Астанада 800 адам 25 шақырымдық велошеруге қатысты

616
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: Gov

Астанада веломаусым аяқталды. Еңбек күніне арналған қорытынды жаппай велошеруге 800-ге жуық тұрғын қатысып, 25 шақырымдық бағытты жүріп өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

«Менің жетістігім – менің нәтижем» атты велошеру «Заң мен тәртіп» акциясы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Қатысушылар айналма веложолдан Қосшы қаласына қарай қозғалып, Үркер тұрғын алабындағы «Жасыл белдеу» саябағында мәреге жетті.

Веломаусымның жабылуы: Астанада Еңбек күніне орай велошеру өтті

Биыл бес велошеруге 5 мыңнан астам адам қатысты

Бұл елордадағы биылғы бесінші жаппай велошеру болды. Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербайдың айтуынша, осы жарыспен қаланың веломаусымы ресми түрде аяқталды.

«Бүгінгі іс-шара веломаусымның жабылғанын білдіреді. Жалпы жыл басынан бері Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен бес жаппай велошеру өтіп, оған елорданың 5 мыңнан астам тұрғыны қатысты. Бұл қорытынды іс-шара болғандықтан, оны жаз бойы велосипед тепкен, велосипед тебуді үйренген немесе жаппай велошерулерге қатысқан барлық қала тұрғыны үшін маусымның соңғы велошеруі деуге болады. Оларға кәсіби спортшылар ғана емес, қаламыздың кез келген тұрғыны қатыса алады», – деді Ержігіт Өсербай.

Веломаусымның жабылуы: Астанада Еңбек күніне орай велошеру өтті

Орта есеппен алғанда, биылғы бес жаппай велошерудің әрқайсысына мыңнан астам адамнан келген. Бұл жолғы қорытынды жарысқа 800-ге жуық тұрғын қатысты.

25 шақырымдық бағыт Үркердегі «Жасыл белдеуде» аяқталды

Қатысушыларға 25 шақырым жүру қажет болды. Старт айналма веложолда беріліп, бағыт Қосшы қаласына қарай жалғасты.

Мәре Үркер тұрғын алабындағы «Жасыл белдеу» саябағында орналасқан.

Веломаусымның жабылуы: Астанада Еңбек күніне орай велошеру өтті

Жаппай велошерулердің форматы кәсіби жарыстан ерекшеленеді. Оған спортшылармен бірге велосипед тебуді енді бастаған қала тұрғындары да қатыса алады.

12 жастағы астаналық Батыр Жабай үшін мұндай шаралардың басты ерекшелігі – жүздеген адамның бір бағытта бірге жүруі.

«Маған ең ұнайтыны – көп адамның бір уақытта велосипедпен жүрген кезіндегі атмосфера. Ерекше көңіл-күй орнап, одан әрі жүре бергің келеді», – деді Батыр Жабай.

Веломаусымның жабылуы: Астанада Еңбек күніне орай велошеру өтті

Велосипедті бір күн бұрын сатып алып, жүлде ұтып алды

Кейбір астаналықтар үшін маусымның соңғы велошеруі алғашқы тәжірибеге айналды.

Әсел Ағайдарова жарысқа жолдасымен бірге алғаш рет қатысқан. Ерлі-зайыптылар іс-шараға арнайы дайындалып, велосипедтерді бір күн бұрын ғана сатып алған.

Ал мәреде отбасы үшін күтпеген жаңалық болды — Әсел Ағайдарова велосипед ұтып алды.

Веломаусымның жабылуы: Астанада Еңбек күніне орай велошеру өтті

«Жолдасым екеуміз мұндай іс-шараға алғаш рет қатыстық. Ол үшін велосипедтерді тура кеше сатып алдық. Кіші ұлым жылдамдықпен жүретін велосипед алғысы келетінін айтқан еді. Өзім мүлде күтпедім, бірақ велосипед ұтып алдық! Енді үйге барып, оны қуантамыз. Ұйымдастыруы өте жақсы, қатысушылар сыпайы. Жаңадан қатысып жүргендер үшін де өте ыңғайлы болды, өзімді жайсыз сезінбедім. Бағыт көрсететін белгілер болды, әр қатысушыға медаль берілді. Әлі де міндетті түрде қатысамыз», – деді Әсел Ағайдарова.

Іс-шараны елорда әкімдігінің қолдауымен Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды.

Биыл елордадағы жаппай велошерулер спортпен ғана шектелген жоқ. Бұған дейін DKNews.kz Астанада Спорт күніне орай өткен 21 шақырымдық велошеруге мыңға жуық адамның қатысқанын жазған еді. Сол жолы қатысушылар велошеруден кейін «Таза Қазақстан» аясында жасыл белдеуді тазартуға атсалысқан.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -