Қариялар таңды жаттығумен бастады. Астанада Қарттар күніне орай 70-ке жуық аға буын өкілі «Нұрлы жол» вокзалының алаңына жиналып, музыка ырғағымен бірге дене жаттығуларын орындады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Флешмобты Сарайшық ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп ұйымдастырды. Қарттар күні қарсаңында елордада аға буынның белсенді өмір салтын қолдауға арналған бірнеше спорттық және мәдени іс-шара өтіп жатыр.

Мыңнан астам қария Сарайшықтағы орталыққа тіркелген
Флешмобтың басты көрсеткіші оған қатысқан 70-ке жуық адаммен шектелмейді. Сарайшық ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына қазірдің өзінде мыңнан астам аға буын өкілі тіркелген.
Орталықтың Сарайшық ауданы бойынша бөлім басшысы Ақсұлу Шайдоллақызы мұндай шаралардың дәстүрге айналғанын айтты.
«Қарттар күніне орай Астана қаласының Сарайшық ауданы әкімшілігі жыл сайын осындай шара өткізеді. Биыл да осы іс-шара жалғасын тауып отыр. Бүгінгі таңда Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына Сарайшық ауданы бойынша мыңнан аса қарттар тіркелген», — деді Ақсұлу Шайдоллақызы.

Елордада белсенді ұзақ өмір сүру бағдарламалары тек Сарайшық ауданымен шектелмейді. Мәселен, бұған дейін Нұра ауданындағы би үйірмесіне 111 зейнеткер тұрақты қатысатыны, ал қаланың барлық алты ауданындағы филиалдарда 500-ге жуық аға буын өкілі бимен айналысатыны хабарланған.
Қариялар «Нұрлы жол» алаңында таңғы жаттығу жасады
Флешмобтың форматы қарапайым болды: қатысушылар музыка ырғағымен бір мезетте дене шынықтыру жаттығуларын орындады.
Астана тұрғыны Мұрат Манханов мұндай шараларға жыл сайын қатысуға тырысатынын айтты.

«Таңғы жаттығу Сарайшық ауданы әкімшілігінің ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Бұл қарттар мерекесіне орай өткендіктен, дене жаттығуларын жасадық. Белсенді түрде қатысып отырмыз. Жыл сайын осындай шарадан қалмауға тырысамыз», — деді Мұрат Манханов.
Қарттар күні қарсаңында спорттық флешмобтар елорданың басқа аудандарында да ұйымдастырылып жатыр. Есіл ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының 100-ге жуық өкілі «Қарттар – біздің қазынамыз» атты жыл сайынғы спорттық флешмобқа қатысты.

Астанада белсенді қарттыққа арналған шаралар көбейді
Елордадағы мерекелік бағдарлама жаттығулармен ғана шектелмейді. Аға буын өкілдері би, зияткерлік сайыстар мен мәдени іс-шараларға қатысып жүр.
Қарттар күні қарсаңында Нұра ауданында Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығына арналған зияткерлік ойын ұйымдастырылды. Оған Астананың бес ауданынан командалар қатысты.
Бұған дейін біз Астананың алты ауданынан келген зейнеткерлердің «Әсем қимыл – әдемі ғұмыр» би фестивалінде бақ сынағаны туралы жазған едік. Онда ұлттық, классикалық, заманауи және әлем халықтарының билері орындалып, Сарайшық ауданының «Сымбат» тобы бірінші орын алған.