Қауіптің басым бөлігі кішкентай балаларға төнеді. Астанада терезеден құлау оқиғаларында зардап шегетіндердің көбі 2–4 жаста, ал шамамен әр төртінші жағдай москиттік тормен байланысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметіндегі брифингте Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Асылан Уакишев, Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Қарыбаева және Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Марат Өмірбаев мәлімдеді.

Астанада балалар саны жыл сайын 20 мыңнан астамға өседі
Елордада бүгінде 545 мыңнан астам бала тұрады. Ресми мәлімет бойынша, олардың саны жыл сайын 20 мыңнан астамға артып келеді.
Сондықтан балалардың тұрмыстық қауіпсіздігі қала үшін ауқымды міндетке айналған. «Қазақстан балалары 2026–2030 жылдарға» тұжырымдамасы аясында елордада «Баланың қауіпсіздікке құқығы» бағыты бойынша 40-тан астам іс-шараны қамтитын өңірлік жоспар бекітілді.
Оның жеке бағыты балалардың терезеден құлауына жол бермеуге арналған.
Әр төртінші жағдай москиттік тормен байланысты
Мамандардың мәліметінше, терезеден құлау балалар арасындағы жарақаттану мен өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып отыр. Зардап шеккендердің басым бөлігі — 2–4 жастағы балалар.
Негізгі қауіптің бірі — москиттік тор. Шамамен әр төртінші жағдайда бала торды итеріп жіберген.
Мұндай конструкция жәндіктерден қорғауға арналғанымен, баланың салмағын көтеруге есептелмеген. Сондықтан москиттік торды терезедегі қорғаныс құрылғысы ретінде қабылдауға болмайды.
«Тәжірибе көрсеткендей, көп жағдайда балалар ересектердің тиісті бақылауынсыз қалған кезде терезеден құлап кетеді. Москиттік торлар да ерекше қауіп төндіреді. Әрбір төртінші жағдай шамамен баланың москиттік торды итеріп жіберуі салдарынан болған. Мұндай торлар салмақ түсіруге арналмаған және құлаудан қорғай алмайды», — дейді мамандар.
Әлеуметтік осал отбасыларға 1 700 құлып қойылды
Қалада 2026 жылға арналған балалардың терезеден құлауын болдырмау жоспары іске асырылып жатыр.
«Қауіпсіз терезе» акциясы аясында жыл басынан бері Төтенше жағдайлар департаменті көппәтерлі үйлерде 500-ден астам аралау жүргізген. Ақпараттық стендтерге 13 мыңнан астам жадынама орналастырылып, түсіндіру жұмыстарымен шамамен 17 мың тұрғын қамтылды.
Әлеуметтік осал отбасылардың пәтерлеріне 1 700 қауіпсіздік құлпы орнатылған.
Бұдан бөлек:
- 110 білім беру ұйымындағы дәрістерге 6 мыңнан астам оқушы қатысты;
- 100 балабақша мен мектеп жанындағы лагерьде профилактикалық сабақ өткізілді;
- 4–10 қыркүйек аралығында балабақшаларда шамамен 150 терезе блокираторы орнатылды;
- жазғы профилактикалық шаралармен шамамен 10 мың адам қамтылды;
- ата-аналарға үйдегі қауіпсіздікті тексеруге арналған 5 мыңға жуық чек-парақ таратылды.
Қауіпсіздік жөніндегі материалдар ата-аналардың WhatsApp топтарына, МИБ және ПИК чаттарына да жіберіліп жатыр.
Ақпарат 3 мыңнан астам тұрғын үй чатына таратылады
Полиция департаменті де тұрғындармен профилактикалық жұмысты жалғастырып отыр. Ақпараттық материалдар елордадағы 3 мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үйдің чаттарында таратылады.
Сонымен бірге еңбек ұжымдарында балалар қауіпсіздігіне арналған қысқа түсіндіру кездесулері өткізіліп, ашық терезе мен москиттік тордың қаупі туралы бейнематериалдар әзірленген.
Ата-аналарға арналған «Білім базасында» балалардың құқықтары, ата-аналардың міндеттері, оларды тиісінше орындамаған жағдайда көзделетін жауапкершілік және психологиялық көмек алу мүмкіндіктері туралы ақпарат жинақталған.
Терезе жанындағы жиһаз да қауіп тудырады
Мамандар ата-аналарға үйдегі қауіпсіздікті бірнеше қарапайым әрекеттен бастауды ұсынады:
- кішкентай баланы қараусыз қалдырмау;
- терезеге қауіпсіздік құлпы немесе блокиратор орнату;
- жиһазды терезеге жақын қоймау;
- баланың терезе алдында және балконда ойнауына жол бермеу;
- москиттік торды құлаудан қорғайтын құрал деп есептемеу.
Мұнда жиһаздың орналасуы да маңызды: орындық, диван немесе басқа зат баланың терезе алдына өздігінен көтерілуін жеңілдетуі мүмкін.
Астанада бұл қауіп бұған дейін де көтерілген. Сәуір айында мамандар жылы маусым басталғанда ашық терезелермен байланысты қауіп артатынын ескерткен еді. Ол кезде де негізгі тәуекелдер қатарында балаларды қараусыз қалдыру, қорғаныс құрылғыларының болмауы және москиттік торға сену аталған.
Бұған дейін біз Астанада балалардың терезеден құлау қаупі неге күшейетіні туралы жазған едік. Сол материалда да мамандар терезелерге арнайы қауіпсіздік құлыптарын орнатуға және жиһазды терезеден алыс қоюға кеңес берген.