. Ашық мінездері мен қарапайымдылығы олардың жолдастарының арасында сыйластыққа ие болуына себеп болды.

Қазіргі таңда қос сарбаз әскери қызмет барысында өздерін тек жақсы қырларынан көрсетіп келеді. Әскери тәртіпті сақтап, қойылған міндеттерді жауапкершілікпен орындауға тырысады. 5514 әскери бөлімінде қызмет етіп жатқандарына қуанышты екенін айтып, әскери бөлімде сарбаздарға барлық жағдай жасалғанын ерекше атап өтеді.

Олардың өмірдегі ең үлкен мақсаттарының бірі – ата-анасының маңдай терін ақтап, ақ сүтін өтеу. Әсіресе әке-шешелерін қасиетті Меккеге Ұмра қажылығына жіберу – егіздердің жүрегіндегі үлкен арман. Бұл арман олардың ата-анаға деген құрметі мен перзенттік парызды терең сезінетінін көрсетеді.

«Отанды сүю – отбасынан басталады» деген сөз бар. Ата-ананың берген тәрбиесі, туған жерге деген сүйіспеншілік пен ел алдындағы жауапкершілік – азаматтың бойындағы асыл қасиеттерді қалыптастырады. Бақдәулет пен Нұрдәулеттің әскери қызметке өз еріктерімен келуі де осы тәрбиенің нәтижесі болса керек.

Екі жүрек, бір тағдыр, бір мақсат. Бүгінде Жақсылықтар отбасының егіз ұлдары туған жерден жырақта жүріп, Отан қорғаушы деген қасиетті міндетті абыроймен атқарып келеді. Олар үшін әскери қызмет – тек борыш емес, ер азамат ретінде қалыптасатын маңызды өмір мектебі.

Осындай елін сүйген, Отан алдындағы міндетін жауапкершілікпен атқаратын жас сарбаздар барда, еліміздің ертеңі еңселі, көк байрағымыз көгімізде, бейбіт өміріміз баянды боларына сенім мол.

Кіші сержант Нүргүл Сейдахметова, Талдықорған қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -