«Орны толмас қаза»: Қорғаныс министрі қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларымен кездесті

803
Фотосурет: Gov

Министр қаза тапқан сарбаздардың отбасыларымен кездесті.

Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына барып, көңіл айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ведомство басшысы Қорғаныс министрлігі отбасыларды қайғымен жалғыз қалдырмайтынын және оларға қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді.

Министр төрт сарбаздың отбасына барды

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Мейрамбек Бердіханов, Азамат Мәдіхан және Дастан Бегей Жаңаөзен қаласынан, ал Мирас Тұрдыбекұлы Жетібай ауылынан мерзімді әскери қызметке шақырылған.

Ведомство олардың әскери қызмет барысында жауапкершілік пен тәртіп танытып, әскери борыштарын адал атқарғанын хабарлады.

Дәурен Қосанов қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, олардың қайғысына ортақ екенін жеткізді.

«Олар біз үшін жай ғана әскери қызметшілер емес – біздің қаруластарымыз, ұлдарымыз бен бауырларымыз. Олардың қазасы – барша Қарулы күштер үшін орны толмас ауыр қаза. Біз туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, осы қиын кезеңде олармен бірге боламыз», – деді Қорғаныс министрі.

Отбасыларға қажетті көмек көрсетіледі

Министрдің айтуынша, Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларымен тұрақты байланыста болады.

Оларға жан-жақты көмек көрсетіліп, туындаған мәселелерді шешуге қолдау жасалмақ.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі де қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті жан-жақты, соның ішінде материалдық және психологиялық көмек көрсетілетінін мәлімдеген.

Каспийдегі трагедияда 14 әскери қызметші қаза тапты

Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында оқу-жауынгерлік міндетті орындау кезінде болды.

Ресми мәлімет бойынша, 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен. Үш адам құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты. 25 қыркүйекте із-түзсіз жоғалған соңғы екі әскери қызметшінің — сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денесі табылғаннан кейін іздестіру-құтқару операциясы аяқталды.

Осы оқиғаға байланысты 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Қаза тапқан әскери қызметшілердің есімі туған-туыстарының, жақындарының және қаруластарының жадында сақталатынын Қорғаныс министрлігі атап өтті.

Бұған дейін біз Каспийдегі іздестіру операциясының аяқталғаны және қаза тапқандар саны 14 адамға жеткені туралы жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -